Сөз басы («Бақытсыз Жамал» романына)
Міржақып Дулатұлы · 1885–1935 · 56 жол
Мир-Якуб — төмендердің аласасы,
Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы.
Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,
Қазақша бір роман жаза салшы.
Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді,
Осылай шежіреден көрінеді.
Саны көп, сапасы жоқ, һәммәдан бос,
Ғылымға мойынсынбай ерінеді.
Шет шығып сахарадан баспас қадам,
Болады бүйтіп жүріп қашан адамө
Бейхабар ғаламдағы хикматтан,
Тұтқындай қапастағы күні қараң.
Болмайды кемшіліксіз һешбір халық,
Бәрінен кейін қалған қазақ анық.
Басқа жұрт біз секілді жалқау емес,
Ғылыммен қараңғыны етер жарық.
Шығып жүр һәр халықтың талаптысы,
Болмай ма талаптанған әлі-ақ кісі.
Қазақта жазылмайтын бір ауру бар —
Келмейді мінін айтсаң жаратқысы.
Кеудесін «мырза» десең көтереді,
Бардай-ақ құрт ауруы жөтеледі.
Шегінер халық пайдасы деген іске,
Деп айтшы осы сөзді бекер едіө
Оқуға емес жұрттың бәрі құмар,
Оқығаны романды не деп ұғарө
Демеймін жалпақ жұрттың бәрі кеще,
Мағынасын түсінетін бар да шығар.
Сонда да жұрттың бәрі біле бермес,
Сөз болар жақсы-жаман бәрі кеңес.
Мақсаты романның — халық түзетпек,
Жазылған еріккеннен ертегі емес.
Жамалдың жайын жаздық бұл кітапта,
Бақытсыз бір қыз екен осы шақта.
Біреуге хас нәрсе емес һәм болған іс,
Жайылған бұл бір ғұрып һәр қазақта.
Айырсын оқушылар мағынасын,
Жай ғана хикая деп қарамасын.
Көрген кім шариғаттан деген сөзді:
«Қор етіп әйел халқын аямасын».
Сатады қызды қазақ мал орнына,
Алмайды халал жұпты жар орнына.
Әйелді хайуанға қисап етіп,
Тұтады өзін ерлер хан орнына.
Байқашы өзіңе-өзің отчет беріп,
Бақытсыз Жамал қызды оқып көріп.
Қазақтың һәр жерінде бар емес пе,
Хисаплап уақиғаны көрсең теріпө
Бұл сөзді оқып көрер қолына алған,
Иншалла, хақиқат-дүр, емес жалған.
Тыйылып мыңнан бірі қиянаттан,
Көрсе екен ғайібләрін һәркім қылған.
Қазақша роман жоқ басылған көп,
Бұл күнде халық ішінде шашылған көп.
Қадари хал білгенімше мен де жаздым,
Тілеймін болса екен деп асырған көп.