Сұлтанмахмұт Торайғыров
Алаш зиялылары · 2 мин оқу
Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893–1920) — қазақ ақыны, жазушы және ағартушы. Ол 1893 жылы 28 қазанда бұрынғы Көкшетау облысының қазіргі Қызылту ауданы аумағында туған. Арғын тайпасының Сүйіндік руы, Айдабол бөлімінен шыққан. Екі жасында анасынан айырылып, алты жасқа дейін әжесінің қолында болды. Кейін әкесі балаларымен Баянауылға көшіп, Торайғыр қонысына жақын жерге орналасты.
Хат танып, ескіше сауат ашуды әкесінен үйренді, он үш жасынан ауыл молдаларынан сабақ алды. 1911 жылы жаңаша оқыған ұстазы Нұралының көмегімен қазақ және татар тіліндегі кітаптар мен газет-журналдарды оқи бастады. 1912 жылы Троицкідегі медресеге түскенімен, өкпе ауруына байланысты бір жылдан соң оқуын тастауға мәжбүр болды. Сол жылдары «Оқып жүрген жастарға», «Шәкірттерге», «Оқудағы мақсат не?», «Шығамын тірі болсам адам болып» өлеңдерін жазып, «Қамар сұлу» романын бастады. 1913 жылдың күзінде «Айқап» журналында жауапты хатшы болып, бірнеше әңгіме мен мақала жариялады.
1914 жылы Баянауылға оралып, елде ағарту ісін ұйымдастыратын серіктік құрмақ болғанымен, бұл ниеті іске аспады. Семейде оқуға түсе алмай, біраз уақыт қиналды. 1915 жылы өлеңмен жазылған «Кім жазықты?» романын аяқтады. Шығыс Қазақстанда, Катонқарағай мен Зайсанда бала оқытып жүріп, орыс тілін үйренді, 1916–1917 жылдың қысында Томскіде оқыды. 1917 жылы Семейде Алаш партиясының жұмысына қатысып, «Алаш ұранын» жариялады. Ақынның «Таныстыру» поэмасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов елге таныстырылып, Абай мен Шәкәрімнің есімдері де құрметпен аталады. «Адасқан өмір» (1918), «Кедей» (1919) поэмаларында әділдік іздеу тақырыбы көтерілсе, «Айтыс» поэмасы аяқталмай қалды. «Қамар сұлу» романында әйел теңсіздігі, «Кім жазықты?» романында ауыл тұрмысындағы жалқаулық пен алауыздық сыналады.
Науқасы асқынуына байланысты ақын 1918 жылы сәуірде туған еліне біржола қайтып оралды. Онда ел ішіндегі дауларды шешуге қатысып, «Шал мен қызға», «Сарыарқаның жаңбыры» сияқты өлеңдер жазды. Сұлтанмахмұт Торайғыров 1920 жылы 21 мамырда Баянауылда жиырма алты жасында қайтыс болды. Оның шығармалары 1933 жылы толық жинақ ретінде, кейін бірнеше рет таңдамалы түрде басылды.