Батыр Баян (2-бөлім)
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 180 жол
Қалмақтың қайсар қызы қайрылмаған,
Болаттай жасу білмей, майрылмаған.
Жап-жас қыз сұмдығы мол, сыр бермейді,
Жандай-ақ ойдан аулақ қайғырмаған.
Алаштың аруы боп кетсе дағы,
Жанымен өз жұртынан айрылмаған.
Сұм сұлу анадайдан «ағатайлап»,
Баянда жан қоймаған жандырмаған.
Сонда да сыр шығармай батыр Баян,
Жастық қып жанын естен тандырмаған.
Осылай іштен күйген батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Баянның інісі бар он бес жаста –
Бөрінің бөлтірігі – бала Ноян.
Ноянның бар ақылы білегінде,
Билеген асау жүрек, қайнаған қан.
Келгенде-ақ сұлудың бір қарауынан
Ноянның жүрегінде ұшқын туған.
Сол ұшқын өртке айналып, жап-жас Ноян
Алысып жүрегімен, аласұрған.
Жастықта жалынданып сүйген қандай!
Баладай өксіп жылап, күйген қандай!
Көрмесең жан-жарыңды өлгендей боп,
Қайғырып күлден кебін киген қандай!
Кеудеңе жан кірмей ме, көзің шалса,
Өмірің жаңа ағарып атқан таңдай.
Кеудеңді қасиетті сәуле кернеп,
Жүрегің сол минутте жарылғандай.
Не дерсің салпаң құлақ есектерге,
Өгіздей өмір сүрген сүймей-жанбай!
Ноян да сол сұлуға – тәтті балдай,
Мөлдіреп қараушы еді көзі талмай.
Мас болып, дене түгіл, жаны елжіреп,
Жұтқандай сол сәулені демін алмай.
Алайда бұзық ойдан аулақ еді,
Сұлуға Тәңірі көріп табынғандай.
Жанса да жап-жас Ноян, сұм сұлу қыз
Көп заман жүрді бірақ көз де салмай.
Сонда да кейбір кезде ақ бетіне
Бір нәрсе жүгіруші ед ыстық қандай.
Айға алтын Күн нұрынан сәуле бермек,
Шалқыған махаббат-от аспанға өрлеп.
Жүрегін өзі сүйген отты жүрек
Оятпақ тас болса да, зарлап тербеп.
Басында сыр бермеген сұм сұлуға,
Біраздан бола бастар күлкі кермек.
Нояннан о да көзін алмас болды,
Күйдіріп жас жүрегін жалын кернеп.
Шешілді екі жастың жұмбақтары,
Екеуі бір іңірде сайда кез кеп...
Сиқырлы гүлге оранған жібек майда,
Сылдырлап сылқ-сылқ күлген терең сайда
Ерке өзен жанын өртеп, жармен ойнап,
Сүйгізген ақ бетінен күміс Айға.
Сондай бір жібек кеште жаны өртеніп,
Екеуі «әй!» дескендей барған сайға.
Аулақта сүйіскен жан ұшырасса,
Еріксіз тамырларға у тарамай ма?!
Анттасып, айрылмасқа сөз байласып,
Бастық деп Арсыға адым санамай ма?
Жас Ноян қызды көріп от боп кетті,
Көздері қызыл жалын шоқ боп кетті,
Жер мен көк, Ай, жұлдызды тұман басып,
Бір қыздан басқа нәрсе жоқ боп кетті.
Келді де қызға жалын сөздерімен
Шығарды жан ұшырып іштегі өртті.
Бір күйіп, бір суынып, бір елжіреп,
Біресе жас баладай жасын төкті.
Өртемей отты жүрек қоймақ па екен,
Тақады сұлу қыз да бетке бетті.
Қыз сонда: «Ноян бауырым – Кебем!– деді,–
Мен сенің сүйгеніңе сенем,– деді.–
Сүйемін мен де сені, Тәңірі куә,
Тән түгіл, жаным саған берем!– деді.–
Нояным, бірақ сенен қалауым бар»,–
Деді де, сұлу ойға тереңдеді.
Сұлудың сырға толы торғын беті-ай,
Бетінде ешбір толқын көрінбеді.
Біраздан көздеріне жас мөлдіреп,
Жас сұлу жылап тұрып күлімдеді.
Қыз сонда: «Қалауым бар, Ноян батыр,
Адасқан аққу құстай мен бір пақыр.
Арқаның аруы боп жүрсем дағы,
Алыста туған, өскен жерім жатыр.
Өткізген балаусадай бөбек күнім,
Барқыттай белес-белес белім жатыр.
Айбынды арыстандай құмда кезген,
Күңіреніп қалың қалмақ елім жатыр.
Барқыт бел, қашқан қалмақ қалсын адыра,
Ата-анам – айым менен күнім жатыр.
