Мэлс пен Айбек айтысы (10-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Айбек Қалиев · 2 мин оқу
Мэлс:
Айбектер өлең айтса өндіргендей,
Сөзіне қалың елді сендіргендей.
Костюмді қара жігіт не деп кетті?
Өзіңді келісімге көндіргендей.
Екеуі ана жаққа аттанады,
Көңілін көрерменнің бөлдіргендей.
Қайтейін атам қойған атымызды,
Айтыста талай мені жеңдіргендей.
Сен менің қамымды ойлап не қыласың,
Басыма қара бұлтты төндіргендей.
Айбекжан, басымызды ауырттың ғой.
Төрт кәпірді арқалап сен жүргендей.
Жүргесін тұғырыңа қонып көптен,
Көрермен отырыңдар болып көппен.
Мына бір дауыс беру қызық болды-ау,
Көрсеңші қыздарды да өріп кеткен.
Костюмді ана жігіт жүгіреді,
Түскендей өз-өзіне сеніп көктен.
Жұрттың бәрін екеуміз дүрліктірдік,
Біз бе екен бұл айтысты ерікті еткен.
Әрине, Мэлс деген атымыз бар,
Мен-дағы түскен жоқпын келіп көктен.
Әңгіме атымда емес затымда ғой,
Құдайым өлең жырды беріп төккен.
Әй, төрт кәпір деп несіне айта бердің,
Жүргендей соның бәрін көріп көптен.
Айбекжан, мен мұсылман болғаннан соң,
Төртеуі де мұсылман болып кеткен.
Дәстүрін даламыздың жатқа білген,
Мақтансаң ұлтын сүйген мақтан ұлмен.
Кешегі менің батыр бабаларым,
Тұлпар мініп, ту алып топқа кірген.
Ерлігі білекте емес жүректе еді,
Ойланбай Отан үшін отқа кірген.
Аспаннан түскен бізге төрт кітап бар,
Айтайын білгенімді ақ көңілден.
Мен оларды ғылымның жүйесі деп,
Сол кезден тұрғызғанмын сапқа бірден.
Түркілердің көз салсаң тарихында,
Жасампаз кезеңдерін жаттадым мен.
Ескендір Зұлхарнайын беті қайтқан,
Жолығып Сыр бойында Сақтарыммен.
Теңдік бар жерде ғана елдік бар деп,
Күлтегін күмбірлеген асқақ үнмен.
Алтын тақты ұсынған ағасына,
Білгені көтерем деп шаш бауымен.
Найзасында намыстың оты жанған,
Тоныкөк табысқандай жас қауыммен.
Қарасор түрік дейтін қағанды айтқан,
Фердауси «Шахнамада» басқа күймен.
Сен алып Ер Тоңғаны білесің ғой,
Шабыттың көтергендей шашбауын мен.
Құмғу алғаш билеген Тұман екен,
Ел болып баталасқан басқа ауылмен.
Тұманның үлкен ұлы Мөде дейді,
Белге берен, білекке шоқпар ілген.
Астына тақ, басына бақ қонғасын,
Көкжалда еңірепті көкпар ілген.
Дүнху моңғол, Хунну біз болғанда,
Сақтармен туысқандық сапта жүрген.
Хуннулардан Дунхулар жер сұрапты,
Мөде хан ала қой деп, тақта күлген.
Содан соң сұрап сұлу келіншегін,
Оданда ұсыныпты жатқа бірден.
Үшінші келіп одан жер сұрапты,
Тағаның айналыпты тасқа бірден.
Ұрпақтың несібесін бермеймін деп,
Аспанға бір қарғытып атқа мінген.
Айбекжан, сөйлемейсің аруақтанбай,
Сөзіңде сары алтындай салмақ қандай?
Сенің де дауысыңды санап жатыр,
Кетпесін деп білейік құр мақтанбай.
Ал енді саған бердік сөз кезегін,
Өлеңнен жасын ұстап жайды атқандай.
Қашанғы сіз отыра бересіңіз,
Кремльді күзеткен солдаттардай.
Айбек:
Айтысқа қалай, аға, жағымды едің,
Байқаймын әдебиеттен тәлімді едің.
Ежелгі әдебиеттен сабақ берем,
Ондайды үйретпегін жаным менің.
Баңқу-Маңқу бірдеме айтыңыз ғой,
Малыңды сен іздедің бе, неғыл дедің?