Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жанқожаның Созақ қамалын алуы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Қоқан әміршісіне арқа сүйеген Созақ ханы халыққа тізесін батырып, ойына келгенін істеді. Зәбір көрсетеді. Бұған шыдамаған халық көтеріліс жасап, Кенесары мен Жанқожа батырдан көмек сұрап кісі жібереді. Хабарды алысымен Кене хан да, Жанқожа да белгілеген жерге әскерлерімен барады. Жанқожаның бес жүз адамын азсынып, өзінің үш мың адамына кеулі толған Кене хан Жанқожаға қарап:

—Жауды көп қашырады, атағы Бараққа қалады дегендей адамың аз екен, ә,—дейді. Сонда Жанқожа таңғалған пішінмен:

—Ау, Кене хан! Көзің көптен қорқып қалған ба қалай? Көптің де көбі бар, аздың да азы бар. Мен аз едім, анау көп екен деп қолыңдағы мал-жаныңды тегін бересің бе? Көптің де, аздың да Құдайы бар емес пе?—дейді.

Созаққа жақын барып, ертең қалаға қарай соғыс ашу керектігін бұлар ойласқанда, Кене хан:

—Біз үш жүздің баласымыз. Соғысты әр жүз ретімен жүргізсін. Соғыс мерзімі әр жүзге үш күннен берілсін. Егер осы тоғыз күннің ішінде бірде-бір жүз соғысып, Созақты ала алмаса, үш жүз бірігіп соғысатын боламыз. Ертең ертемен Ұлы жүз Созаққа аттансын!—дейді.

—Ал қалған екі жүздің адамдары не істейді?—деп сұрақ қояды Жанқожа. Сонда хан:

—Алыстан арып-шаршап келген адамдар кезекті күнге дейін аттарын тынықтырып, өздері демалып жата берсін,—дейді.

Ертеңіне Ұлы жүздің адамдары Созаққа аттанғанда, Жанқожа өзінің батырларымен ойласып:

—Қазіргі мына жүріп жатқан соғыстан еш нәтиже шықпайды. Өйткені Созақ ханы екі жылдың ішінде мұндай соғыс әдісіне үйреніскен. Соғыстың әдіс-айласын өзгертпесе, босқа арамтер болады, шығын да шығады. Оның үстіне Қоқан жағынан әскер келіп қалса, онда Созақты алу былай тұрсын, өзіміздің аман құтылуымыз екіталай. Бұл жағын Кенесарының ойлауы керек еді. Менің айтарым—мейлі, олар өз қалауынша соғыса берсін. Біз кезегіміз келгенше Қоқанның жолын күзетіп қайтайық. Құр мұнда босқа жатқаннан ештеңе шықпайды,— дейді.

Олар түнімен жүріп Қоқанның жолындағы бір бұлаққа барып қонады. Әр бағытқа бірнеше шолғыншы жібереді. Қоқанның ханы жағдайды естіп, жедел түрде Созақ ханына көмекке сегіз жүз адамға бас етіп Тоған батырды жіберген екен.

Тоған батыр бастаған сегіз жүз әскер Жанқожа батырдың жасағы жатқан екінші күні жақындап келіп қалады. Батыр өз жасағын тездетіп сапқа тұрғызып, Қоқан әскерінің алдынан қарсы шығады. Қоқандықтар да бұларды көріп кім екенін білу үшін жаушы жібереді. Келген жаушы Кіші жүздің атақты батыры Жанқожа екенін Тоғанға айтып барады. Мұны естіген Тоған:

—Жекпе-жек! Жекпе-жек!—деп ат ойнатып ортаға шығады. Дәрменқұлдан ұлықсат алып, Тоғанға қарсы Жанқожа да ортаға қарай жүреді. Тұрпаты үйген төбедей, қолы келсаптай, саны бөренедей, ала көз ожар қара Тоған найзасын батырға безеніп тұрды. Жанқожа да сабырлы кейіппен көзінен от шаша, екі қабағының арасы тастай түйіліп, найзасын оңтайлы ұстап қарсы жүрді.

Найзаларын енді салады-ау дегенде жерді қара түнек тұман басып, көзге түртсе көргісіз қараңғы болады да қалады. Екі батырдың не істеп жатқанын әскерлер білмеді. Тұман ашылғанда жұрт Тоғанның қолы артына байланып, Жанқожаның алдында жаяу келе жатқанын көреді. Сосын соғысқа екі жақ кірісіп кетеді де, көп ұзамай қоқандықтар жеңіліс табады.

Тұтқындарды жаяу айдаған Жанқожа Созақты қоршап жатқан Кенесарыға келеді. Жанқожа Қоқан жаққа кеткен күні Кенесары: «Бес жүз адаммен менің қолымнан не келуші еді деп, Жанқожа бастаған Кіші жүздің әскері қашып кетті»,—деп сыртынан даттаған болатын. Сондықтан Кене хан Жанқожаның келгенін жақтырмады, не бітіргенін білгісі де келмеді.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз