Байсейіт (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Жұңғар қалмақтарының қазақ жеріне жасаған жойқын шабуылдарына қарсы үйсін тайпалары құрамында ұзақ жылдар бойы күресіп, төрт ботбайға ұран болған Сәмен батыр өзі жаугершілікке кеткенде, ауылға жастайынан соғыс өнеріне үйренген жиырма шақты бала жігіттерді қалдырып кетеді. Тойшыбек батыр өз ұлы Байсейітке: «Өз қатарыңа бас бол, әр қалай соғыс өнерін үйрендің ғой»,—деп табыстайтын. Ауылдың ер-азаматтары жаугершілікке кеткеніне екі-үш айдың жүзі болғанда, қой жайып жүрген бір бала жүз қаралы адамның Ащысайға түсіп, шатырларын тігіп, жайғасып жатқанын көріп «не де болса білейін» деп, маңайларына барып тың-тыңдап көреді.
Олардың сөздерінен, үстеріндегі киімдерінен қырғыздар екенін таниды. Басшыларының ақбоз атқа мініп жүргенін, күні ертең қазақтар ауылдарына шабуыл жасайтындарын біледі.
Кіші Ащысайдағы қойларын тез ауылға айдап келген әлгі бала Байсейітке көргенінің бәрін айтады. Ертең ертелете бір бәленің болатынын олар іштей біліседі. Ол өз қатарлы бала жігіттерді жинап жіберіп, түн жамылып дайындыққа кіріседі. Ащысайдан шығатын жолдың екі жағынан әр адам кісі бойы шұңқыр қаздырады. Алыстан білінбейтін болсын деп, топырақтарына дейін бәрін жинап, төменге түсіріп тастайды. «Біз қапысыз келе жатқан жауға оқты жаудырамыз, мен Ақбоз атты басшысын атып түсіргенде, сендер жиырма шақты адамды атып түсіріңдер, екінші оқпен тағы жиырма адамды түсіріңдер, үшіншісінде дыбыс шығаратын оқпен атыңдар, оқтың даусынан олар көп екен»,—деп қашады.
Таң ата қырғыздар шабуылға шыға бастайды. Байсейіт жағы да соңғы дайындықтарын бітіріп, демдерін ішіне тартып, қырғыздардың жақындай түсуін күтеді. Олар садақ оғы жететін жерге жақындады-ау деген жерге жеткенде, Байсейіт алда келе жатқан ақбоз аттыны бірден түсіреді де, қалғандары да жаудың бір-біреуін түсіреді. Садақ оғы екінші рет атылғанға дейін не болғанын қырғыздар жағы білмей, аң-таң болысады. Олар өздерінен екінші топ адам түскенде барып өздерінің тосқауылға ұрынғанын біледі.
Қырғыздардың зәресі кетеді. Кейбіреулері тағы да оққа ұшып, кейін қарай сайға түсіп, оққа ұшқандарын да алып кетуге мұршалары келмей қаша бастайды. Байсейіттер Кіші Ащысайдағы аттарына мініп қуғандарымен жете алмайды. Олар қолға түскен ат, ер-тұрмандарын олжалап, ауылдарына келді. Ауылы тонаушылардан аман қалады. Байсейіттің атағы елге жайылып, батыр атала бастайды.
Қарақалпақтың жасы ұлғайып қалған батыры Құлшабайдың жалғыз қызы Апақайдың «қазақ, созақ бір туған, мені қоқандықтардың зорлығынан құтқарсын» деген сәлемін алғанда, Байсейіт Оңтүстікті жаудан құтқарып жүрген әскерлердің ішінде екен. Сәлемді жеткізген адамның айтуы бойынша, Қоқан бектерінің менмендіктерінің асқаны сонша, Құлшабайға: «Қызыңды берсең—қолыңнан, бермесең—жолыңнан, еліңді шауып қызыңды күң қылып аламын»,—дейді. Амалы таусылған қыз әкесі қоқандықтардан жиырма шақты күн мұрсат сұрап, той қамына кіріскенде, Апақай жігіттен хабар күтіп отыра береді. Бұл екі арада Байсейіттер қам жасап, қасына сайдың тасындай қырық шақты жігіттерді ілестіріп, жолға шығады.