Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ертегі (1-бөлім)

Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 144 жол

Бүгін жаным өртке оранған жанға ұсап,
Бүгін жаным тым аңсады от құшақ.
Жынды жүрек тығылады аузыма,
Тілім-тілім тілсе келіп у пышақ...

Бүгін жүрек отты қарақ іздейді,
Бүгін жүрек күшті арақ іздейді.
Құшар едім... ішер едім... жылар ем...
«Сен» деуші жоқ, Бәрі де шет: «Сіз» дейді...

Аласұрад, жынданады жас жүрек,
Қарақ керек. Арақ керек! Не керек!
Бәрі де жоқ, жалғыз жолдас – қиялым,
Жұбатады айтып маған тәтті ертек...

Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,
Ерте күнде ешкі жүні бөрте екен...
Хан Абылай немересі Кене хан
Аспанға өрлеп заулап жанған өрт екен.

Ертедегі адамдардың бәрі де ер,
Түн жағында ел бар екен орыс дер.
Орыс елі Арқаға қол салған соң,
Жас Кененің жүрегінде қалың шер.

Елім дейді, жерім дейді, жанады,
Жеткіншегі Ер Наурызбай баланы
ертіп алып, қорғамақ боп қазағын,
Абылайдың ала туын алады.

Ту алады, орыс елін шабады,
Ер талмайды, аста тұлпар талады.

Ел-жұрт іздеп Алатауға барғанда
Өз бауыры қырғыздан қаза табады...

Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,
Есіл Кене заулап жанған өрт екен.
Жас бөріден, сол ерінен айрылып,
Алты алаштың жүрегінде дерт екен.

Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,
Хан Кене өлді, Науан да өлді ақбөкен.
Тұлпар өлсе, қалмай ма оның тұяғы,
Тартып туған артында ұлы жоқ па екен?!

Кене артында жас арыстан Сыздық бар,
Төс үстінде желкілдеген қара жал.
Ерден туған ердің жолын қуады:
Ер иманы – ел, айнымайтын елім – жар.

Жап-жас Сыздық қорғамақ боп қазағын,
Ту көтеріп, қарға ілді садағын.
Балаусасың қанды майдан көрмеген,
Құтты қадам болғай еді, қарағым!

Сыздық батыр тұлпар атын ерттеген,
«Алты алашым, енді маған ер!» – деген.
Көп соққы жеп, сүле болған сорлы алаш,
Алты алаштан алты адам да ермеген.

Алты алаштан алты адам да ермеген...
Алаш сорлы келешегін көрмеген.
Орыс алды, қимылдаған қазақ жоқ,
Қайран Сыздық құса болды шерменен.

Қайран Сыздық елден үміт үзеді,
Жап-жас Сыздық елден, үйден безеді.
Жатып өлмей, жортып жүріп өлем деп,
Түркістанның бетпақ шөлін кезеді...

Ертек, ертек, ертек, ертек – ерте екен,
Сыздық ердің жүрегі шер, дерт екен...
Арып-ашып бір қопаның бойына
Келген кезде – қас қарайған, ымырт екен.

Қараңғы түн жерге кебін төседі,
Қонайын деп Сыздық аттан түседі.
Қоректенбек болып жатар алдында,
Қанжығадан қос қоржынын шешеді.

Қоржын іші бөлек-бөлек қалта бар,
Қалта толған мейіздейін малта бар.
«Шөл далада жалғыз отыр ер балаң,
Жел-ау, жел-ау, алты алашқа айта бар!»

Мойынға алса, адам көнбек қиынға,
Жалғыз өзі қалың қопа бойында
шақпақ шағып, от тұтатып Сыздық ер
Отыр еді, ешнәрсе жоқ ойында.

Түкті қабақ жауып түскен кезіне,
Ұшқын шашып, от ойнап тұр көзінде.
Қырлы мұрын, қырмызы ерін, қап-қара
Тікенектей түк шығып тұр жүзіне.

Қол – иекте, басы төмен иілген,
Тегі, ойда ғой батыр жаны күйінген...

Бір мезгілде... сылдыр-сылдыр... қамыстар,
Жел ме әлде қамысты құшып иірген...

Жел білінбейд, сылдыр... сылдыр... көп қамыс.
Сылдыр... сылдыр... жақындады жат дыбыс.
Дыбыс тынды. Бұ не болды? Не екен?
Әлде ерге шапқалы тұр жолбарыс?

Сол мезетте қамыс ақырын ашылды,
Әлдекімге тәжім қылып, бас ұрды.
Ай мен күндей бір келіншек сыланған
Шыға келді, балқып нұры шашылды.

Сыздық отыр ой ұшына шыға алмай,
Кім екенін, не болғанын ұға алмай.
Сылаңдаған сұлу келіншек келді де,
Амандасты қолын жеңнен шығармай.

Жеңін беріп сұлу келіншек сылаңдап,
Тал шыбықтай жүзге иіліп бұраңдап,
Сызылып қана жанған оттың басына
Отырды ақырын жұлдыздайын жымыңдап.

Сыздық сонда кәрмен қабақ түйеді,
Сұлу келіншек босатпады жүйені.
Көзінен от, қабағынан қар жауды,
Бір көз салып, кім екенін түйеді.

Қас батыр ғой, қысылмады, саспады,
Сынамаққа бір малта алып тастады.
Сұлу келіншек былқ-сылқ етіп қылмыңдап,
Малтаны алды, жеңін тағы ашпады.

Көңіл түйген нәрсе енді болды анық,
Сыздық батыр қабағынан қар жауып,
Келіншекке қаһарменен: «Кет!» – деді,
Беліндегі садағын шешіп қолға алып.

Сұлу келіншек «хи-хи-хи» деп күлгендей,
Дыбысы шықпай, ішегі қатып өлгендей,
Былқ-сылқ етіп түрегелді судырап,
Судыр-судыр жансыз жібек жүргендей.

Сылдыр-сылдыр сыбырласты көп қамыс,
Тек тұрмайтын, жыбырлайтын желауыз.
Сылаң-сылаң сұлу келіншек жоқ болды,
Сыбыр тынды. Жыбыр қалды. Жоқ дыбыс...

Отқа қарап отыр Сыздық, көзі – от,
Қарасады, арбасады от пен от.
Айнала өлім. Құм жамылған үнсіз шөл,
Күбірлейтін, жыбырлайтын жел де жоқ.

Құм астында демі біткен бетпақ шөл,
Сұлу келіншек – жезтырнақ қой қанішер.
«Тырнағымды көрсе, біліп қалад»,– деп,
Жеңнен қолын шығармаған мәні сол.

Жезтырнақтың тырнағы бар өткір жез,
Алып, күшті, жүгіріп кетсе, желден тез.
Пері менен диюдың ойнас баласы...
Бола алады аң да, құс та, шал да, қыз.

Бүгін келіншек болып кепті Сыздыққа,
Алдап-арбап батпақшы ғой қызыққа.

Жемекші ғой өлтірген соң қытықтап,
Ер жүрегін малып-малып тұздыққа.

Қырмызы ерні қыбырлады батырдың:
«Неге әлі мен «Кет!» деп соған ақырдым?
Күлген болып, көнген болып, әурелеп,
Ойынын көру керек еді пақырдың.

Сөз жоқ, енді ол намыстанып, арланып,
Кетті ыза боп: «Қап, бәлем!..» – деп қарғанып.
Біраздан соң, түн ортасы кезінде
Келмес пе екен дауылданып, кәрленіп»,–

Деді дағы ер қаранды жан-жаққа,
Маң-маң басып жүріп біраз ар жақта,
Тауып алды дөңбектей бір қара тас,
Ер қолына дөңбек тасың қаңбақ та!

Мағжан Жұмабаев өлеңдері

Барлық 279 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері