Ой
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 24 жол
Ой деген – у,
Ауызға алсаң, қандырад.
Ой деген – у,
Жанды есінен тандырад.
Ой деген у –
Ішсең, мас боласың.
Ой деген – у,
Ішесің де соласың.
Ой – бір теңіз,
Қап-қара боп тебіренед.
Ой – бір теңіз,
Толқындана күңіренед.
Ой – бір теңіз,
Шетсіз, түпсіз, тұңғиық.
Ой – бір теңіз,
Жан түседі жан қиып.
Ой улады –
Жаным ессіз, жаным мас.
Ой улады –
Жүректе зар, көзде жас.
Ой улады –
Көмір болды жүрегім.
Ой улады –
Сарғаямын, сөнемін!