Артықша туған азамат
Жамбыл Жабайұлы · 1846–1945 · 38 жол
Жігіттіктің кезінде,
Жігерлі болса ер болар.
Тұрмаса жігіт сөзінде,
Нəсілі оның кем болар.
Қажырлы болса майданда,
Халыққа сөзі ем болар.
Ел үшін туған ерлердің,
Алды-арты дария кең болар.
Бірлігі кетсе ағайын,
Əркімдерге жем болар.
Білімсіз болса жолдасың,
Қылған қайырың сел болар.
Артықша туған азамат,
Халыққа үлкен бел болар.
Серт адамды байлайды,
Ер жігіт серттен таймайды.
Өршеленген кезеңде,
Өлімді кім ойлайды.
Жігері болса жігітің,
Орындамай қоймайды.
Атқан оқтан қайтпайтын,
Өтірік сөз айтпайтын.
Кезеңді жерде кез болса,
Қорқып тізгін тартпайтын,
Батыр Қараш, Саурық,
Шапырашты Өтеген,
Батырлардың еңбегі
Таныс маған ертеден.
Жамбылдың да серті бар,
Əділдік көрмей өмірден,
Жүрегінде дерті бар.
Ішіне Жамбыл түскен дерт,
Зұлымның салған өрті бар.
Қырандай Жамбыл қалқыса,
Өзі салған өрт жалын,
Зұлымға қарай шалқыса,
Елдің серті – ер серті.
Дұшпанның басын шарпыса!