Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа) (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Сонан соң хан бұлбұл сөзге құлақ қойып, Самарқан шаһарына елші жіберді:
—Ұрысым, соғысым жоқ, әулиелерді зиярат қыла келдім. Осы жерден қайтамын!—деп.
Самарқан, Бұхара жұрты қорқып тұр екен. Мұнан бұрын қосыны қазақ болып, он үш патша ол шаһарларды алған екен. «Қосыны қазақ болды» дегенше, бұл дүниепаз (иаз) сарттарға азап болады екен. Абылай ханнан бұл сөзді естіген соң, Самарқан халқы қуанып, тарту-таралғысымен келіп, ханды көріпті.
Абылай хан сонда:
—Самарқанның көк тасынан басыма қойдыратұғын, жазу ойдыратұғын тас қазып аламын,—деп ұста жинап, тас қаздырды.
Сонда Абылайдың бақытысына шыққан тасты Самарқан халқы көріп, ханнан сүйінші сүрады:
—Бұл тас Әмір Темірден соң ешкімге шықпаған тас,—деп.
Сол тасқа атын, сол жерде ұсталарға жаздырыпты: «Абылай ибн Сүйенішхан» деп.
Сол сапардан қайтып Тәшкенге келіп, Мырзахметтің қызын алып:
—Енді ұрыс-соғыс жоқ,—деп Орта жүз бен Кіші жүздің батырларына рұқсат беріп, жерлі-жеріне, мекен-суына қайтарыпты.
Үш айдан соң өзі Тәшкеннен Арқаға қарай шығыпты. Қасында біраз төлеңгіт пен үйсін, дулаттың жалпетектері бар. Мұны Шымкенттегі Ғабдірахман сарт естіп, Төбет сұлтан, Рабат, Қарабұлақ, Иаңкенттегі жанғақ табан диқаншы сарттарды жинап алып, қосын қылып, Абылай ханды қамайды. Сонда дулат халқы қашып кетіп, «жалпыетек дулат» атаныпты. Боза ішіп, дулағаннан басқа өнері аз, тұзсыз көженің күшінен біткен жасық ханның қасындағы төлеңгіттерінің бірсыпырасын қырып тастапты. Ханның өзіне қол тигізуге бата алмапты. Сонда хан Арыс деген өзеннің бойында, бір қырдың басында тұрып, жолдастарын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнады дейді. Сонда бір қария айтқан екен:
—Етек пенен жең болған,
Ежелден саған ел болған,
Орта жүзден кісің жоқ!
Найзасының ұшы алтын,
Кіші жүзден кісің жоқ,
Бұған қарап тұрғаннан басқа ісің жоқ,—
депті. Сонан Абылай сол Арыстың бойында бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде «Хан қорғаны» атаныпты. Сүйегін теңге салып, Түркістан шаһарындағы хазірет сұлтан Алғарфин әулиенің күмбезіне алып келіп қойыпты. Өткен күні жұма күні екен. Сарыарқаға қырық күн бұрын естіліпті. «Бүгін қырқы» деп ордаға жиылып бала-шаға, үй іштеріне жұма күні есіттірген екен. Артынан қасындағылары келген соң, «қай күні өлді» деп сұраса, үйіне есіттірген күні өлген екен. Өлмесінен қырық күн бұрын «өлді» деген хабар Арқаға келіп қалғаны. Абылай хан өлгенде, Созақ деген кентте Жалаң аяқ Әздер үш күн, үш түн жылаған екен. Маңайындағы сарт-сауан:
—Тақсыр, бір қазақ өлді деп мұнша неге бүліндіңіз,— дегенде:
—Есіл Абылай Сарыарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді-ау! Енді хандық қорғанда қалды, сол үшін жылаймын,—деген екен.
Айтқанындай сонан соң қазақ ортасына хандық жоқ, сарт билеп кетіпті.
Бес қойға алды өгізді
Тегін дерсің деп еді.
Егін егіп, тарының
Сөгін жерсің деп еді.
Жалаң аяқ сарттарды
Бегім дерсің деп еді,—
деп ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің айтқаны, ол келіпті де тұрыпты. Мұнан соң «балапан басыңа, тұрымтай тұсына» деген заман болды. Баяғы атам замандағы Бұқарекеңнің «қала салады, орыс алады» деген жерлеріне Абылай ханның немересі Кенесары заманында салынды.