Ботантай батыр (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Сарбаздар мен ел екі жігітті алқа қотан айнала қоршап тұр. Ботантай Қараүлек мылқауға жақындай бергені сол еді, анау иектің астын ала соғып жіберді. Соққының қаттылығы сонша—шалқалап барып, созыла құлады. Кенесарының жігіттері айғайлап жатыр. Жас батыр орнынан ұшып тұрып, енді кезек менікі шығар деген оймен алға қарай адымдап келе жатқанын көрген Кенесары таң-тамаша болып қайран қалды. Қараүлектің мұндай соққысына іліккен адам орнынан тұрмаушы еді. Тұрса да бие сауым уақыттан соң есін зорға жиятын. Ал мынау болса, шыбын шыққандай көрмей алаңсыз тұр.
Ендігі кезек менікі шығар деп жақындап, ыңғайлана бергені сол еді, Қараүлектің қолы тағы да маңдайынан сарт етті. Ол тағы да мұрттай ұшты.
—Бота, Бота, неге ұрғызасың, сен де ұр? Бұл төбелесте кезек жоқ,—деп шу ете қалды жиналғандар. Қараүлекті қолдаушылар Ботантай енді тұрмас деді ме үнсіз қалды. Осы сәтте Қарпықұлы Бекназар Ботантайды қолтығынан демеп жатып:
—Қарағым-ау, не болды? Мынау тұрған халыққа алтай-қарпықтың басын төмен игізіп, Тоғызбай атаңның сағын сындырып! Неге жуытасың жұдырығын? Темештің көкдолы бұқасын бір ұрғанда, миын ағызған жұдырығың қайда?—деді қатты күйініп.
Намыстанған Ботантай бар күшін жинап алып, Қараүлектің оң қолын сол қолымен қағып жіберіп, оң қолымен қазық ұрғандай төбеден соққанда, мылқау дәу екі тізесін бүгіп, жас батырдың аяғын құша құлады. Ботантай дәудің басын көтеріп қараса, аузынан қаны ағып жатыр екен. Сол кезде тамашалап қарап тұрған Бекмұрзаның Тоқашы, Бөрішінің Құдыманы, Темештің Алақайы, Рақымжанның Жиенбайы бар біраз ауыл жігіттері Ботантайды тік көтеріп әруақтап алып кетеді.
Жас батырдың күш-қуатына разы болған Кенесары Ботантайдың иығына шапан жауып, Қараүлектің төртбақ Қаракер атын алдына көлденең тартады.
... Кенесары Қасымұлы Бұғылыға келіп, Қоңырқұлжадан мінер ат, біраз адам сұрайды. Қоңыр сұраған жүз атын беріп: «Сарбаздыққа берер адамым жоқ, егер ел ішінде өз еркімен барамын дейтіндер болса, жолын бөгемеймін»,—дейді.
Кенесары осынысына да рахмет айтып, жиырма-отыз адамды ертіп кетеді. Еріктілер ішінде Қоңырдың Бекалысы, Ботантай, Арыс, Кенжеғұл, Ержан, Әбілғазы және төрелердің төлеңгіті аталып кеткен Үйсін тайпасының сіргелі руының ұрпақтары Тұрлыбек, Кенжебек Шобанұлдары, Асылбек Атымтайұлы бастаған біраз сарбаздар болды.
Осы жолы Ағыбай батырдың мың жарым сарбазымен Ботантай қыркүйек айында созақты жаудан босатады. Осы сапарда болу керек Жанғожа Жармұхамедов жас Ботантайды сынағаны. Бес-алты іріктелген жігіттерін алдына шығарып:
—Ботантай батыр бар болса, осы жігіттердің екеуін қол-аяғын байлап, Жанғожаның алдына алып барсын,—дейді.
Ботантай аттан түсе салып, жігіттерге ұмтылғанда, айбарынан сескенген әлгі мықтылар тарыдай шашылып, шегіне береді. Ботантай қолына түскен екі жігітті күректей алақанымен желкесінен бүре ұстап, екі жаққа атып жібереді. Естерінен тана қалған екеуін аттарына таңа байлап, Жанғожаға алып келеді. Ырза болған Жанғожа астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып, беліне Тәшкент ұстасы соққан қынды қылышты сыйға тартады.
Сол кезде жаппас руының бір ауылында Наурызбай батыр тынығып жатса керек. Қасында жүз шақты сарбазы ғана болса керек. Сондағы жансыздар Атығай мен Жанғабыл Наурызбайдың жігіттерін қымыз бен етке тойдырып ұйықтатып, орыс салдаттарын алып келіп қойдай қырғызған екен. Наурызбай бес-алты нөкерімен зорға қашып құтылып, Ағыбай, Ботантай, Саржан, Жанғожа тобына қосылады.
Наурызбай келген бетте Ботантайды көріп қайран қалып:
—Омбыға баратын бурасан батыр сен екенсің ғой, қырғыздар Манасты айтқанда сенбеуші едім, енді көзім жетті, нағыз Манас өзімізде бар екен,—деп қолын ұсынады. Екі батыр осылай табысқан екен.