Кенесары—Наурызбай хақындағы аңыздар (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Жаудан аман-есен құтылды. Бұрынғылардың «таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» дегені осы. Кенесары бақсыздықтан еңбегі еш, тұзы сор бола берді де, орыс ілгері басып бағы қайтпай тұрған күйінде талай талпынса да бір ілгері бастырмай бетін қайтара берді. Жұрттан бөлек, шеттен қарғып түскендіктен Толабайға «Жеке батыр» деген ат сол жолы қойылған. Қырғыз соғысында Шәкір мен Жәуке, Толабай дегендегі Толабай осы Жеке батыр атанған Толабай болатын. Шакір—ноғай, Жәуке—арғын, тоқал арғыннан толас деген табынан шыққан.
Кенесары қуандық, сүйіндік, қаракесек, бес мейрамды соңынан ертіп алып Шу, Қаратауға ауамыз деп, Әліке, Байдалы, Сайдалы және төменгі Алтайдың басшысы болған Аққошқар Сайдалының Сүйін Жарқынын ертіп, «Азынабай Сапақ» атанған Азынабайға келеді. Орысқа қарап бағынып қойған Азынабай балалары Тайжан қазы, Сейтен болыс еді. Болыстық қазылықты керек қылған жоқ, Кенесарыға еріп ауды. Алтай, Алда, Жұман байлар түйеге жүк етіп артқан жамбыларын көлге, суға төгіп кеткен. Қаржас та ауды, орманшы да ауды. Баянауылдың дуанбасы аға сұлтаны Поштай салдат алдырып, қазақ, орыс алдырып, айдабол күлікті қойдай қамап иіріп, аудырмай алып қалды. Қоңырқұлжа Қараөткелге аға сұлтан дуанбасы еді. О да орысты арқасүйеу, таяныш қылып, өз тілін алған қазақты алып қалды. Кейіннен Азынабай балалары елге қайтады. Елге барған соң, болыс пен қажылар оларды ұстап алып, Тайжанды ағашқа таңдырып аттырады да, Сейтенді айдатып жібереді.
Қырғыз Кенесарыға қарсыласып жатқан кезі еді. Патша өкіметі Аягөзден Кенесарымен соғысуға Нухалов деген жасауылды қосын қылып шығарған. Оған көп жігіт-желең мен Абылайұлы Сөк төре, Абылайдың тұңғышы Әділұлы Әлі төре, Сатыбайұлы Барақ төре, Шаңқайұлы Бөлен төре ерген екен. Өрдегі үйсін, найман тырп ете алмай орысқа бағынып қалған. Сол себепті Кенесары қамауды тастап, Шу бойына ауған. Нухалов Қызылағашты қыстаған. Ол сонда жатып қырғыздың манаптарына хат жазған. Оның хат жазған адамдары—бұғы руының Боман Ниязбекұлы, солты руынан—Жаңқараш Есқожаұлы. Хатында былай деген екен:
«Кенесарыға бағынбаңдар, көзін жоюға тырысыңдар, Кенесары сендерге де, патша өкіметіне де дұшман. Біздің патша өкіметі сендерге күш көмек береді Кенесарының көзін жоюға. Қолға түсіріңдер, шен-шекпен де беріледі»,—депті. Бұл хат қолдарына тиген соң, қырғыздар күшейген. Отыз ұлды Абылайдың тұқымы Кенесары, Наурызбайға қас болған.
Абылай ханның алғашқы бәйбішесі қарауыл қызы, онан туған ұл жоқ, жалғыз қыз болған. Ол қыздан туған Жамантай төре. Қарақалпақтан алған қатынынан туған Уәлі хан, Жәңгір сұлтан, Әділ сұлтан. Осы Әділді шүршітке ақ үйліге берген сұлтан екен. Әділден Нұралы, Нұралыдан Тезек төре болған. Тезек төре Шоқанның қайын атасы болған және Абылай қарауылдан қыз алған. Онан: Шығай, Тоғай, Сөк туған. Сөктен Жошы, Жошыдан Есмұхамбет Абылайханов туған. Қожа қызы қатынынан Қосым, Арық, Тоқ туған. Тоқтан Ыбралы туған. Онан туған Шалғынбай Қарқаралыға аға сұлтан болған.