Сұлтан Сыдық төренің тарихы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Қоқанның Қасымға, Кенесарыға қылғандары есіне түсіп, өздерін алдағанын көріп, Қоқанның бұларға ел болмастығына көздері жеткен. Ежелгі дұшпаны орыс болса, ол күнде екі жақтап бірі күншығыстан, бірі күн батыстан шығып Түркістанға ат қойған. Ортада аз елмен Кененің жас балалары қалған. Кіші жүздің жақсылары төрелермен орысқа күнбатысқа басшылық еткен. Ұлы жүздің Аққойлы, Құдайберген датқа сияқты шонжары орыстың күншығыс әскерінің шылауында болған/майор шен алған/. Аз елімен ортада қалған төрелер «қайтсек елімізді, қатын, баланы аман алып қаламыз?» деген пікірге келіп, елінің қарияларын жинап, кеңес қылып, орысқа елші жібермекші болып, Сыдықтың кіші інісі Жәкей төрені елші қылып, қасына он-он бес жігіт қосып, Ақмешітте тұрған орыс әскербасына жіберген. Жәкей төрені орыстар қарсы алып, күтіп: «Бізге келсеңдер, ел-жұрт, мал бастарыңа аман береміз, өздеріңді қызметке аламыз»,—деп астына ат, үстіне тон кигізіп, беліне қылыш байлап қайтарған. Қолына әскербасы мөр басып, сол әскердегі Орта жүз, Кіші жүздің барлық ақсақалдары, төрелері мөрін басып хат берген. Жәкей елшіліктен қайтқан соң, ел басшыларын қайта жинап, тағы маслихат құрған. Орыс өкіметі елге аман барып оған Кіші жүз бен Орта жүздің жақсылары күлкі қылып отырған соң, бастығы Сыздық болып барлық төрелер елімен орысқа бармақты мақұл көреді. Ел жиналып жүруге даярланғанда, Сыдық мынадай пікір қозғайды:
«Ел-жұрт болған жеріңе түгел барыңдар. Мен әлі де болса мұсылманның қылышын шауып көрейін, сендер түгел барсаңдар, бір мені жоқтай қоймас. Мұсылманға Құдай абырой беріп, орысты қайтара қалса, мен сендерді аман алып қалуға жарармын. Егер абыройды орыс алса, жалғыз менімен ел кемімес те, артпас та. «Дұшпанның сыртында болғанша ішінде бол» деген, сендер барыңдар деп өзі Қоқан қолына қосылып, орысқа қарсы шықпақ болған. Сыдықтың мұсылман жәрдеміне бармақ болып, Сыдық елді жинап қоштасып, Қоқанға жүруге дайындала отырып, алдына бір шара қымыз алып кесеге құйып: «Әркім де менімен бірге баратын болса, қолымнан келіп қымыз ішсін де, далаға шығып ат ерттесін»,—деген. Сонда жігерлі батыр жігіттерден қырық жігіт келіп, қолынан қымыз ішіп, баратын болған. Ақырында «Біз де сіз өлген жерде өлеміз»,— деп екі қатыны келіп, қымыз ішіп, бұлар да жүрмек болған. Сөйтіп, Сыдық қырық жігіттерін қасына ертіп, Түркістандағы Қоқанның әскеріне қосылған.