Жетісу суреттері (2-бөлім)
Ілияс Жансүгіров · 1894–1938 · 154 жол
Қыз емшек қызыл
сүйір шоқылары,
Томсартып тұман сүйіп өбетіндей.
Меңіреу мөлдір қара бұлт қоршайды,
Сұлуға жұпар бүркіп себетіндей.
Баладай балдырлаған сақау самал,
Қойнына әжесінің енетіндей.
Тұмсығы
Торайғырдың түгел орман,
Сол таудың тыныс тартар өңешіндей.
Таппайсың Үшмеркіден ұшы-қиыр,
Қарағай қара шашты өретіндей.
Басы мұз, зәулім жақпар, дүлей тоғай,
Барлық аң бір шатқалдан өретіндей.
Мақтайтын
ертедегі Иран бағын,
Сол жаққа барған кісі көретіндей.
Томардай тұқыл
күйген, тұлан тұтқан,
Сорлы тау неге болсын Сөгетідей.
Қып-қызыл
жамағандай тауды мыспен,
Қорғасын қорығандай су-күміспен.
Құймақы,
қожыр қара жақпарлары,
Арналып отырғандай алып күшпен.
Таутеке, марал, бұғы тағылары,
Тау-тасын
мекендеген жазы, қыспен,
Қартадай қатпар-қатпар қаптал жатыр,
Тазы ертіп, күзгі қарда шықсаң кұспен.
Қуыппыз көк жайлауда бір күн елік,
Желіктен кісі аман ба қымыз ішкен.
Тағыны тастан тауып тарсылдатып,
Жүргенбіз тауды ұзақ
күн қыдырыспен,
Басына кешке таман Шырғанақтың
Шыққаным әлі есімде Ыдырыспен.
Ал, сонда алды-артыңа көзді салсаң,
Онды-сол, көз жетерді шолып алсаң,
Бұлдырап көзің шалып Түптің суын,
Албанның қонысына
қайта айналсаң:
Қылқиып қыры
кеткен Қызылауыз,
Кетпен мен Кеңсу кербез жатыр алшаң,
Томпиып томағадай Сарытау тұр,
Қарасай - ер қапталы атқа салсаң.
Елбіреп Елшенбүйрек ел аулақта,
Ойнамақ жасырынбақ Науша, Наршаң.
Шалкөде шүйгін шөпті құтты жайлау,
Сонда дейд сүзбе тұзды бара қалсаң.
Жер бар ма дәу
Бақайдан көрінбеген,
Жүйеге тау қалсын
ба бөлінбеген.
Көресің алдындағы дастарқандай
Жерлерді Теріскей, Сырт, Төрің деген,
Лабастың саласын да шолар көзің,
Тұлымдай
тобық соққан өрілмеген.
Аса алмас алғыр қыран
ала асқардан,
Өңкілдеп өзен қалай төгілмеген.
Шығысқа беттей
шөге жатқан таулар,
Құшысып,
сүйісіп тұр көгіменен.
Меруертгей жалтылдайды күңгей Мұзарт,
Кез түгіл үңілесің көңілменен.
Құздары Құдырғының құлдыр шұнақ ,
Өрікті - ол боз биедей желіндеген.
Ақсақал, Байсауырын, Тайсауырын,
Жалмауыз шығар көктің көгін жеген.
Асқардың арғы атасы Хантәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен.
Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу,
Мұз көйлек көк мұнармен
белін буу.
Көлдегі
көп шағала ортасында
Тартпасын көзді қалай айдында аққу...
Өзгені үйме-жүйме отырғызып,
Ортада бір ақсақал кеңес құру.
Қайырып, топты үйіріп бір боз айғыр,
Жусатып, қалғып көзін ашып-жұму.
Осыған ұқсамаса сөкші мені,
Басынан Кіндіктастың қарап тұру.
Жетісуда су суреті
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Аттанған алты өзені Жетісудің
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.
Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық,
Тұмсығын
қас қаққанша еркіндейді.
Бұлқынса
анда-санда ала бура,
Жетісу желпең қағып
селкілдейді.
Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап,
Ойнақтап, ырғи,
жосып таудан тулап,
Асқардың ақтарылған ағы емес пе,
Қарқ болған қырғыз-қазақ суын сулап?
Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні:
«Қолың бер, құт, береке» дейді «тумақ!».
Ертеден ірге теуіп өскен Шуда,
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін - Дулат.
Шымырлап Іле қайнап құмды кезген,
Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген,
Алыстан арып көшкен керуендей,
Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен,
Елге де, егінге де қарайласпай,
Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен.
Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле,
Естісең ертегіні ескі сөзден.
Арқырап асау Шелек орыпты тас,
Бурадай бұлқынады
көк ала бас,
Ол баста Күншығысқа шыға шауып,
Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш.
Айдынды айдағардай күміс көл бар,
Алысқан таумен, таспен алып болмас.
Қожыр тас қопарыла
құмға айналып,
Жарпымен көшіп жатыр боп жым-жылас.
Қысылып
қыспақтағы қыл көпірден,
Албандар өтеді азар деп «ақсарбас».
Көпірген Көксу көл бар басы бастау
Дегенге көшпелі әйнек суы ұйқастау,
Тау жуып, тасты қуған
содыр суы,
Аңқылдайд арнасында меруерт астау.
Жалбасы, Шаған, Бұғы мүлгиді оған,
Шалдуар шалдай қалғып шала мастау.
Жар жарып, жерді жиған Көксу көл бар,
Бейне бір Жалайырға шабатын жау.
Арқырап айқай
салған Көксу алып,
Жазыққа
шыға келсе үркіп ағып.
Егінші, ылғи диқан Жалайырлар
Үлесед үй басына тоған алып.
Сол елдің қыдырынды қыдыры сол,
Сар бала, қара қазан болып қарық.
Мөлтеңдеп
мойнақты орай Қаратал да,
Көксуға қойындасад жарды жанып.
Қосылып екі ерке су, екі сұлу,
Балқаштап қалың құмға кетед лағып.
Жетісу жәндігі
Баяғы баяғының заманынан,