Мэлс пен Айбек айтысы (3-бөлім)
Мэлс Қосымбаев, Айбек Қалиев · 2 мин оқу
Сағағы сарқыт туған сана қыспай,
Жыр көшіп, жүректерге әлі ауысқай.
Үмітіңнің жібіндей үзілмейтін,
Тағдырың ширатылды тарамыстай.
Үш ананың баласы басын қосты,
Ақарыс, Жанарыспен Бекарыстай
Жер түгіл аспаның да өзіңдікі,
Қанатын күнге малып қазақ ұшқай.
Жаһандасу дейтұғын жарғы шықты.
Салғаннан бара жатқан сананы ыстай.
Қазақтық қасиетін сақтаса екен,
Азаттық алған елім аза құшпай.
Айбек, сен ақындардың біреуі едің,
Қаттаса қараймайтын қазан ыстай.
Нөкерлерім бірдеме деп қалар деп,
Отырсың жан-жағыңа қарағыштай.
Екінші айналымынан өтем бе деп,
Ерініңді бересің жалағыштай.
Құлынында жарысқан құнандармен,
Сен едің бауырынан жарағыш тай.
Тұйғындай тұғырыңды теуіп тұрсаң,
Мен қалай қасыңызда қалам ұшпай.
Шеңгеліңе бірдеңе ілінсін де,
Әйтеуір, далбалаңдап далаға ұшпай.
Мен сені бала кезден білуші едім,
Жібектен бау тағылған бала құстай.
Көз алдымда қанатың қатаюда,
Бала құстай ақынның бәрі алыстай.
Артық кетсең алдыма жалп етесің,
Қанатына оқ тиген қара құстай.
Айбек:
Мэлс ағам мені ақынға баласа еді,
Жекпе-жек қарсылас деп санаса еді.
Мэлстің шежіресін тындап болсаң,
Айбектің жыры айтылсын жаңа тегі.
Екі шал, екі кемпір сұрап алған,
Тірлігі бұл Мэлстің тамаша еді.
Аталары Отан соғыс ардагері,
Мэлстер жолын қуса жарар еді.
Ұятқа қалдырмай сол аталарды,
Әскерге барып келсе тамаша еді.
Мэлс-ау, қатты кетсең жаңыласың,
Мұнайыңмен жеңерсің саны басым.
Дауыссыз-ақ Мэлстің бітірейін,
Мен бүгін жекпе-жекте шаруасын.
Алаштың сөзін сөйлер ақ тұйғынды,
Қара құс, мара құс деп не қыласың.
Байқаймын қатты айтатын шырайың бар,
Әрине бұл айтыста сен жеңесің,
Сүйенген артыңызда мұнайың бар.
Жалғыздық жары құдай демейді ме,
Жаратқан бола берсін лайым жар.
Мұнайыңнан қорқатын мен емеспін,
Сыйынған жалғыз Алла құдайым бар.
Қара өлең қазағымның қарт өлеңі,
Бабамның мұра болған салт өнері.
Кешегі Дулаттардың зар заманы,
Бүгінде де кезіп жүр ғой әр төбені.
Зиялылар ала ауыз, бірлігі жоқ,
Қазақтың құлазып тұр мәрт өнері.
Тілімнің де тірлігі ділгір қазір,
Берсек те мемлекеттік мәртебені.
Дініміз де құлашын жаза алмай тұр,
Табылып секталардың бар керегі.
Мешіттің тамыр тартпай бәйтерегі,
Шіркеудің көгеріп тұр тал-терегі.
Бұл қазақ зарлаудан бір арылмады,
Аузыңды ашсаң қолқаңды шаң көмеді.
Көсеп-көсеп жіберсең көмейінен,
Запыран құсып заманым зар төгеді.
Бұл Мэлс өкпелейді-ау бұл кім десем.
Алауыз, бірлігің жоқ тындың десем.
Ру-руға бөлініп, ыру-дыру,
Зиялыңның әрқайсысы бір-бір көсем.
Үш жүзі бар, қожасы, төресі бар,
Бір күн үшеу болғанда, бір күн бесеу.
Осындай рушылдықты тыймасақ біз,
Жас ұрпаққа болмай ма үлгің мешеу.
Баспасөздің бетінде дау қаптады,
Жарасады бұл жайды қырғын десем.
Бірінің бірі артын түртпектеген,
Әр қазақтың қолында бір-бір көсеу.
Ал Мәке, қадіріміз қиын боп тұр,
Әр ру өзінше бір ұйым боп тұр.
Ауылдастың тайы озсын дегеннен де,
Аталас озсын деген ұғым боп тұр.
Жүзге бөлінгендердің жүзі күймей,
Трайбализм ауруы дүрілдеп тұр.
Беу, қазақ, үр ит, соқ деп айдап салып,
Құлақтан шайтанымыз күбірлеп түр.
Осы дерт айтысқа да араласып,
Айтатын ақиқатқа қырын кеп тұр.
Қазақ деген бір ұлтты біріктіру,
Жүз ұлтты басқарудан қиын боп тұр.