Жұмбақтар
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 41 жол
Екі басты, белі бар, омыртқа жоқ,
Сүбелік бүйірі бар, қабыртқа жоқ.
Жүргенде қос табаны жерге тимес,
Бақай, төсек, толарсақ тобықта бар.
Бар екен екі басты бір мақұлық,
Жүреді аяғы жоқ арға теліп.
Жаз болса, сары қымыз сапырулы,
Қасыға бір шығарып, бір батырып.
Мынау не – төбесі ме, табаны ма:
Табаны төбесімен шамалы ма?
Қары бойы жер қазып, қайра салып,
Қояды топырақпенен жабады да.
Шаңырақсыз түндікті,
Шіреніп жатқан бір мықты.
Тие көрме,
Тиіп кетсең ырғытты.
Бір жанның жанын алды жансыз нәрсе,
Нанарсың бұл нәрсені көзің көрсе.
Бір қабат мекен айтып жердің астын,
Жандыны жібермейді кезі келсе.
1 «Сана» журналы, 1923, №1.
Бір шаһар жаратылды бітеу қақпа,
Жүргізіп патшасы отыр алтын тақта.
Уәзірі он екіден жиырма төрт,
Әр уәзір алпыс жерде әр уақытта.
Қос қазық, екі желі, тоғыз ноқта,
Сөйлейді шежіредей адам соқса.
Құданың құдіретімен, таңғажайып,
Қарап тұр – сөйлемейді адам жоқта.
Ай болмас айдан айға ауыспаған,
Ақылын бәнде біліп тауыспаған.
Дүниеде өзі жансыз ғажап екен,
Адамзат тиіп кетсе дауыстаған.
Айтайын мен бір жұмбақ Ая батыр,
Болғанда асты гауһар, үсті шатыр,
Қазандай қара тастың сол түбінде
Бір түрлі адам таппас зәһәр жатыр.
Бір нәрсе жегеніне тіпті тоймас,
Адамның ол нәрсесіз күні болмас.
Жіберсе харап қылар жердің бәрін
Кішкене болса дағы кемдік қылмас.