Олақ ұста
1 мин оқу
Бір шаруа ағаш ұстасына үлкен бөрене алып келіп:
—Осы бөренемнен астау жасап бер,—деп өтінеді.
—Жарайды,—деп ұста бөренені алып қалады.
Шаруа күндерде бір күн астауын алуға келеді. Ұста оған:
—Бөренеңіз жаман екен, онан астау шықпайды, келі, келсап болмаса,—дейді. Шаруа:
—Келі, келсап жасай ғой,—дейді. Шаруа келі, келсабын алуға келеді. Ұста:
—Жоқ, бөренеңіз тіпті жаман, ақауы көп екен, онан келі де, келсап та шықпайды, саптыаяқ болмаса,—дейді. Шаруа:
—Саптыаяқ жасап бере ғой,—дейді. Арада біраз күн өткен соң, шаруа саптыаяғын алуға келеді. Ұста:
—Бөренеңіз тіпті шірік екен. Онан саптыаяқ та шығатын емес, қасық, ұршықсап болмаса,—дейді. Шаруа ендігі келгенінде оған ұста бір ұршықсап ұстатады. Сөйтіп, олақ ұста бір бөренеден бір-ақ ұршық сап шығарған екен.