Бала мен құс
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 37 жол
(Орысшадан)
– Жыршы құс, тілімді алып, келші мұнда,
Жасыл шөп, жасыл ағаш қалсын онда.
Қапаста жаның тыныш отырасың,
Жазы-қыс жейтін ұрық бәрі қолда.
Мен сені жан досымдай қадірлеймін,
Ерінбей, тамағыңды әзірлеймін.
Мөп-мөлдір саф күмістей, тәп-тәтті су
Күнде ерте, жалғаны жоқ: «Әзір!» – деймін.
Ас-суың керегіңше даяр қылам,
Кем-кетік жерің болса, даяр тұрам.
Жаз жетсе – қорқынышсыз, қыс уайымсыз,
Далада мың қорқыныш, суық боран.
Аңшы да мылтығымен ата алмайды,
Қаршыға жақындауға бата алмайды.
Күн ұзын жырың жырлап отырасың,
Басқа жан мұндай рақат таба алмайды.
– Жоқ, мырза, бұл мақтаған қапасыңа,
Кірмейтін боран, суық лапасыңа
Бермеймін қалың ағаш, өзен-суды,
Келсе де мың бір пәле бұл басыма!
Жайнаған түрлі гүлмен кең даламды,
Қай жаққа ұшсам-қонсам ен даламды,
Балақай, асу-суыңмен сыйланам деп,
Жанымнан, өз еркімнен құр қалам-ды.
– Кең дала, қалың ағаш, аққан бұлақ,
Сүйкімді маған дағы жасыл құрақ.
Құсеке, соны ойлашы, суық болса,
Қыласың үсіместей қайда тұрақ?
– Кетемін онда ұшып жылы жаққа,
Қысы-жаз қар жаумайтын біздің баққа.
Қар кетіп, сіздің жақта жылы болса,
Қайтадан ұшып келем ескі таққа.
– Адассаң жазатайым жолдан шығып,
Құр тоңып өлмейсің бе боран соғып?
– Шырағым, оның үшін қорқа қойма,
Жасаған жол көрсетер қайырым қылып.