Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сұлтан Сыдық төренің тарихы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Абылай қазақ ханы тарихта белгілі Абылай, үш жүздің баласының басын қосып, өз алдына ел-жұрт болмақ пікірінде қазақ ар-намысын жыртып, ақтабан шұбырындыда қалмақтар қолына өткен қазақтың өріс қонысын қайтару қамына кіріскен.

Бірінші мақсаты—өріс, қонысты қайтармақ. Екінші—барлық қазақты бытыратпай бас қосып ел-жұрт қылмақ болған. Сол мақсатпен қалмақтың соңына түсіп қазақтың қонысын қайтарып, қазақтың ежелгі дұшпаны болған қалмақты біржолата бас көтерместей қылған. Сөйтіп, бірінші мақсатын бітіргендей өзінің де өмірі ада болып, жетпіс жаста 1781 жылы Арыс өзенінің бойында Шымкент қаласынан жиырма бес шақырым «Хан қорғаны» деген жерде дүниеден қайтқан.

Абылай дүниеден қайтқан соң, орыс өкіметі қазақты қыса бастап, Көкшетау сияқты қазақтың орталық бөлік жеріне қала салған. Сөйтіп, қазақты патша өкіметі құлдыққа айналдыра бастаған соң, Абылайдың Қалмақ қатынының баласы Қасым бұл қорлыққа шыдамай, Абылайдың өмірі жетіп істей алмай кеткен екінші мақсатына кірісіп, Қоқан ханнан жәрдем алмақ болып, Есенгелді, Саржан деген балаларын Әулиеатаға жіберіп, өзі Түркістанға келген. Бұл уақытта Ұлы жүздің бірқатары Қоқанға қол басып тұрған кезі еді, сондықтан қазақтарды бізден ажыратып әкетеді деп Есенгелді мен Саржанды Әулиеатада өлтірген. Қасымның өзіне у беріп қонақта өлтірген. Қасымның оқуда жүрген кіші баласы Кенесарыны ұстап алып зынданға салған. Кенесары Қоқанның зынданынан шығып, ата жолын қуып қазақтың баласын құлдықтан құтқару жолында жүріп, 1847 жылы қырғыздар қолында опат тапқан.

Кенесары өлген соң қалған жас балалары өздеріне қарасты ең жас әйелімен бірнеше жыл Сарысу бойын отан қылғызған. Балалары өсіп, оң-солын танитын болған соң, Сарысуда жинап кеңес қылған. Бұл кеңесте жас төрелер қанша дегенмен мұсылман ғой: «Қоқанның жәрдеміне барайық, екі жақтап қысып жатқан мұсылман елін орыс патшасының құлдығынан құтқару үшін қылыш шабайық»,—деп, қасына жүздей жігіт алып, Әулиеатада тұрған Қоқан әскеріне келген. Әскербасы төрелерді хош алып: «Алматыдағы жатқан орыс әскерімен ұрысуға барамыз. Сіздер қазақ ханзадасысыздар, сондықтан барлық қазақ әскерін сендер бастап жүріңдер»,—деп бұларды ертіп аттанған. Мерке, Қарабалтадан өтерде төрелерге: «Сіздер қазақ ел жағдайын, жер жағдайын жақсы білесіздер, барлық қазақ датқалары мен әскерін ертіп ілгері барып орыстан хабар алып келіңдер, мен көп әскермен арттарыңнан жүреміз»,— деген. Бұған төрелер «жақсы, болады» деп барлық датқаларды қазақ әскерімен ертіп, Алматыға қарай жүре берген. Ұзынағаш деген жерге келгенде, қарт датқаларды көп қосынмен соңына қалдырып, төрелер өздері елден келген жүз шамалы жігіттерін ертіп, Алматыдан бір хабар алып келейік деп ілгері жүрген. Ол уақытта орыстар Алматыны алып, жаңадан орналасып қала салып жатқан кезі еді. Малын жайып қойып, өздері там тас салып, еш нәрседен бейхабар жатқан орысқа келіп тиіп, бірнешесін өлтіріп, бірнешесін тұтқынға алып, қанша малын қуып олжалап, кейінде қалған датқаларға келген. Бұл іске қазақ қуаныш қылып, Қоқан әскербасына тарту қыламыз деп өлген орыстардың бастарын түйеге артып, тұтқындарды малымен алып кейін қайтқан. Қоқан әскерінен ажыраған жерге келсе, әскер жоқ. Жергілікті елден сұрастырса, төрелерді қазақтармен ілгері жібере салып, Әмірлашкар барлық қосынын алып, кейін қайтып кеткен. «Қарабалта, Меркеде бізді күтіп жатқан шығар» деп, Қарабалта, Меркеге келсе, онда да тоқтамай Әулиеатаға кеткен. Артынан Әулиеатаға келсе, мұнда да тоқтамастан Ташкентке қарай жүріп кеткен. Әмірлашкардың төрелерді қазақтар мен орысқа алдап жұмсап жібергені әйгілі анықталған. Қоқан үкіметінен кеулі қалып, датқалармен қош айтысып, төрелер Сарысуға—еліне қайтқан.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз