Қыз Жібек (2-бөлім)
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 172 жол
Ақ маңдайы жарқырап,
Танадай көзі жарқылдап,
Алтын нұры басында;
Қырық нарға жүгін арттырған,
Жібектен арқан тарттырған.
Осы екен деп Төлеген,
Жетіп келді қасына.
Артынан келіп Қаршыға,
Жібек емес деген соң,
Одан да өтті Төлеген.
Тау басында қарағай,
Төлегеннің мінезі
Болып кетті баладай.
Осындай болып бұл жерден,
Он бірі өтті сəулетпен,
Бірі де қалды жарамай.
Тағы айқасты бір көшке,
Бір қыз кетіп барады,
Орта бойлы жеңеше
Алтын сырға жалтылдап.
Қыз сипатын қарасаң,
Бұрынғы қыздан өзгеше,
Алтын шыны кеседей,
Екі көздің шарасы.
Кешке жанған шамшырақ –
Көзінің гауһар қарасы,
Ай нұрының баласы.
Туған айдай иілген,
Көз жауын алған сымбаты.
Сымға тартқан күмістей,
Бес саусақтың саласы.
Сондай сұлу болмас-ты
Адамзаттың баласы.
Осы екен деп Төлеген
Жетіп келді қасына.
Соңынан келіп Қаршыға,
Жібек емес деген соң,
Одан да өтіп жөнелді.
Жаңа бір көшке жетеді.
Көш алдынан қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Қара жорға мінгені,
Қара торқа кигені,
Екі көзі сүрмелі,
Бұл сияқты перизат
Қыз іздеген Төлеген,
Жоқ еді мұндай көргені.
Сексен түйе қомдаған,
Сексен түйе үстінде,
Қазына қалы кілем бар,
Жібектен гүлін торлаған.
Қыз сипатын қарасаң,
Ақ бетінде кіршік жоқ,
Айдын көлдің қуындай,
Екі көзі жалтылдап,
Алтын-күміс буындай.
Сөйлеген сөзі биязы,
Қызығып көпке ұққандай.
Осы екен деп Төлеген,
Жетіп бір келді қасына,
Соңынан келіп Қаршыға
Жібек емес деген соң,
Одан да өтіп жөнеді.
Базарбайдың Төлеген
Атқа қамшы салады.
Тұлпар туған көк жорға ат,
Көзі оттай жанады,
Сымға тартқан күмістей,
Сүмбідей болып жарады.
Тағы айқасты бір көшке,
Жетіп келіп қарады.
Көш алдынан қараса,
Бір қыз кетіп барады.
Бір бəйбіше нұр жүзді,
Көшті тартып барады.
Көш үстінде бəйбіше,
Келіскен дүние барлығы.
Екі жүз дүние қазына,
Қызыл алтын сандығы,
Жазығы əйел болмаса,
Қартайса да жайдары,
Айдың өткен нешесі;
Ай қараңғы кешесі,
Ертесіменен кешінде
Ерте кеугім бесінде,
Зорға жеткен сықылды,
Қыз Жібектің көшіне.
Есебі жоқ дүниені,
Есептейін несіне!
Келсе Жібек жоқ екен,
Сол сықылды көшінде.
Мұны көріп Төлеген,
Шешесінен сұрады,
Атының басын бұрады.
Жібек ерте кеткен деп,
Бетіме күн тиер деп,
Көк пəуеске күймеге,
Түсіп ерте кеткен деп,
Шешесі берді жауапты.
Жырақтамай жолынан,
Жақсы іс болды оңынан,
Қаршыға менен Төлеген,
Жөнеді Жібек соңынан.
Көк жорға ат сартылдап,
Екі көзі жалтылдап,
Ұршықтай саны бұлтылдап,
Төлегендей мырзаның,
Алмас қылыш белінде,
Қолында найза қылтылдап.
Жанның жанған шырағы,
Пақырдың болмас жарағы.
Неше қырдан асқанда,
Күмбірлеген қоңырау,
Естіпті сонда құлағы.
Нелер келіп, не кетпес,
Ер жігіттің басына,
Көк жорға атты тайпалтып,
Базарбайдың Төлеген
Келді Жібек қасына.
Келсе, үш қара жорғаны арбаға жеккен екен. Пəуе-
скенің есігі жабық. Ешкім көрінбейді. Төлеген алдына
бір шығып, артына бір шығып дыбыстайды. Үн жоқ. Қар-
шығаны қараса, көз жетпес жерде қалыпты. Төлеген тағат
қылып тұра алмайды:
Кім бар деп бұл күймеде дауыстайды,
Кім болса да бір көрініп таныспай ма?
Төлеген үш қайтара шақырса да,
Қыз Жібек жауап бермей намыстанды.
Төлеген сонда тұрып қапа болды,
Өз елін ойлай-ойлай іші толды.
Қыз емес өз елімде еркек қорыққан,
Қайран басым бұл жерде бекер болды.
Төлеген қапа болып қалды тұрып,
Тізгінін тартып, атының басын бұрып,
Атына қамшы басып екпіндетіп,
Сол кезде Қаршыға да жетті келіп.
Төлеген Қаршығаға өкпелеп: «Сөйлеспекке бұл қы-
зыңды шақырсам, жауап бермей қойды. Ақымақ адамдар-
ша мұнысы несі?», – дейді.
Қаршыға: «Бұдан бұрын Жібекпен ешкім сөйлескен
емес, мен өзім сөйлесіп көрейін», – деп, Жібекке қарай
Қаршығаның үн қатып тұрған жері:
Ұядан ұшқан балапан
Қанаттарын тарайды,
Асыл туған анадан
Əрбір іске жарайды.
Данышпан адам дүниенің
Ағысына қарайды.
Атаға қызмет қылғанда,
Ескеріп, елеп санайды.
Көтергін, Жібек, басыңды,
Ертіп келдім бір жігіт,
Нақ өзіңе лайық.
Нұр сəулетті жүзі бар,
Бал секілді сөзі бар,
Талай бекзат көрінген,
Қалмады ешкім кызығар,
Жетпейді басқан ізіне,
Қаршыға сынды көкеңді,
Қапа қылмай қарағын,
Бір көрінші жүзіме.
Жібек сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Көке болмай жерге кір,
Салмаймын құлақ сөзіңе.
Жігіт болса тауып кел деп,
Қашан айттым өзіңе?
Бет-алдыңа сандалмай,
Көрінбей жəне көзіме,
Жөндеп баққын малыңды,
Жолама менің ізіме,
Екі тайға ұялмай,