Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нұралы мен Мықан (1-бөлім)

Нұралы Нысанбайұлы · 172 жол

Нұралы:
Ал, Мықан, сөз сөйлейін жәннәбыңа,
Парқы бар інінің де, ағаның да.
Сыртыңнан көрмесем де, есітуші едім
Деуші еді тәуір жігіт қатарыңда.
Нәпсісіз, шаһуатсыз айы кәрім,
Нәпсінің әммэ махлұқ талабында.
Алдыңа соны салып нұсқалайын,
Бар еді бір мәселе жоғарыда.
Уә, және жасым үлкен, сақалым ақ,
Сыртымнан ғайбат, мысал айтыпсың кәп.
Күнәсі шариғатта қайсымызға
Паһимлеп, Мықан ақын, маңызын шақ.
Көңілім Бөпежанның талабында,
Азырақ жазып едім рұқият.
Бөпе қыз беидаһат іс қылған жоқ! – деп,
Тартайын мен таһазір алсаң ақтап.
Геһналар:– басқа пәле тілден депті,
Үлкені әдептердің аузын бақпақ.

Бақтияр, жасым үлкен, нәсілім кәтте,
Сыйламай жасымызды сапсың кепке.
Ағаңа беріп тұрған сауалың жоқ,
Шырағым, кебе ме ішің, тұрсаң текке.
Ішінде бір адамның бір аяқ ас,
Бір өзің пәһим етпе, ойлат көпке.
Болмайды буынсызға пышақ ұрып,
Қайсымыз жарасады қылсақ өкпе?
Алайық аспандамай мойнымызға,
Таһазір қайсымызға келеді өкпе.
Ағына сақалымның қарамайсың,
Өзіңді дәрежелі шамалайсың.
Бір нұсқада болсаң да орта бойлы,
Бей сақал бір нұсқада домалайсың.
Көрсетіп тура найза салмасаң да,
Мүштіңді сырттан түйіп жағалайсың,
Мерт болған айға шауып арыстандай,
Өзіңнің мықдарыңа қарамапсың.

Мықан:
Ағамыз жауап берем Нұралыға,
Біз қандық баһас іске құмарыңа.
Өлеңді тәуір айтады деп есітуші ек,
Ауылыңыз алыс болды сыр алуға.
Ініңді жазығы жоқ қылыпсыз сөз,
Сөзді алып шағыстырған құлағыңа.
Жіберген сөзіңізге сөз айтпасақ,
Молдеке, көңіліңіз тынады ма?
Я оңға, яки солға бірі болар,
Қылалы сіздің жауап жауабыңа.
Сыйламақ үлкендерді жақсы жұмыс,

Білеміз ілгеріден қалған бұл іс.
Ермелік екеуміз де ара сөзге,
Қария, ақылың болса бізбен шығыс.
Әдістен жол көрсетіп, сөз жазыпсыз
Келмейді шариғатқа бәлле дұрыс.
Біз сізді осы жолы бір-ақ көрдік,
Қол алып көрген заман сәлем бердік.
Сіз соны сыйлады деп айтасыз ба?
Бұл берсе өлең алып, атқа жемдік.
Нанбайсыз мен айтпадым дегеніме,
Айтылған қарағанда өлеңіңе
Әуелі сіз айтыпсыз жабағыға,
Сиқымда Асандардың манабына.
Ап жүрген бізден өлең бала еді! – деп,
Болыпсыз күншіліктің талабында.
Осындай шұғыл сөзге ере қалдың,
Қанықпай анығына неге нандың?
Не деген жалғаншыны қақтағала,
Мен сенен қашан барып өлең алдым?
Түрімді көріп едің қашан менің?
Мен сенен өлең алған бар ма жерім?
Алғанға менен өлең мал бердік! – деп
Дулаттың тия кепсің үмбеттерін.
Момынның қара ағаштай малын қорғап,
Алдым ба несібеңді алсам сенің?
Князь болсаң мен сенен шен алмаймын,
Өзге алса, сенен өлең, мен алмаймын.
Кісіге қарап жүрген тидің өзің,
Біреудің несібесін көре алмаймын.
Жасырма, тапсаң, аға, айыбымды,
Сөзге сал, дана болсаң пайымыңды.

