Жердің жұмырлығы
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 34 жол
Оқудан қайтты жас Сапар,
Төрде отырған ақсақал
Орын берді қасынан.
– Не білдің, балам? Не хабар?
Жұлып алды жас Сапар
Тақияны басынан:
– Тыңдаңыз, міне, қария!
Жер деген – мынау тақия,
Тап осындай жұп-жұмыр,
Екі басы сопақ па?
Қараңыз енді Күн жаққа:
Лампы мынау – Күнің тұр.
Домалай ма?
Домалайд!
Құламай ма?
Құламайд!
Бұл осымен болды ма?!
– Тоқтат мынау шіркінді,
Басы жұмыр пенде енді
Жерді де жұмыр қылды ма?
– Жоқ, ата, бұл – жағырафия,
Міне, сізге тақия!
Сенбеуіңіз жарамайд.
Домалай ма?
Домалайд.
Құламай ма?
Құламайд,
Тап осындай домалайд!
– Мынаны қалай жүптейміз:
Біз неге құлап кетпейміз?
Домаланса, мұнысы не?
Сөздің қарашы қатасын!..
Құласаң, құлап жатасың!
Жердің онда жұмысы не?!