Батыр Баян (5-бөлім)
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 161 жол
Мүшкіл боп, Абылайға бір сөз салмақ.
Іңірдің соңын ала хан Абылай
Серпіліп, ерлеріне қылды жарлық.
Ерлерін жиып Абылай – ел ағасы,
Сұрайды: «Мынау істің не шарасы?»
Қырандар әрі-бері толқысқан соң,
Қанайы Қарауылдың – топтың басы
Саңқылдап суырылып сөйлей берді:
«Қытайдың қол ұсыным шекарасы.
Қалмақты Қытай кірген зерттер болсақ,
Қазақтың бірі қалмай мерт боласы!..»
Тұнжырай қалса дағы хан Абылай:
«Қайту!»– деп сөздің болды бітуанасы.
Таң ата қол қозғалмақ кейін қарай,
Ұрылған көңілі қаяу хан Абылай.
Қол жатқан, жым-жырт басқан, Тәңірі таяу,
Жалғыз-ақ жатқан ояу Баян бала-ай:
«Апырым-ай, алаш арын жоқтамастан,
Жөңкіліп бұл қайтудың мәні қалай?» –
деді де, атып тұрып топ ішінен,
Ерлерден от екпінді, жолбарыстай
Жүз жасты жолдас қылып, тарта берді
Таң ата: «Қайдасың,– деп,– қалың Қытай!»
Қол қалды. Жүз жолбарыс майданды ойлап,
Тартады шабуылмен Іле бойлап.
Алдында ақ сұңқардай батыр Баян,
Екпіні қауға тиген өрттей ойнап,
Бедеулер болат тұяқ желден ұшқыр
Алысып, ауыздықты қарш-қарш шайнап.
Сәскеде сағымменен көрді Баян
Көп қалмақ Іле бойын жатқан жайлап.
Жүз бөрі аз дамылдап алысты да,
Ат қойды қалың жауға «Абылайлап».
Жүз қыран мың сан қолға араласты,
Орғыған асқар таудан судай тасты.
Шыдамай жүз екпінге, шулай беріп,
Қалмақты ә дегенде қара басты.
Аздан соң есін жиып бөріккен ел,
Қару ап, қара құрттай құжынасты.
Аз болса, бір қазаққа жүз қалмақ кеп,
Ат қойып, қиқу салып, қамаласты.
Тер саулап тебінгіден, қылыштан қан,
Шаң, түтін будақ-будақ аспанға асты.
Аз қазақ көп қалмаққа салды тойды,
Көк аспан қара түтін шаңға тойды.
Алдаспан ажалменен бәсеке боп,
Қанішер қайқы қара қанға тойды.
Жып-жылы адам қаны бүлкіл қағып,
Қуалап жылжи берді ойдан-ойды.
Көк көбе шүберектей шұрқ-шұрқ болып,
Жыртқызды ерлер дал-дұл тұла бойды.
Анадай дөң басында Ұса, Серен
Қуыршақ құдайына қасқа сойды.
Шаңқай түс. Қызыл-жалын бір жел ескен,
Зәндем от, әуе айналып жерге түскен.
От түбі тоқтап қалған, жылжымайды,
Аспанда жоқ бір жапырақ бұлт та көшкен.
Сол кезде қара бұлттай қалың қалмақ
Қажытты жүз қыранды жаннан кешкен.
Қазақтың көбін аттан түсірген соң,
Қалмақтың қуаныш пен қиқуы өскен.
Сол кезде қалың топтың ортасында
Шықты шу: «Мұнда Баян! Баян!» – дескен.
Қалың қол ортасында батыр Баян,
Баянның батырлығы алашқа аян.
Екі көз екі қызыл шоқ боп кеткен,
Аузынан көбік болып бұрқырап қан.
Оң-солға алдаспанды сілтегенде,
Бұлақтай қалмақ қанын бұрқыратқан.
Жанында жалғыз жолдас – жас Жанатай
Қансырап, зорға ғана кірпік қаққан.
Түзеліп отыруға халі қалмай,
Қисайып бара жатты құлап аттан.