Ойлайсың күншілдік қып тоқтатуға
Халықтың азаматы қайырымды.
Ырзамын барып едім аруаққа,
Бұл емес алып жүрмін аруақта.
Жалғыз-ақ Дулат емес алған жерім,
Неше хан, таныс болдым, неше датқа.
Емшекті ана, нәсіпті құдай бермек,
Қарасаң кітаптарда жазған хатқа.
Біреуге алла берген несібесі,
Көрінер адам берген кей ақымаққа.
Дулатқа құдай артық пейіл берген,
Азамат адамына мейір берген.
Нұреке, өкпеңізді құдайға қыл,
Қатардан несібеңді кейін берген.
Аға-іні демесе, іні не дер?
Мінезден қауіпіміз жоқ зейілденген.
Аға жұрт берді дүние-көкі құнан
Барғам жоқ мен де кезіп жоқтығымнан.
Жасымнан жақсылардың жүйрігі боп,
Жем жедім биік адыр оттығынан,
Кетерсің сүрінбесең жұлып шығып,
Көрейін бірер басып шоқтығыңнан,
Кәрінен күншіліктің тидің бізге,
Мысалы көбелектей отқа ұрынған.
Ақынның князі деп қаупіміз жоқ,
Көрерміз жұмысыңды сотты қылған.
Аяма меһиман! –деп мені, Жәке,
Айта бер келсе сөздің жөні, Жәке.
Аядым меһиманды дегеннен соң,
Шымкенттен жылыстадым бері, Жәке.
Аямай барың болса бір сөйлеп қал,

Көптен көп аяп кеттім сені, Жәке.
Аяма шамаң келсе сіз де бізді,
Біз де сізден қорықпадық тегі, Жәке.
Құдай сізге бергеннен берді бізге,
Бата алар деп ойлама көңіліңізге.
Мен сізден өлең үшін бата алмаймын,
Тастай бер аспаныңды енді бізге.
Молдеке, Бөпе еді ғой қатарыңыз,
Өзіңді жігітпін! –деп атадыңыз.
Қызға жігіт, еркекке – шалмын! – дейсіз,
Нұреке, осы жеріне қапалымыз.
Бөпе қыз ата! – десе тауып айтқан,
Бурыл тартып қалыпты сақалыңыз.
Сөзді айтсаң жарасады жөні келген,
Қыз болып, өзің болып жаздың өлең.
Бөпенің өз басы да жетпеді ме,
Жай жатқан екі жүзге тидің неден?
Екі жүзде бар талай аруақты орын,
Өзің боп, қыз боп жаздың бәрін соның
Аруағы екі жүздің ұрып кетіп,
Жүрмесін, жазған молда, қайнап сорың!..
Сыйлағанда қызды сен ақта! – депсің,
Әңгімең қандай екен қалған сақтап?
Қай қызыңды ару деп ақтар едің?
Өзің үлкен болсаң да, сөзің ақымақ.
Тумай кет, Бақтиярдан туа шөгіп,
Нетеді тірі жүрмей, кетсең өліп?
Бір қызбен айтыстым! –деп жұртты былғап,
Сөйлепсің екі жүзді қанша сөгіп...
Сөзіңіз жұртқа тиген мінегенім,
Мен сізден зор-ақпын! – деп жүдемедім.

Және жоқ қошеметім сақал берер,
Мен сізден өлең бер деп тілемедім.
Мен сізге не іс қылдым өкпе қылар?
Сөзіңіз тәзір деген неге тұрар?
Қызға арзан сақалыңды, маған пұлдап,
Жөнің жоқ, молда, бұған әзір сұрар.
Біз емес, сіз болыпсыз аспандаған,
Біз ғарып білген сөзге мастанбаған.
Аузыңа келген сөзді қайтармайтын
Баладай ешнәрсені басқармаған.
Болыппыз біз бей сақал, сіз ақсақал,
Болыппыз сіз биік те, біздер тапал.
Жүрер ме ең тәуір бала сол жігіт! – деп,
Азырақ тапқаным деп берсем сақал.
Біз жерде, сіз көктегі Ай болыпсыз,
Біз кедей, сіз өлеңге бай болыпсыз.
Өзіңнің мағрұр болып өнеріңе,
Кәміл жоқ ешнәрседен жай болыпсыз.

Нұралы:
Мынадай сөз сөйлейік інімізге,
Бар екен қара ниет тіліңізде.
Дулаттың аруағын сыйламадың,
Бір нұқсан келер енді дініңізге.
Үлкенді – үлкен, кішіні – кіші білмей,
Күйдіргі түсерінде тіліңізге.
Тызаңдап шыдамсыз боп шамданасың,
Бойыңа таққан ағалық мінімізге.
Бұл сөзден ұяларсың есің болса,
Аңғарып байқасаңыз ізіңізге.
Арқадан қолқа салып келтірдік пе?

Басқа ақындардың өлеңдері