Ер Баян біздің елге барған еді,
Көп қойға көкжал ойран салған еді.
Бөбегін шырылдатып ап кеткенде
Ата-анам жылап-зарлап қалған еді.
Сорлы анам көкірегін көкке сауып,
Қан жылап менен бір ант алған еді.
Ол анты: «Елдің шетін, анаң бетін
Бір көрмей, қозым, ерге барма!» – деді.
Анама сөзім – анау, өзім – мынау,
Жас Ноян, жүгінемін ер деп сені.
Көр болсақ, көрді көрмей, Тәңірі оңдай ма,
Ер Баян неге батқан терең ойға?
Мен сорды көргеннен-ақ сүйген Баян,
Қосылсақ, Баянға ауыр дерт болмай ма?
Биікке кетпей киік, ойда ойнаса,
Ашулы арыстанға мерт болмай ма?
Екеуміз Сарыарқадан сапар қылсақ,
Қатерсіз қосылуымыз берік болмай ма?
Қаны бір ел еді ғой қазақ, қалмақ,
О да бір саған туған жұрт болмай ма?!» –
Деп сұлу сыбырлады сиқыр сөзін,
Толтырып меруерттей жасқа көзін,
«Шыдашы, кәне күймей!» –дегендей-ақ,
Ноянға тақап тұрып жалын жүзін.
Жас Ноян жас қанына тұншыққан соң,
Ұмытпай тұрсын қалай өзі-өзін!
«Жарайды, даярмын!» – деп айтып салды,
Ойланып бір минут та қылмай төзім.
Сол сайда уәделерін бекітісіп,
Екеуі аймаласты ыстық жүзін.
Сол уақыт мезгіл екен дәл таң алды,
Төзім қып албырт Ноян күтпей таңды,
Жүгіріп жан ұшырып жаяу барып,
Жылқыдан екі жүйрік таңдап алды.
Азырақ азық алып, қару-жарақ,
Жүйрікке әсем әбзел тұрман салды.
Сөйтті де Сарыарқамен есендесіп,
Екеуі ескен желдей кетіп қалды.
Кетті олар. Сәске болды, ауыл тұрды,
Алдымен Ер Баянға хабар барды.
Боз үйде жатыр екен Баян жалғыз –
Керілген күнге еркелеп жас жолбарыс.
Ауылдың ақсақалы сөзді әкелген
Деп бастап: «Баян-айым, бір масқара іс
Өткен түн болып қапты...»,– деп шұбыртып,
Жаудырды екі жасқа нәлет-қарғыс.
Алайда жас Ноянды ақтай сөйлеп,
Дей берді: «Қылды-ау бізге қалмақ қар қыз!»
Ер Баян сұп-сұр болып, деді бірақ:
«Жарайды... Бар, ақсақал. Ойланармыз».
Боз үйде жалғыз қалып Баян енді,
Жаралы жолбарыстай күңіренді.
Қорғасын миын, ойын төмен басып,
Ақылға алғыр құстай ашу төнді.
Бір көк сұр түс енгізіп бар денеге,
Сұм жүрек қанды өзіне жинай берді.
Ақыры ашу ерді билеп кетіп,
Жалп етіп сөнген шамдай ақыл өлді.
Өлді ақыл. Атып тұрып батыр Баян,
Боз үйден оқ жыландай шыға келді.
Ер Баян сол кеткеннен кете барды,
Мініп ап белдеудегі көк тұлпарды.
Дулыға, қалқан, көбе қалған ұмыт,
Белінде жалғыз-ақ бір садақ бар-ды.
Бауырынан Обағанның орғып өтіп,
Арыстан айдалада дүбір салды.
Дауылдай талмай есіп, желдей ұшып,
Түс ауа Жолдыөзекке жетіп қалды.
Кермиық Жолдыөзектің даласында
Алыстан екі қараны көзі шалды.
Атығай қоныс салған Жолдыөзекке,
Құнарсыз, ащы татыр сорлы өзекке.
Жолдыөзек – жолсыз өзек, құтсыз, отсыз,
Алдымен жау да салған қолды өзекке.
Айрылып байлығынан, көп соққы жеп,
Көз жасы Атығайдың толды өзекке.
Алаштың Асан Қайғы данышпаны
Кетпеген «Қанды өзек» деп тіпті текке.
Ежелден құт дарымай, қағынған жер,
Қайғылы бір іс болды сол өзекте.
Алыстан екі қара көрді Баян,
Кілегей қара бұлттай төнді Баян.
Ой жоқ боп, жүрек шоқ боп, құр екпін боп,
Сұңқардай сорғалаған келді Баян.
Қыз түгіл, қаны бірге өз бауырын
Танымай қалғандай да болды Баян.
Байланған белде сала садағына
Қалшылдап қалды салып қолды Баян.
Ашуын арыстанның байқаған соң,
Майысып тұра қалды жап-жас Ноян.