Жолдас дер ердің ері-ақ қан майданда,
Жан беріп жолдасы үшін алдаспанға,
Еңкейіп сүйемек боп батыр Баян
Жолдасы Жанатайға айналғанда,
Бір қалмақ еңгезердей көк найзамен,
Білмеген, сірә, тою қызыл қанға,
Қапыда қайран ердің сүбесіне
Бойлатып сұғып тұрып бұлғағанда,
Ер Баян Жанатайды алдына алып:
«Қыларың, қатын қалмақ, тағы бар ма?» –
Деді де, суырып ап жау найзасын;
«Алаштың аруағы,– деп,– қайдасың?!» –
Жыландай жарқ еткізіп алдаспанды,
Түсірді топ еткізіп қалмақ басын.
Бұлақтай аспанға атып қан шапшыған
Жараға тығып тұрып бармақ басын,
Қасқиып қан майданда тұрып қалды
Қайран ер, қайсар Баян жолбарысым!
Алайда уақыт өтті, құлап түсті
Құшақтап Жанатайдай жан жолдасын.
Жер мен көк шыр айналып араласты,
Көз алдын қара түтін тұман басты.
Тәтті бір жазғы таңда қалғығандай,
Ер көзін оқтын-оқтын жұмып ашты.
...Көргендей болды ашулы Абылайды,
Қалың қол: «Әне, Абылай!» – деп шуласты.
Тағы ашты жұмған көзін, тағы көрді
Алдында жас ұлан мен Толқыншашты.
Екеуі құшақтасып жап-жақын тұр,
Басымен ишара етіп амандасты.
Сұлудың сексен сырлы жұмбақ жаны-ай,
Ерніне әлде болса күлкі алғандай.
Жоқ... Күлкі жоқ... бетінде тамшы қан жоқ,
«Ағалап» жанұшырып жалбарғандай.
Жоқ... өзі Жолдыөзекте жортады-мыс,
Алыста екі қара көз шалғандай...
Ұмтылды оқ жыландай... садақ пен қан,
Кезерген ердің ерні қозғалғандай:
«Көзімнен неге ақпайды қан боп жасым,
Жан беріп, жазғаным ғой жан жарасын.
Кетсе де жаннан жара, қан кетпек пе?
Дариға, жазамнан да күнәм басым!
Күнәмді Тәңірі кешпес, кешер бірақ
Жауыңда жан берген соң алты алашым!» –
Қайран ер аласұрып, жанұшырып,
Көтеріп, көз жұмулы, алып басын,
Жан бауыры жас Ноянға ым қағып ед,
Жас Ноян құша түсті Толқыншашын.
Екі жас қайғысы мол құп-қу жүзді,
Екеуі құр қарап тұр алмай көзді.
Көкесі жан бергенде, бөбек Ноян
Тұрғаны мәні қалай құшып қызды?
Дариға, беті қара сорлы Баян
Шығарған өз қолымен екі көзді:
«Іс өтті. Ажал жетті. Енді не бар?
Қоштасып, айтысалық соңғы сөзді!
«Келіңдер, қарақтарым, кешіріңдер!» – деп,
Ер Баян әлсіз ғана қолын созды.
Көз алды енді мәңгі тұман болды,
Жабырлап жан-жағына қалмақ толды.
Баянды балағаттап, ісіп-кеуіп,
Бір қалмақ қалды теуіп созған қолды.
Сылқ етіп, созылған қол жерге түсіп,
Жүзінің бірте-бірте нұры солды.
Баянның басын бірі кесіп алып,
Бұлғады найзаға іліп оңды-солды.
Қуанып қос қонтайшы – Ұса, Серен,
Алғысқа көмді елірген қалың қолды.
Көңілінен Ұса, Серен кеткен қауіп,
Қуанып, сырнай-керней қылды сауық.
Алайда Абылайдан сескенген соң,
Жөнелді ертеңіне Қытайға ауып.
Алаштың ардагері батыр Баян
Бір қырда қала берді топырақ қауып.
Жаудан да мейірімді боп жылады жел,
Күңіреніп ер денесін құммен жауып.
Іленің толқындары әлі күнге
Айтады ерге жылау ауық-ауық...
Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай жортқан
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпс.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!