Мэлс пен Айбек айтысы (2-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Айбек Қалиев · 2 мин оқу
Ат-көлігің аман-сау кеп жеттің бе?
Аман ба, батыстағы бар жамағат?
Ақ жүзін қаймақ жағып, сүтпен жуған
Аман ба, ақ жеңешем ғап-ғаламат?
Маңғыстауда алып ем ақ батасын,
Әжеміз шауып жүр ме, сау-саламат?
Ата-анаңның қолынан дәм татып ем,
Аман ба, Нұрлан досым сар домалақ.
Светқали, Сабыр, Қалбай ағам қалай?
Бітіретін жырлары жанға қанат.
Өзіңізбен айтысу маған бақыт,
Біткендей несібеме барға қанат.
Кейінгі кей ініні түсінбеймін,
Ағаларын кететін жарға қамап.
Ағалықтың ақ жолын көрсете алсаң,
Кетпеспін жар жағалап, жан жаралап.
Той-тойлап оңтүстігі, терістігі.
Мамырда мамыражай жер ұсқыны.
Ақсақалды аталар, ақсамайлы,
Апалар құтты болсын «Жеңіс күні!»
Шаңырағың шаттықтан тербелсінші,
Кеңейіп керегеңнің кеңістігі.
Жеңіс күні Мэлспен жолығыппын,
Көтеріліп жүрмесін тек ыстығы.
Мэлс ұғып жүрмесін теріс мұны,
Жеңіс күні емес қой, Мэлс күні.
Ал аға, айтысқан соң менімен кеп,
Салиқалы сөз айтқын жөнімен дөп.
Менменсіп бұл ініңді менсінбесең,
Мәншүк боп пулеметтен төгілем кеп.
Әлия мен Төлеген атқан оқтай,
Автоматтай алдыңда себілем кеп.
Жау дзотын жабатын кеудесімен,
Сұлтандай кеуде тосып керілем кеп.
Немістің «Тигр» дейтін танкісіндей,
Жер сүзіп жүрмегейсің тебінем деп.
Қасым атам «тілге» алған неміс құсап,
Соңымнан салпақтама, желігем деп.
Бойымда Бауыржанның қайраты бар,
Мен бүгін айта алмаймын шегінем деп.
Бақтыораздай қайтпаспын қасарыссам,
Бұл жерге келгенім жоқ жеңілем деп.
Жеңіс туын қадайын Алматыға,
Рахымжан Қошқарбаевтың елінен кеп.
Мэлс:
Жырменен кызық дәурен сүргіздің бе?
Айбек-ау, тағы тілді тигіздің бе?
Аспаны Алашымның аман болса,
Шықпайды деп кім айтар жұлдыз күнде.
Өлеңге қосып айтсам өмірімді,
Сен оған құлағынды түргіздің де.
Маңғыстаудан бастадың адамдарды,
Сен қадір-қасиетін білгіздің бе?
Мен айтсам өзімді айтып отыр едім,
Бір адамды сен жұртқа күлгіздің бе?
Елу шақты адамның атын айтып,
Оларды да «Отанға» кіргіздің бе?
Жеңіспен тапқаннан соң халқы бақыт,
Акындар жырлайды екен арқыратып.
Қосымбайдың төрт ұлы болған екен,
Бүркіттей ұшыратын аңсыратып,
Өзенбай, Сазанбай мен Нәрені бар,
Азулы жыр төгетін сарқыратып.
Үш ұлы қан майданның қақ төрінде,
Көрмепті жағаласта жау шыдатып.
Үшеуінен біреуі тірі келіп,
Жүріпті, жанарынан жалын атып.
Бір аяқты Германға бердім дейтін,
Папамыз келгендерге хал сұрасып.
Төртеуінен екеуі тірі қалып,
Көрмепті бір-біріне артық айтып.
Өзенбай бабам менің Ази әкем,
Үйреткен сөз садағын тартып атып.
Көргендерін бабамыз әңгімелеп,
Ордендерін тағатын жарқыратып.
Мен де сол шалдарымның шамасы едім,
Өлеңмен тарқатқандай дала шерін.
Тарихқа жазам сенің есімінді,
Маған да үмітпенен қарашы елім.
Алтыға келгенімше арқалаған,
Әжемнің мен бір кетпен қарасы едім.
Отырған үнімді естіп Маңғыстаудан,
Бассыншы сағынышпен ана шөлін.
Мен сондай екі кемпір, екі шалдың.
Құдайдан сұрап алған баласы едім.