Көрұғылы (4-бөлім)
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 175 жол
Басымды кесіп алмасын.
Бітіргенше сөзімді,
Мойныма тұзақ салмасын.
Осы сізден тілегім,
Бердім десең, хан тақсыр,
Сөзімді мен бастайын,
Арызымды айтып болғанша,
Қорқып жəне саспайын.
Екі айта алмай Бозайхан,
Тазшаға ерік береді.
– Əмірің жүріп, Бозайхан,
Жорық жасап дүниені,
Қара тұман шаң қылдың.
Адамға жаның ашымай,
Қырғындатып халықты,
Жердің бетін қан қылдың.
Рақымсыз, Бозайхан,
Тазшаларда жазық жоқ,
Жазық сенің өзіңде!
Халыққа тиген зəбірің,
Көрінбейді көзіңе.
Құлағың сал, халайық,
Тазшаның зарлы сөзіне!
Ел шауып, ішкен қанына,
Бұл, хан тақсыр, тоймады,
Сорлы тазша қандарын
Қоса ішуге ойлады.
Ұқсамайды адамға
Рақымсыздық мінезің.
Айдатып мені алдырдың,
Дар тұзағын салдырдың,
Тазшаның ішіп қандарын,
Сусыныңды қандырдың.
Дүниенің жүзін шаң қылдың,
Жердің бетін қан қылдың,
Түгел билеп құрғақты,
«Əмірім тұт» деп жар қылдың.
Он екі əйел үстіне,
Жазираны жар қылдың.
Гүлжазира сондықтан,
Хан болсаң да сүймейді.
Жыртқыш деп сенен шошынып,
Адам деп сені білмейді.
Қайғы тартып қасіретпен,
Езу тартып күлмейді.
Бір залымның сөзі үшін,
Жетім-жесір тазшаны,
Қыруың, сірə, жөн бе еді?!
Артыңда қалар балаң жоқ,
Бізден де қу тақырсың.
Өз мініңді көрмейтін,
Хан болсаң да соқырсың!
Ашуланып Бозайхан,
«Сөйлетпеші тазшаны,
Дарға жылдам тарт» деді.
Жазираны келтір деп,
Бір жендетін жіберді.
Ханнан бұйрық алған соң,
Тоқтамай жендет жөнелді.
Басын жуып Жазира,
Отыр еді таранып.
Кіріп келді бір жендет,
Жарыла жаздап алқынып.
Жылдам келсін деп Жазира,
Хан жарлық етті шақырып.
Хан ашулы, Жазира –
Бүгін тірі қалмайды,
Сайрап тұрған бір тазша,
Қайтсе де сені жалмайды.
Жазықсыз болса тазшаның
Басын, сірə, алмайды.
Бозайхандай сұлтанды,
Гүлжазира, сүймедің.
Бір тазшаның тіліне,
Енді, міне, күйгенің
Қателесіп, Жазира-ау,
Хан ашуын тербеттің.
Өз теңің емес, қор болып,
Тазшалармен бір кеттің.
Жазира тұрып жендетке:
– Келдің бе деді хабардар,
Ханның еті етіме,
Тікенектей қадалар.
Байым деп қайтып жүремін,
Алдамшыны жан алар?
Келгелі зарлап жылаумен,
Тартылды кеуіп тандырым.
Өлмеген соң шыдаумен,
Жылап мауқым қандырдым.
Мен бір өскен балбырап,
Бақшалы ағаш жемісі.
Басында тұрсам салбырап,
Жемек болған əр кісі.
Аласа жерде мен тұрсам,
Кімнің келмес жегісі.
Хан емес, ол – қара тас,
Сонымен бірге жатқанша,
Етіме сірі батқанша,
Жазираның əр қашан,
Сол үшін келер өлгісі.
Үлбіреген жібекті,
Еріксіз көнге жапсырса,
Көріне ме жарасып?
Көнге қалай жабысқан,
Демес пе еді адасып!
Өлімді артық көремін,
Соныменен санасып,
Өксуменен өткенше.
Шыбын жанды қинамай,
Құтылайын дарға асып,
Шал дертіне күйгенше.
Қорлықпенен бүйтіп жүргенше,
Қаным барып қосылсын,
Тазшалардың қанына!
Тазша да болса өз теңім,
Жатсам, сірə, арман жоқ,
Солардың барып жанына.
Жазира келді қуанып,
Құрған дардың қасына.
Алды-артына қарамай,
Тұзақты салды басына.
Тазшамен бірге өлуге,
Тұрғандай-ақ асыға.
Күлбеттеніп Бозайхан,
Қырындап теріс қарады.
Гүлжазира өлімді
Өзі сүйіп қалады.
Бұйрығын күтіп Бозайдың,
Жендеттері дайын тұр.
Тартпақ үшін дараны,
Жазираны қия алмай,
Хан тоқталды шамалы.
Жазираның үлбіреп,
Бетінен нұры тамады.
Сонда тұрды Жазира:
– Хан, екі айтсаң қарасың,
Жендеттерің жан алғыш,
Тартпайды неге дарасын?!
Сарайынан Бозайхан,
Жақсы көріп мен тұрмын,
Тазшалардың моласын.
Дегенде хан «тарт» деді,
Бармағын өзі шайнады.
Қапаланып қан құсып,
Бұл қалай, деп ойлады.
Сымға тартқан күмістей,
Сұлудың аппақ білегі.
Баяулап барып тоқталды
Жазираның жүрегі,
Тұрса да дарда көз тартты,
Сүмбідей түзу сүйегі.
Жазираны көрген жан
Жаны ашыды, қайысты.
Талшыбықтай бұралып,
Он саусағы майысты.
Таңдап алған Жазира,
Асылып кетті дараға.
Жете алмады Бозайхан,
Бір шыр еткен балаға.
Сүйіп алған Жазира,
Кездесті мұндай жалаға.
Жақсы көрді Жазира,
Ханнан құлдың өлігін.
Өлерінде өтінді,
Құлмен бірге көмуін.
Жас құлдарды қалады,
Жазираның жүрегі.
Араласып бір кетті,
Өңкей жастың сүйегі.
Бозайхан күшті болса да,
Бола алмады жас жанның,
Қоспастай мəңгі тірегі.
Дем алып, бірге таздармен,
Орындалды осылай
Жазираның тілегі.