Қожа пітір жинауға шығады
1 мин оқу
Қожа пітір жинап жүріп бір қалаға келеді, қалада бір ауқатты адамның үйіне түседі. Таңертең үй иесі Қожаға:
—Бір аят оқыңыз,—дейді. Қожадан кейін әлгі аятты ол өзі қайталап оқып шығады. Сонсоң қоярда-қоймай отырып, Қожаға екі-үш сөз жаздырып, Қожадан кейін ол әлгі сөздерді өзі де жазады. Сонсоң:
—Сенің оқыған аятыңды мен де оқыдым,—сенің жазған жазуыңды бұлжытпай мен де жаздым. Демек, екеуміздің арамызда ешқандай айырмашылық жоқ екен, сенің менен пітір алуға қақың да жоқ, жөніңе жүре бер,—дейді.
Сонда Қожа:
—Жоқ, екеуміздің арамызда көп айырмашылық бар. Мен мұнда үш күн, үш түн жаяу жүріп келдім, қаншама михнат шектім. Сен біздің қалаға мен құсап, мың бір азапты бастан кешіріп жаяу барып, түк өндірместен үйіңе бостан-бос сүмірейіп қайтып келсең, сонда ғана екеуміз теңелеміз,—депті.