Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа) (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Абылай хан заманында қырғыз Садырбала деген шығып, ақ қалпақты қырғызды аузына түгел қаратып тұрған күнінде мақтанып сөйлеген екен:
—Әлібек шолақты алдым, Қазы Мәмбекті алдым, Көкжал Барақты, жалғыз көзді Қарақты алдым. Қазақты жылында жеті шаптым. Арқада Абылай деген кәрі сарт бар дейді. Ол маған не қылады дейсің?—деген екен.
Сол сөзін Абылай хан естіп, қосын қылып аттанып, сонда қырғызда Әйтеке жырық деген атақты зор кісі бар екен, алты баласы бар екен. Сол жолы солар қырғын тауып, Абылай хан мен Садырбала ақырында бітім қылып, жарасып, қос басына бір үй қырғыздан «ақ үйлі» беріпті. «Сәру қырғыз» деген бір тайпа елін түгелімен берсе керек. Осы күнде Ақмола облысында, Семей облысында кірме болып жүрген қырғыздар бар. Абылай заманында қазаққа олжа түскен қырғызларының тұқымы. Көшпелі қазаққа хан болып тұрғанында Түркістан, Тәшкен ханларына зекетші (зікуатшы) жіберіп, жинатып алдырып тұрыпты.
Шүршітпенен елдесіп, баласының ең үлкені Әділ төрені «сол жақтағы қазақ, қалмаққа ие болып, төрелік қыл!»—деп солай жіберіп, осы күнге шейін оның үрім-бұтағы сол жақта өсіп-өніп кетті.
* * *
Абылай хан өзіне-өзі әбден емін-еркін келген соң: «атажұртым еді. Бұхараны аламын» деп, үш жүздің баласы қазақтың «сен тұр, мен атайын» деген батырларын жиып, аттанды. Мұнан барғаннан әуелі Түркістан барып, оған өзінің бел баласы Сыдық сұлтанды ие қылды. Шымкент, Сайрам барып, оған Ғабдолрахман деген сартты қойды. Ташкен барып, оған Мырзахмет деген сартты қойды. Ташкенді кеше орыс алар уақытысында бір Мырзахмет деген тағы біраз биледі. Бұл Мырзахмет қартайып, алжып өлсе, жаңада өлді. Абылайдың қойған Мырзахмет дегені мұнан көп бұрын өткен кісі. Онан Созақ үстіне барып тонап жатқанда, Қоңырат елінде бір байдың келіні ұл тауып, атын «Абылай» қойған екен. Бұл Абылай да өсіп-өніп бір тайпа ел болыпты.
Абылай хан онан өтіп, Самарқан шаһарының бет алдына, Жұпар қорығына барып түсті. Сол түні қасындағы қариясына:
—Бүгін сәуе көр!—депті.
—Мен де қарап жатпайын, жұрт билеген хансың ғой, өзің де көр,—депті. Ертең таң атқан соң қария мен хан басын қосып отырып, көргендерін айтысыпты. Әуелі хан айтыпты:
—Бүгін түнде түсімде бір жолбарыс шатырымның алдына келіп шөкті, басын бір көтермеді, төмен салды да жатты. «Бұ не қылғаны?» деп қарап едім, әлгі жолбарыс дегенім аю болды. «Жаңа жолбарыс еді ғой, қалайша аю болып қалды?» деп қарап едім, қасқыр болды. Онымен тұрмады, түлкі болды. Онымен тұрмады, қоян ба, қарсақ па, сол сықылды болған... Оқыста оянып кеттім,—дейді.
Онда қария айтты:—Мен көргенімді айтсам, Бұхарадағы тамам әулие Самарқан дарбазасының (даруазасының) түбіне келіп шөкті. Ол «Самарқанды саған алғызбаймын» деп келгені. Өзің көрген жолбарыс—өзіңнің бақ-талайың. Бақ-талайыңның жетіп жығылған жері осы болғаны. Енді мұнан былай бақ-талайың көтерілмейді. «Баяғыдан бері Абылай жүріп-жүріп сарттан өліпті» деген атқа ұшырамай, ұрыспай, соғыспай, осы жерден тып-тыныш қайта ғой! Қарасаң, аю болғаны—сенен соңғы баланың заманы. «Аю заманы» деген заман болады. Аюша алысып өтеді. Онан қарасаң, қасқыр болғаны—немерең заманы, «қасқыр заманы» деген заман болады. Қасқырша жұлысып өтеді. Онан қарасаң, түлкі болғаны—шөберең заманы , «түлкі заманы» деген заман болады. Түлкіше жортып жүріп жан сақтайды. Онан қарасаң, қоян болғаны—онан соңғы заман, қоянша қаркебек қылып, қорғалап жатып жан сақтайды. Онан заманның не заман боларын Құдірет өзі біледі. Қарсақ болар, күзен болар, ең аяғы тышқан, бақа-шаян, құрт-құмырсқа болып, дүние сөйтіп тұрып таусылады-дағы,—дейді.