Мағжан Жұмабаев
Алаш зиялылары · 2 мин оқу
Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы Жұмабаев (1893–1938) — қазақ ақыны, жазушы, педагог, аудармашы және Алаш қозғалысының қайраткері. Ол 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысындағы Сасықкөлдің жағасында, қазір өз есімімен аталатын ауданда туған. Арғын тайпасының Атығай руынан шыққан. Атасы Жұмабай қажы болған, әкесі Бекен сауда жасаған ауқатты кісі, анасының есімі — Гүлсім.
Сауатын ауыл молдасынан ашып, 1905–1910 жылдары Қызылжардағы М. Бегишев ашқан медреседе оқыды. Онда Шығыс халықтарының тарихымен, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Низами, Науаи шығармаларымен танысты. 1909 жылы басылған Абай өлеңдерін оқып, ақынға арнау жазды. 1910–1913 жылдары Уфадағы «Ғалия» медресесінде татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтан дәріс алып, Бейімбет Майлинмен танысты. 1912 жылы Қазанда «Шолпан» атты алғашқы жинағы басылды. 1913–1916 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқып, «Балапан» қолжазба журналын шығаруға қатысты, «Қазақ» газетінде өлеңдер жариялады.
1917 жылы Ақмола облыстық қазақ съезін ұйымдастыруға атсалысып, облыстық қазақ комитетіне сайланды. Алаш партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болды, Екінші жалпықазақ съезінде оқу ісі жөніндегі комиссияны басқарды. 1919–1923 жылдары бірнеше газет-журналда қызмет істеп, «Батыр Баян» поэмасын жазды. 1923–1927 жылдары Мәскеудегі Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында білім алды. Осы кезде шығармалары «тап күресін жырламады» деген кінәмен қатаң сынға ұшырады. Мұғалімдер мен оқушыларға арнап «Педагогика» (1922) және «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» (1925) кітаптарын шығарды. Гёте, Гейне, Лермонтов, Блок өлеңдерін, Горький әңгімелерін аударды. «Туған жерім – Сасықкөл», «Орал тауы», «Түркістан», «Мен жастарға сенемін» өлеңдерінде туған жер мен түркі бірлігі тақырыбы көрінеді, «Шолпанның күнәсі» әңгімесінде кейіпкер психологиясы терең суреттеледі.
1927–1929 жылдары Бурабай мен Қызылжарда сабақ берді. 1929 жылы жасырын ұйым құрды деген айыппен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, он жылға айдалды. 1936 жылы Е. Пешкова мен М. Горький араша түскен соң босатылып, Петропавлда мұғалім болды, бірақ көп ұзамай жұмыстан шығарылды. 1937 жылы Алматыға келіп, аудармамен айналысты. 1938 жылы қайта тұтқындалып, 19 наурызда атылды. Ол 1960 жылы ақталғанымен, шығармалары тек 1989 жылдан бастап қайта басыла бастады.