Мэлс пен Айбек айтысы (4-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Айбек Қалиев · 2 мин оқу
Осыны ойлап ініңіз алаңдады,
Шерменде шерлі шабыт шабандады.
Сырттан келіп ешқандай жау алмайды,
Біріксең қалаңдағы, далаңдағы.
Бірлігіңнен айрылма, қайран қазақ,
Түйсігіңді оятып санаңдағы.
Алты бақан, ала ауыз бола берсең,
Қор ұлтқа айналасың табандағы.
Мерезді бойыңыздан сылып тастап,
Тазарсын күншілдіктің арам қаны.
Тозған қазды топтанған қарға жейді,
Араздықты қой енді араңдағы.
Светқали ағамның бір сөзі бар,
Сезімімді серпілтер санамдағы.
Қазақ деген бір елге айналғанда,
Ұлы елге айналады ғаламдағы.
Мэлс:
Айбек-ау, тап болғасын борасынға,
Әліңше қиырларды шоласың да.
Айқассаң неге дұрыс айқаспайсың,
Сен бүгін ісіп-кеуіп толасың да.
Бір теңеуді айтқанға бір сөз айтып,
Жатпайды деп айтасың ол асылға.
Үстіңе ақ шапанды кигендіктен,
Әрине ақ тұйғын боп шоласың да.
Ал ертең қара шапан киіп алсаң,
Сен сонда қара тұйғын боласың ба?
Сен елге ақын болсаң көпірсің ғой,
Демеспін сөз білмейтін дөкірсің ғой.
Ырыстай ынтымағы бұзылмайтын,
Қылыштай жетесінен жетілсін ой.
Жүзге бөліп жатқан мұнда кім бар сені,
Біздерді қаратпайтын бетіңсің ғой.
Сен жұрттың жан жарасын қаси берме,
Әрине әуелі Алла кешірсін ғой.
Қайдағы-жайдағыны еске салып.
Сен өзің жүзге бөліп отырсың ғой.
Танкімен жан біткенді жаныштаған,
Ол күндер бірте-бірте алыстаған.
Аспанда аждаһамен айқасатын,
Талғатың қаршығадай қарыштаған.
Қажымұқан сайып қыран самолеттің,
Тағдырын бір қазаққа табыстаған.
Алақан жайып атақ сұрамаған,
Бар ма екен Бауыржаннан намысты адам?
Ей, Исатай Сүйеубаев Маңғыстаудан,
Отан үшін от кешіп алыстаған.
Көңілін көрерменнің бүтіндейін,
Сыңғырлап сынық қоңырау жарытпаған.
Жалынды сөзбен жауды жайрататын,
Біздің ақын-жазушы қалыспаған.
Ақынның ағасы бар, Асқар ағам,
Мұнай бер деп қаламын тағы ұстаған.
Кавказ бен Карелия арасында,
Үн қосқан сарбаздарға салып таған.
Әзілхан Нұршайықов Баукең жайлы,
Аңыз бен ақиқатты анықтаған.
Ғасырдың көзін көрген Дихан бабам,
Ананың аманатын сақ ұстаған.
Жұбанның «Кекті жүрек» деп жазғаны,
Снаряд болып жауды жаныштаған.
Шығыстың ұлдарына хат жазатын,
Бұлқышов Баубек деген барыс балаң.
Құланбай Көпішовтің очеркінде,
Қырандай Сағат ұшып қалықтаған.
Мұзафар, Сағынғали сардарларың,
Еңсесін бұрынғыдай тік ұстаған.
Жеңешемнің жеткізген сәлеміндей,
Әбудің «Ақша бұлты» қалықтаған.
Майданда жырдың туын желбіретіп,
Қасым Аманжоловтай нар ұстаған.
Туғызған батырлар мен ақындарды,
Мен қаһарман қазақпын қайыспаған.
Айбек:
Ақынға жарасады білікті екпін,
Мэлс аға тепкішекті біліп тепкін.
Айтып жатқан ойыңды айдалаға,
Байқаймын онды-солды бұрып кеттің.
Айтып отқан түсінбей сөз астарын,
Таныта алмай отырсың дұрыс екпін.
Жастардың тіліменен айтқан кезде,
Сөзді бұрып айдалаға қуып кеттің.
Соғыста ардагерді айтады ағай,
Сонда да ақ шапанды байқады ағай.
Ардагерлер жасаған ерлік дедің,
Асты-үстін шолып аға, жай шалағай.
Оданда ала алмаған пенсияны айт,
Отан соғыс тарихын қайталамай.