Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жүсіп хан (2-бөлім)

Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 184 жол

Машайығы сүмиіп,
Молдалары мөлиіп,
Бере алмады бір жауап.
Хан бетінен қан қашты.

Жұрт та жым-жырт. Хан састы.
Алақ-жұлақ екі көз.
Сонда, анау балшыдан
Құлдық ұрып, бас ұрған

«Ханым!» деген шықты сөз.
«Ханым!– деді,– Алдияр!
Қайғырмаңыз, үміт бар,
Ойдан айла табылар.

Арыстаным, тірегім,
Қасық қаным тілегім,
Мен дәметпен дүние-мал».
Үміті құрғыр жылт етіп:

«Сөйле!– деді хан зекіп,–
Сөйле! Күнәң кешілер!»
Балшы сонда тоқтап аз:
«О, сұлтаным, шахыбаз,

Жұмбақ былай шешілер:
Оныншы күн таңында
Иран елі ханына
Қаза жетпек қатесіз.

Айла мынау сізге, хан,
Тап қазіргі сағаттан
Тақты тастап кетесіз.
Сіз кетіңіз, падиша,

Он күн біреу уақытша
Хандық құрсын тағыңда.
Жұлдыз сөзі дөп келер:
Тақта отырған хан өлер

Оныншы күн таңында».
Хан қуанып қопаңдап,
Қоразданып қоқаңдап,
Жалт қарады уәзірге:

«Қанатым сен, құйрығым,
Жұрт билеуге жүйрігім,
Сен хандық құр әзірге.
Айта қалса, хан қайтпас!

Қарсы келсең, мынау бас
Осы жерде кесілер!»
Уәзір сонда сабазың,
Қулық-сұмдық сабағын

Судай ішкен есіл ер,
Жүзіне қуаң өң кіріп,
Көзді тоқсан төңкеріп,
Қолды жайып жіберіп,

Бейне маймыл маймаңдап,
Біресе бейне жайнаңдап,
Біресе бейне түнеріп:
«Сұбхан Алла! Сұлтаным,

Сізге құрбан жан-тәнім.
Күнім туды оңынан!
Бірақ... Алла, ханым-ай,
Мендей сордың ойы сай,

Келмес хандық қолынан!
Сондықтан таққа қария,
Оқымысты-дария
Қазы лайық болар-ау!..»

Енді қазың қақалды,
Салалады сақалды,
Желпілдетіп қос танау:
«Астапыралда... әзірмін.

Сөзінде бірақ уәзірдің
Бір қата бар болмашы:
Аюға ақыл қонар ма?
Келтексіз тентек оңар ма?

Лайық болар қолбасы!»
Екі беті шиқандай,
Дәл қораздай қойқаңдай,
Басып, жаншып, қиратып

Ілгері шығып ентігіп,
Қызарып, ісіп, бір тынып,
Едірей мұртын ширатып,
Барқылдады қолбасы.

Не керек, сөздің қысқасы,
Басқаға о да сілтеді.
Ақырда хандық кеңесі
Жүзі қара немесі –

Жендетке барып жетеді.
Болғанмен қанша шала есті,
Оған да дереу ой түсті:
Хан болсын қалай жан қиып!

Өзі кетті ырбиып,
Ерні кетті дүрдиіп,
Қолы қалды тырбиып:
«Е! Құрмалдық мен бе екем?

Он күн деген күн бе екен?
Адыра қалсын бұл хандық!..»
Сөз тоқталды. Жұрт жым-жырт.
«А, Құдайым! Құтқар!» – деп,

Айтысты іштен құрмалдық.
Сонда балшы сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Бұған да амал табылар.

Ұнатсаңыз, халайық,
Бұл он күнге лайық
Жүсіп деген бір сұм бар.
Базарда ылғи ер істер,

Өзі шебер мініскер,
Нағыз найсап, шаян тіл.
Осы отырған бәріңді,
Жазаласа ханымды,

Ұры-қары дейтін ол!
«Хан, ханшасы, қолбасы,
Уәзір, қазы, молдасы,–
Өңшең ұры обырлар.

Бұқара елді еңіреткен,
Кедей қылып күңіренткен
Солар»,– дейтін ол мұндар!
Мен ойлаймын, падишам,

Тап сол Жүсіп уақытша
Хандық құрсын тағыңда.
Жұлдыз сөзі іске асар:
Жүсіп жанмен қоштасар

Оныншы күн таңында».
Жұрттың аузы шешілді:
«Мұндай итті, кесірді
Жермен-жексен қылмас па?!

Дұрыс, дұрыс! Сол сұмнан
Өз қанына сусаған,
Таққа лайық кім басқа?!» –
Десті осылай, сөз тынды.

Біз де ақырын сөзді енді
Жөнелтелік Жүсіпке.
Жүкең қайда шаян тіл?
Қайда болушы ед? Базарда ол

Қақталып, қасқа, ыстыққа.
Шаңқай түс. Шым-шым шағыл күн.
Базар ызың, ың да жың.
Жабыр-дабыр сансыз жұрт.

Саудагер сұм жаны – мал,
Шиқан бетті, жүн сақал,
Сатқан, алған шартпа-шұрт.
Сәлде, шапан шұп-шұбар,

Ардаңдаған арбалар.
Есек, молда мөңіреген.
Дәруіш, балшы, ойыншы,
Ақсақ-тоқсақ, қайыршы,

Жетім бала еңіреген.
Қап-қара бет, сұр дене,
Доп-домалақ бірдеңе.
Бұл – әйелі Иранның.

Сол базарда бар Жүсіп,
Отырды Жүсіп шай ішіп
Жолдасы біраз адаммен.
Отыр екен деп Жүсіп:

«Біз көреміз, не керек,
Хан, қазы, әкім, байлардан.
Кедейге күн жоқ таң атар,
Кедей сорлы жұбанар

Осы деп бізге жазған заң.
Ойласаңшы, о жазған,
Сол заңды өзі кім жазған?
Хан емес пе қазымен?..» –

Дей бергенде осылай,
Әскер көрінді анадай,
Сырнай-керней сазымен.
Су ете түсті жүрегі,

Сұп-сұр болды реңі:
Кімге жаққан тура айтқан.
«Болмаса игі ед бір сұмдық!» –
Деп күбірлеп, жым болып,

Жүсіп көзін қаша атқан.
Қарай қалды қол жаққа,
Қол келеді бұл жаққа.
Дүріл-күріл, ызы-шу

Самсаған қол. Сары дала.
Қызыл-жасыл, ақ-ала.
Арғымақ, Сырнай. Дабыл. Ту.
Сәлде. Сақал. Дулыға.

Құлдар қолдың жолына
Кілем төсеп қайқаңдап,
Уәзір, қари, молдасы,
Қоразданған қолбасы

Қол алдында қойқаңдап.
Базар халқы қым-қиқу,
Енді жым-жырт... жығылу.
Бәрінің тілі байланып...

Жұртпен бірге Жүсіп те
Демін алмай, мысықтай
Болып, басы айналып,
Көзін жұмып, енді ашса,

Мағжан Жұмабаев өлеңдері

Барлық 279 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері