Жиіленді қара орман
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 16 жол
Жиіленді қара орман
Қарағай, қайың аралас.
Мәңгі мылқау кәрі орман
Көктегі күнмен шамалас.
Аппақ кебін бүркеніп,
Мылқау орман түс көред.
Жел аза боп, өртеніп,
«Әпсүн» оқып үшкіред.
Мәңгі мылқау кәрі орман,
Былқ етпейді, түс көред.
Жел мінезді ессіз жан –
Маған түрлі ой келед.
Ұйқтасам мен орман боп
Тәтті-тәтті түс көріп,
Бетімнен тұрса жел жүріп,
«Әпсүн» оқып үшкіріп.