Болат жүрек
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 24 жол
Қажымай тұр орнында болат жүрек,
Достарың салды пышақ, найза тіреп.
Тітіреп жердің жүзін зұлмат басып,
Нажағай атылса да, күн күркіреп.
Тау құлап, тастар жанып, су шайқалып,
Сілкініп бұзылса да, жер дүркіреп.
Қандатып, қарлы боран қарсы соғып,
Жаңбырдай ақса дағы жас сіркіреп.
Қан жүрек, рақымсыз темір қамшы,
Қолында қортық шоқпар тұр зіркілдеп.
Ғайбат, жала, өсекті мойныңа алып,
Уақыттың соққысымен кетпе әлсіреп.
Жаңбыр боп жақсылық нұр жауар ма екенө
Жүректің өшіргендей қайғылы өртін.
Кезігіп рақаттың кілтшісі,
Қайғының босатады қашан винтін.
Ұлғайтып уайымның уы қаптап,
Ап кетті жүзден тоқсан процентін.
Есепсіз еркелеткен қызық күндер,
Қымбатты рақаттың үзді жібін.
Суымен махаббатың суарылған,
Жастардың ашты тағдыр аражігін.
Махаббат винтіменен байланысқан
Пружина үзіліп тұр күні бүгін.