Хамидоллаға айтқаны
Ақан сері Қорамсаұлы · 1843–1913 · 54 жол
Жамандар, жақсы жолдан арындаған,
Бұл іске бұрын неге барылмаған?
Жал бітіп, көбеңдікті көтере алмай,
Жүр екен əлі сорың арылмаған.
Шəһəріңде бір болат бар емес пе,
Тыс шығып, алтын тұтқа жарылмаған.
Қасиетті дін Исламның тірегі еді,
Ғалымдық панарындай жалындаған.
Гəухардың қолыңдағы қəдірін біл,
Пиғылды тастау керек қалыңдаған!
«Əл құлəмə вəрисəту əнбия» деген қайда,
Теп-тегіс төрт аяғы шалынбаған?
Дін шашқан, əр дуанға үлгі берген,
Дə молда Көкшетауда хəзірет Науан!
Талдырмас көк қауырсын бала Күкі,
Кетіпті ғылым іздеп бұл арадан.
Ғəлімдік дəражасын нəсіп етіп,
Жеткерген мақсұтына Хақ Тағаллам!
Дін үшін ғазиз басын қанжығалап,
Қиындық өмір кешкен неше заман.
Сол күнде қазақ ісі тіпті нашар,
Надандық себебінен болған жаман.
Болса да ісі нашар, көңілі адал,
Бұрынғы келіп-кеткен өткен бабаң.
Жыл сайын түрлі-түрлі күй шығады,
Іжəят, тəуфиықты екі баспас қадам.
Дəрия, мұхит, теңізі осы емес пе,
Қылады шəк-шүбə неткен адам?!
Əмірін шəриғаттың тұтпай жүрсең,
Жол тапсын басқа жерден сарт пен сауан!
Көкшетау түзулікке есеп едің,
Бір күнде тамаша еткен халық-қауам.
Ғалым жиса, құдіретін қарасаңыз,
Ғəлімдік қаймағынан жаласаңыз.
Мұнармен тау басында талайындай
Көртышқан жерде жүргенмен аласаңыз.
Əуелде келіп едің сарша бала,
Шабата тоқыманы киіп қана.
Қаражат барлық ақшаң жалғыз бақыр,
Шетіне орамалдың түйіп қана.
Əуелі келгеніңде сары бала едің,
Не қылып кемеңгер боп пар болады?
Ұстаздың тілін алмай телміресің,
Иншалла, мекен-жайың тар болады.
Мен айтпан, кітап айтар қолыңдағы,
Сөйлесең шəриғаттың молын-дағы.
«Ұстаз хақы – Тəңірдің хақы» деген қайда,
Ренжітсең ұстазыңды сорың-дағы.
Өз кітабың өзіңе айғақ болды,
Қадамды таптап баспа жолыңдағы.
Əуелде келіп едің, сары ноғай,
Нашарлықтың көріп едің зорын, ноғай.
Көбеңсіп, ұстазыңмен тайталасып,
Хəзірет, неғып болды саған оңай?!