Ертегі (2-бөлім)
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 140 жол
Дем шығарма, салса да тас салмағын,
Қары түгіл, ауыртады бармағын.
От басына тастады да, дөңбекке
Сыздық батыр жапты қара қапталын.
Атын алып кетті өзі анадай,
Сескеніп бір жан-жағына қарамай.
Тұсаулы аттың тасасында отырды,
Бұғып қана тоңған қойшы баладай.
Ашыққан ат үзіп жатыр күріс-күріс,
Ол үзгені тырбық-тырбық баялыш.
Айнала – өлім, жыбырлаған жел де жоқ,
Естіледі жалғыз ғана дем алыс.
Естімейді құлақ ешбір тықырды,
Әлде пері әпсүн оқып түкірді?
Бетпақ шөлдің көгі де бір сұр кебік,
Айы нұрсыз, жұлдызы үнсіз сықылды.
Тым болмаса, сылдырласа қамыстар!..
«Әлдеқайда, Қырда, Сырда алаш бар...»
Шулаған аң, шұбырған мал, шалқар көл,
Мұнарлы тау, балдай бұлақ, ағаш бар.
Сыздық мынау елден безген ел үшін...
Сыздық мынау шөлге көмген жас күшін...
Бетпақ шөлде Сыздық өлер, құм көшер...
Жүректе у... жарып қарар кім ішін...
Өлер батыр... тастар оны құм көміп...
Қарға-құзғын үстінде жүрер үңіліп...
Сыздық өлер... алаш құрыр... есіл ер...
Бір мезгілде кетті ме көзі ілініп.
Бір мезгілде жындай ойнап жел шықты.
«Фию-фию» деді. Тілін кім ұқты?
Сыбырлады, жыбырлады жорғалап,
Шөл шулатып, құм аузына құм тықты.
«Фию-фию, фию-фию» есті жел.
Бұғып жатқан баялышты құшты жел.
«Жынды неме, мұның не?» – деп, мырсылдап,
Селк-селк күліп, селкілдеді сексеуіл.
Сылдыр-сылдыр қамыс басты сылдырға,
Жел сүйсе оны, жан кіреді құрғырға.
Жел – жас жігіт, қамыс – қыз ғой көңілшек,
Еркі қалып, салған «қойшы, құрғырға».
Уледі жел, дауылға ол айналды,
Көкке қою қара бұлттар байланды.
Қыбырлады тұншығып жатқан құмшықтар,
Серпілді де, ер садағын қолға алды.
Әр дыбысқа енді құлақ түрулі,
Көз тігілді, қолда садақ құрулы.
Жезтырнақ қой келе жатқан кәрленіп,
Дию ашулы, пері жүріс, жын шулы.
Сол секундта жаншып жап-жас қамысты,
Жындай, түндей қап-қара бір албасты
Жымып қана келді дөңбек жанына,
Сол секундта батыр көзін қан басты.
Тартайын деп оңтайланды садағын,
Сонда албасты: «Ә-ә, Сыздық қарағым,
Жатырмысың ұйықтап қаннен-қаперсіз?!
Мына маған қалай кәрмен қарадың?!
Келдім. Кеттім. Орныңнан да тұрмадың!
Кім ұмытар сенің тұқымың қылғанын.
Кене – әкемді, Абылай ағамды өлтірді,
Балам, сенің құрытайын ұрпағың!» –
Деді де ол, көзі оттай жайнады,
Жез тырнағын өз тісіне қайрады.
Қайрады да көмді тасқа тырнағын...
Ессіз шіркін қайдан білсін айланы.
Сол арада «талдау жердің тұсы» деп,
Сол арада «дәл жүректің басы» деп,
Көзі қан боп, қарт бурадай қалшылдап,
Дәлдеп тұрып тартып қалды ер Сыздық.
Тырнақ тіліп тас шыңғырып – «шақ!» деді,
Сол секундта тартылды садақ – «тақ!» деді.
Тәлтіректеп, аузынан кесек қан атып,
Жезтырнағым «аһ» деді де, «қап!» деді.
«Сыздық сұм-ай, орарыңды біліп ем,
Ордың да сен тындың. Болды тілегің.
Бір сұрауым: тағы да атар ер болсаң,
Бір оғыңмен азаптанып өлемін».
Сөз орнына Сыздық сақ-сақ күледі,
Екі атса ғой Тырнаққа Құдай береді!
Біраз тұрып, тәлтіректеп жезтырнақ,
Сүйретіліп қопаға қарай жөнеді.
Жол берді оған, қамыс тағы ашылды,
Намысы жоқ қамыс тағы бас ұрды.
Біраз сыбыр. Біраз жыбыр. Дыбыс жоқ.
Көк айықты, жел де енді басылды.
Ешбір үн жоқ. Үнсіз өлік – бетпақ шөл,
Жыбыр-жыбыр. Жанын берді, өлді жел.
Тұншыққан құм. Мәңгі бұққан баялыш,
Қатып қалған, селкілдемейд сексеуіл.
Айнала өлім, егі-шексіз шөл де шөл...
Шөл мен өлім арасында бір-ақ жол.
Ер Сыздықты тағы ойлар биледі,
Иекте тұр жаңа садақ тартқан қол.
Әлдеқайда, Қырда, Сырда алаш бар...
Мұнарлы тау, балдай бұлақ, ағаш бар...
Есіл елді, есіл жерді жат алды...
Ойлы ұлына бұл кең дүние болды тар.
Ойлар басты, жүйрік жанға ой батты...
Ұзамады, ағарып ақырын таң атты.
Ұры ойлар жанды жеді, қанатты,
Тарам-тарам алма беттен жас ақты...
Күні кеше айбынды Абылай бабасы,
Ақылы кең, алты алаштың ағасы,
Шын хан еді-ау, қорғаны еді-ау қазақтың,
Өлді Абылай, солды қазақ даласы.
Өз әкесі Кенесары кім еді?
Заулаған өрт, ойнаған от, Күн еді.
Алаш деп – у, қазағым деп қан жұтып,
Қаза тапты, қазағым, күнің түн еді!..
Сыздық мынау қайғы қуып, шөл безген,
Кім біледі, көмер оны құм кезген.
Бүйткенше ол, неге жүріп кетпейді
Кене, Науан салып кеткен қанды ізбен?
Өлім іздеп адам белін бусын да,
Ерден туған ердің жолын қусын да.
Жолбарыс ер жалғыз өлсін майданда,
Жаспен емес, қанмен бетін жусын да!..
Осы ойлармен ерттеді атын мінгелі,
Шөлден безіп, қанды жолға кіргелі,
Алаш елі, сары сайран жері үшін,
Жапанда емес, жау қолында өлгелі.
Осы ойлармен Сыздық атын ерттеген,
Тап сол кезде ер жүрегі өрт екен...
Заман озды, адам тозды, ерлер жоқ...
Заман озды, ер заманы ерте екен...
Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,
Ерте күнде ерлер екпінді өрт екен.
Хандарынан, ерлерінен айрылған
Алты алаштың жүрегінде дерт екен!
Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,
Хан заманы, ер заманы ерте екен.
Ерте заман, алаш аман – айбынды ел...
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен...
Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен.
Күңіреніп күрсін де, алаш, тыңдай бер,
Ертегі айтад дертті балаң Жәжекең.
Бітті ертегі. Аласұрад жас жүрек,
Қарақ па әлде? Арақ па әлде? Не керек?
Арағы да, қарағы да құрысын!
Қиялтайым, айтшы тағы, тағы ертек!..