Қыз Жібек (5-бөлім)
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 172 жол
Төлеген мінген көк жорға ат,
Ер-тоқымсыз бос көрдім.
Ел жайлаған Ақ Жайық,
Жағалай біткен бидайық,
Маңдайда жанған шырағым,
Біреулер келіп өшіріп,
Көзімнен болды сол ғайып.
Қолымдағы тұйғынды,
Саулап келіп аспаннан
Желкесін қиды бидайық.
Пендем десе құдай-ай,
Бұл түс емес еді ғой.
Көрсетер маған ылайық.
Айналайын, жеңеше,
Төлегенді мен білдім
Бір кеткен соң келмесін,
Жарық дүние опасыз,
Білдім көзге ілмесін.
Айналайын, жеңеше,
Төлегенге айтып көр,
Тіліңді алса, жүрмесін.
Ата-анасы бар ма екен,
Жал-құйрығы жал ма екен,
Иə болмаса Төлеген,
Қаңырап өскен қу ма екен?
Атасының аты кім болар,
Апасының аты кім болар?
Сұрап көргін, жеңеше,
Қандай заман күн болар?
Жеңешесі Төлегенге келіп, ары-бері сөйлесіп, ата-тегін
сұрап, содан соң Жібектің түсін айтып тұрған жері:
Базарбайдың Төлеген,
Жеңгесі келсе алқынып,
Не айтып тұрсың демеген.
Жеңгесі сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді.
– Айналайын, күйеужан,
Бикешжан түнде түс көрді.
Түсінде жаман іс көрді.
Астыңдағы көк жорға ат,
Ер-тоқымсыз бос көрді.
Ел жайлаған Ақ Жайық,
Жағалай біткен бидайық,
Маңдайда жанған шырағым,
Саулап келіп өшіріп,
Көзімнен болған сол ғайып.
Қолымдағы тұйғыным,
Саулап келіп аспаннан,
Желкесін қиды бидайық,
Пендем десе, Құдай-ай,
Көрсеткен бұған ылайық,
Айналайын, күйеужан,
Тілімді алсаң жүрмегін,
Құдайдан тілеп жылайық.
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ой, жеңеше, жеңеше,
Түс – түлкінің боғы дер,
Жаратқан өзі жар құдай,
Өліп кетсем көңіл жай.
Атамның атын айтайын,
Алпыс жаста қарт еді,
Байлығы асқан Базарбай,
Анамның атын айтайын,
Елу жаста марқа-ды.
Олай-бұлай болып кетсем,
Сансызбай атты інім бар,
Жібекжан неге қорқады?
Шын тілесе пендеге,
Тəңірім тілек береді,
Қорықпасын Жібек түсінен,
Ендігі жазда келеміз.
Көрмей қалсам Жібекті,
Елімізде Шеге бар,
Сансызбайды ертіп,
Аулыңызға келеді.
Не қылса да Құдайың
Берер маған райын.
Жібекке дұғай сəлем де,
Деп осылай Төлеген
Енді атына мінеді,
Алла деп елге жөнеді.
Төлеген неше күн, неше түн жол жүрді. Көк тұлпар
атының күшімен еліне, жеріне аман-есен келді. Ата-а-
насы ұлының аман келгеніне қуанып, ел шақырып, той
жасайды. Елдің көзінше Базарбай: «Төлеген, қарағым,
қайындарыңа қашан барасың?», – деп сұрайды. Төлеген:
«Жазға таман барамын», – дейді. Сонда Базарбай Төле-
генге қарап: «Қарағым, мен бір тілек тілейін, бересің бе?»,
– дейді. Төлеген байқамай тұрып: «Берейін», – деп қойды.
«Берсең, ұлым, жолыңа басым – құрбандық. Сол тарапқа
бір жылға дейін ат ізін салма», – деді.
Төлеген: – Ата, барма десеңіз, бармай-ақ қояйын, – деді
атасының көңілін аулап. – Олардың елі-жері бізден артық
бола қояр ма?
Төлеген қыстады. Қыс өтіп, жаз келді. Күндердің бірін-
де аспаннан алты қаз қаңқылдап ұшып бара жатқанын
көріп, «жаз келіп қалған екен ғой. Мен Жібекке уəде беріп
едім. Жолға шығайын... », – деп ешкімге сырын айтпай,
Төлеген саймандарын сайлап алып қалады. Інісі Сансыз-
бай біліп қалып, артынан іздеп, Төлеген қай жерге қонға-
нын, қайда тоқтағанын іздестіріп, сұрап жүріп, тауып ала-
ды. Екі бауыр бірін-бірі қия алмай қоштасқан жері:
Жағалбайлы елінен
Жалғыздап атын мінеді.
Жолдас алмай елінен,
Тіл алмастан жөнеді.
Ғашықтықтың зарынан
Кетіп бара жатқанда,
Сансызбайды көреді.
Сансызбай келді қасына,
Базарбайдың Төлеген
Уайым түсті басына.
Шүу деп қамшы ұра алмай,
Қу бауырды қия алмай,
Қайрылып келді қасына.
Алдына жылап келген соң,
Көтеріп алды алдына.
Қабырғасы сөгіліп,
Көзінің жасы төгіліп.
Төлеген айтты: – «Е, қарағым, неге жылайсың, жыла-
ма. Мен жеңешеңді алып келмекке бара жатырмын». Сон-
да Сансызбайдың айтқаны:
Жыламайын, көкежан,
Өзің-дағы жылама.
Көзіңнің жасын тый дейді.
Сөгіп жатыр ата-анам,
Сапарыңды қой дейді,
Көп жолдаспен барсаңшы,
Ел-жұртыңды жи дейді.
Жалғыздық ісі қиын-ды,
Жалғыз қайтіп барасың,
Сен кеткен соң, мен қайтем?
Танымасаң ешкімді
Атаң кəрі, інің жас,
Көзімді кімге саламын?
Бұл барғаннан келмесең,
Қайғыменен қан жұтам.
Домбыра алып қолыма,
Тартамын сонда күй дейді.
Төлеген сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Қалықтап ұшар қанатым,
Соңымнан орын басарым.
Көзінің жасын бұлама,
Жібек сынды жеңгеңді,
Алып келмекке барамын,
Пендесін Алла қолдаса,
Қабыл болар тобасы.
Асықтырып, састырған –
Ғашықтықтың жорасы.
Айтып келгем Жібекке
Жақындап қалды уағдасы.
Үйде, түзде жүрсе де,
Қайда қашып құтылар,
Адам Ата баласы,
Мен кеткен соң, қарағым,
Тілек тіле Алладан,
Ақылменен іс қылғын,
Көзіңді кімге сатасың?
Разылығын əкем бермеді,
Əкемнен қорқып елімнен
Көкешің жалғыз жөнеді.
Тірі болсам, қарағым,
Алып қойдым үстіңе
Оқ өтпес сауыт-жарағың.
Жылқыда бурыл бір ат бар,
Былтыр құлын, биыл тай,
Ат болғанда мінбейсің.
Сабы алтын ақ семсер,
Жасатып қойдым өзіңе,
Беліңе байлап ілмейсің.