Ботантай батыр (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Қоңырқұлжаның ауылы Бұғылыға Кенесары келеді. Қоңыр Кенесарымен қанша қырғиқабақ болса да, сыр білдірмей меймандостық көрсетіп қабылдайды, төрден орын береді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Қоңыр ат сұрай келген Кененің бетін қайтарса керек. Кенесары да «берсе—қолынан, бермесе— жолынан» дегендей Қоңырдың біраз малын айдап әкетеді. Онымен қоймай, менің қолыма қосыл деген тілек білдіреді. Орыс патшасының офицері Кенесарының бұл ұсынысына үзілді-кесілді қарсылық білдіреді. Екі төренің арасындағы кикілжің осылай басталса керек.
Бұл жолы Кенесары алдыңғы ісіне кешірім сұрап, енді жүз шақты сойыс малы мен мінер ат алмаққа келген екен. Үлкен әңгіме үстінде отырған екі төренің үстіне Бекалы мен Ботантай кіріп келеді. Ботантай төрде отырған аты аңызға айналған Кенесарыны көріп сәлем беріп, қос қолын ұсынады. Өмірінде мұндай алып жанды көрмеген төре, таңданғанын жасыра алмай екі қолын өзі де ұсынып, сәлемін ілтипатпен қабыл алады. Он алты-он жетіге жаңа толған балаң жігіттің қолына сұлтанның қолы көміліп кетеді.
—Балам, бойыңды жазшы, жөндеп бір көрейін? Бірнеше батырлар мен сарбаздарым бар, бірақ дәл сендей алыбы болған емес. Нөкерім де сенің қасыңда түйенің тайлағындай ма деймін. Шіркін, екеуің екі жағымда жүрсеңдер, адам түгілі табиғаттың да жел-суынан пана болар едіңдер,—дейді ағынынан жарылып.
—Ау, Кенесары, көлденеңді көк аттыға өңгертіп жіберетін тоқтым жоқ. Бұл жігіт аға-інідей болып кеткен Алтай ақсақалдың баласы Ботантай, менің ұлым Бекалы екеуі құрдас, бір жүреді. Ағасы Тұрсынбай, інісі Алдамжар үшеуі атқа қатар қонса, елімнің дауыл тосар терегі, сүйеніші,—дейді Қоңырқұлжа төре.
—Қоңыреке, олай болса, өзім үшін емес, халқымыздың біраз қалаулы азаматтары үшін маған қосыңыз. Іштегі орыстың қолында біраз жігіттер тұтқында отыр. Арасында жиенім Төрехан, Сәмекен, оның төлеңгіті Сәрсенбай, немерелес інісі Иса, Қошқарбай, осы отырған жұрттың жақындары бар. Соларды қолымдағы тұтқындарға айырбастап алмақпын,—деп Кенесары жұртқа қарап еді, туыстары тұтқында жүрген біраз ағайындары көздері жасаурап Қоңырқұлжаға қарады.
—Сен генерал-майор Генсті білесің,—деді біраз ойланып отырған Қоңыр.
—Білемін. Ол көшпенді қазақтарға ілтипатпен қарайтын офицер емес, бірақ Николай патшаға аты таныс. Лобанов деген офицерді ала барсам көнеді,—деді нық сеніммен.
—Жақсы, қасыңа біраз жігіттерді қосып, балам Бекалыны басшы қылып жіберейін. Тек қолға түсіп қалса, бар кінәні өз мойныңа аласың. Басқаша жағдайда арамызда қырғын болады, менің орыс офицері екенімді білесің,—деді түсін суытып Қоңыр.
Кенесары риза болып қол алысады да, тағы бір істің шетін шығарып:
—Жарайды, мырза, сіз қосқан жігіттерді көріп, сынақтан өткізсем қайтеді?—деп қулана жымиды. Қоңыр тілге келмей орнынан қозғалды. Далаға шыққан соң Кенесары Қараүлекті шақырып алып ымдап түсіндіреді.
Орыс қаласында жұдырықтасу деген сайыс болады, сол сайысқа Ботантай мен Қараүлекті шығарсақ қайтеді?—дейді.
Екі жігіт белуарына дейін шешініп ортаға шығады. Қараүлек те осал емес екен, аюдай алып денесін түк басып кеткен, бұлшық еттері қатпарланып ойнап тұр. Ботантай болса әлі жас. Бұлшық еттері білеуленіп біліне қоймаған. Әйтсе де ол Кенесарыға атан түйедей көрінеді. Көзім тиеді деді ме, кім білсін, ішінен күбірлеп жерге үш түкірінді.