Жүсіп хан (3-бөлім)
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 173 жол
Бұл не деген тамаша!
Уәзір оған бүйдеп тұр:
«О, сұңқарым, сұлтаным,
Саған құрбан жан-тәнім,
Тұр тезірек, таққа жүр!
Ханға құр су ұнай ма!
Саған даяр сарайда
Шербет, шарап, не тамақ...»
Сонда Жүсіп: «Тақсыр-ай,
Бізге арам ғой ол сарай,
Қылмаңызшы ақымақ!»
Сумаңдады уәзір сұм:
«Тәңірі куә, сөзім шын,
Иран ханы енді сіз.
Аббас тақтан түсті өзі,
Сен хандық құр, іш те же.
Біз-ақ елді билерміз!»
Түсі ме, бұл өңі ме?
Күдік кіріп көңіліне,
Жүкең ұртын шымшиды.
Жоқ, оп-ояу, ұйқы жоқ,
Зырлап кетті ойы – оқ...
Қонды атқа, құнтиды.
«Олай болса, дұрыс, жүр!
Мен енді – хан, сендер – құл.
Шу! Сарайға тартыңдар!»
Кетті. Ызғытты арғымақ,
Жетті. Жауһар асты тақ.
Ершің енді – алдияр!
Үлде-бүлде киінді,
Сімірді, жеді, тойынды.
Үйренді тақтың тәртібін.
Көні кепкен сұр кедей,
Біраз күн сөйтіп ләм демей,
Басқаннан соң қарқынын,
Бастады Жүкең бір істі:
Ел билеуге кірісті
Жақтап жарлы, жалшыны.
Сыпырғандай тезекті
Өңшең залым-кезептен
Еңбекші елді аршыды.
Жарлықты Жүкең жаудырды,
Уәзірді жер аудырды.
Қазының басын алдырды.
Машайығын, молдасын,
Қойқаңдаған қолбасын
Абақтыға салдырды.
Мұнапық талай мұңдардың,
Елді сорған сұмдардың
Қырықтырды басын түймедей.
Байларды айдап жиғызды,
Тұмылдырық кигізді.
«Уһ!» деді көп кедей.
Осылай өтті біраз күн,
Бай мен бекті соқты жын.
Алдында бар не сұмдық!
Оны Жүкең не қылсын?
Оның ойы: ел көрсін
Бір күн де болса әділдік.
Не керек, солай хан Жүсіп
Залымның қанын жосылтып,
Сорлының сорын ашқандай.
Мырза, молда, бай бәсең,
Бәрі жуас, бәрі әсем,
Аяқты байқап басқандай.
Кезептерді қылды жым,
Бұқара байтақ халықтың
Болды Жүсіп қалқаны.
Қуанған байтақ балаша:
«Мың жаса, Жүсіп, мың жаса!» –
Деп шуылдап алқады.
Күн артынан күн өтті,
Тірі қалған төбеттер
Есін жия бастады.
Тоғызыншы күн түнінде
Кірісті олар күбірге:
«Мынау Жүсіп шошқаны
Қойғанымыз ба осылай,
Қорлық көріп осындай?
Қара табан, тексіз ит
Не бекзатты боздатты,
Байды, бекті, боздақты
Байлап қойды жіпсіз, ит.
Күшікті басқа секіртті,
Кедей итті көкітті,
Құтырған мынау мұңдар құл.
Шейіт кетті-ау не серке...
Бізге де кезек күні ертең
Келмесіне кім кепіл?..
Шіркін, Аббас ат еді-ау!
Заттың ісі жат еді-ау:
Жұмысы жоқ бір істе,
Жатушы еді сарайда,
Арақ, қарақ, маңайда...
Не тілесең, соны істе...
Қой! Қорлықты көрерміз,
Бауыздалып өлерміз.
Жер бастырмас Жүсіп сұм.
Тап ертеңгі түн бар ма?–
Құтырған ол мұндарға
Жалғыз қанжар жалынсын!..»
Кеңес тынды, таң атты,
Күн де батты, ел жатты.
Жүсіп жалғыз тағында
Отыр еді қатерсіз,
Балға түскен қатесіз
Оныншы күн таңында.
Көп төбеттен бір төбет
Кіріп, басып біртелеп,
Қадап қалды қанжарды.
Жүсіп үнсіз сылқ етті,
Хан кілемі бүлк етті,
Ханды жұтты, олжа алды.
Болды бектер кеңесі,
Жүсіп сордың денесі
Кескіленді, көмілді.
Абыр-сабыр басылды,
Жұртқа жарлық шашылды:
«Қаза жетті, хан өлді».
Жұрт жыласты, жиылды,
Бектер бұлай күйінді:
«Алда, дүние-ай! Күн қараң!
Біз қалдық-ау сорменен!
Барса, келмес жолменен
Кетті-ау сұңқар Жүсіп хан!
Татып ажал шербетін,
Өлді Жүсіп. Ел – жетім!
Байтаққа кім болар бас?
Жәрдем берсін бір Құдай...
Уа, жамағат! Алақай!
Аббас келді! Хан Аббас!»
Сол арада бұрыштан
Құжырайған, құрысқан
Хан Аббасың бүкеңдеп
Шыға келді, о, қасқа!
Жүрген екен тау-таста,
Қашып-зытып Жүкеңнен.
Мырза, шора шуласты,
Көтерісіп Аббасты,
Тағына алып барады.
Жұрт түнеріп тұрды да,
«Қап!» – деп санын ұрды да,
Үн-түні жоқ тарады.
Аббас таққа шоңқиды,
Қол тоқпағы қоңқиды:
«Шүкір, шүкір, Алла!– деп.–
Енді тілден тыймайын,
Қалағанын сыйлайын,
Балшым қайда, бар ма?» – деп...
Сөйтіп, Иран тағына
Өңшең сұмның бағына,
Тағы отырды Аббас хан –
Жасын тақта жасаған,
Күшігенге ұқсаған,
Құлқы бұзық қақпас хан.
Ел бақпады, тақ бақты,
Бар жұмысы – тек жатты
Алтын сарай ішінде.
Әйел жиды үйірлеп,
«Әйел!» деді күбірлеп
Өңінде де түсінде.
Шараптан ылғи шала мас.
Тажындағы тізген тас
Гауһар Күннің көзіндей.
Арамтамақ Аббас хан
Өз құлқына тап басқан
Уәзір жиды өзіндей.
Сұм-сұрқия уәзірлер
Хан керегін әзірлеп,
Шапты, шанышты, ел талап.
Бұқара сорлы бүгжеңдеп,
Табанда ылғи тепкі жеп,
Жүрді жасы сорғалап.