Жанқожаның Созақ қамалын алуы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Келесі күні Жанқожа тұтқындарымен Тоғанды Кене ханға апарып, болған оқиғаны баяндайды. Кенесары:
—Тоған, сені Жанқожа қалай байлап алды,—деп сұрады. Сонда ол:
—Қалай байланғанымды өзім де білмеймін. Мен ортаға шығып Жанқожаны жекеге шақырғанымда, күн ашық еді, ол маған туралап найза салым жерге келгенде, тұман түсіп, тас қараңғы болды да қалды. Үстімді қара зіл басып, екі қылыш қимылдамай есімнен танып қалдым. Есім кіріп көзімді ашып қарасам, екі қолым байланып, Жанқожаның алдында айдалып келе жатқанымды көрдім,—деді.
Ертеңіне Кіші жүздің кезегі келіп Жанқожаның жасағы Созаққа шабуылға көтерілді. Батыр қаланы айналып шығып сарбаздарына мынаны айтты:
—Біз елден шыққанда Созақтың қамалын бұзып, Қоқанды ол маңайдан қуып, Ұлы жүзге бостандық алып береміз деп шықтық қой. Үш мың әскермен қамалды бұза алмай, Кенесары кезекті бізге берді. Біз бес жүз-ақ адамбыз. Көп әскермен олар қамалды неге бұза алмады? Біз шағын адаммен қамалды қалай аламыз? Дарбазаны қалай бұзамыз? Осыны айтыңдар?—деді сұраулы жүзбен. Бұған ешкім жауап бере алмады. Батыр тағы да:
—Олардың қамалды бұза алмаған себебі—арынан жаны қадірлі болды. Ары үшін жанын қимады. Ал біз ар үшін жанды қисақ, аз болсақ та қамалды бұзып, Созақты аламыз. Қанекей, ар үшін жанды қиямыз ба? Бұған не дейсіңдер?—дегенде, бәрі де бір адамдай дауыстап:
—Арымыз үшін жанымызды қидық!—деді. Батыр риза болып ақ батасын беріп:
—Енді соғыс тәртібі былай болсын,—деді. Үш жүз адам осы жерде қалсын. Сауыт, дулыға кигендер алдында, кимегені соңында жүріп, екі жүз қадамдай жер қалатын етіп қамалға жақын барамыз. Жау да қарап қалмай, оқ атады. Мақсат— қалай да қорғанның түбіне жету. Қорғанның түбіне жетсеңдер, оқтың атылуы тоқтайды. Сол жерге жеткен соң, қорғанның іргесімен жағалап дарбазаға жетіп, қақпаны салмағы ауыр балтамен шабу керек. Бірақ мына нәрсе ұмытылмасын, дарбазаны бұзып жатқан адамға іштен күрекпен шоқкөз тасталады. Сол кезде кейінірек тұрған біздің отыз-қырық мергеніміз қабырғаға атылған шоқкөз тастайтындарды атып құлатып тұруы керек. Қақпа ашылды дегенде, кейін тұрған үш жүз атты әскер құйындатып көзді ашып-жұмғанша дарбазаның үстімен ішке өтуі керек. Міне, осылай еткенде ғана Созақты аламыз,—деді батыр.
Дәрменқұл мен Жанқожа екеуі бастап қорғанға қарай жаяу жүгірді. Бораған оққа қарамай, бұлар қорғанға аман жетті. Қатты қарсылық көрсеткен қамалды қорғаушылар жанқиярлықпен шайқасқан батырдың жасағына төтеп бере алмай, Созақ алынды. Созақтың ханы бедеу атымен қорғанның құпия есігінен қашып кеткенін Наурызбай батыр байқап қалып, қуып жетіп айдап келеді.
Созақты Жанқожа батыр алып, көңілі жайланған соң, Қоқанның тұтқындарының тағдыры қаралды. Жанқожа батыр жеңістің сағасы өзінде болғандықтан алғашқы сөзді өзі алып: «Тұтқындарды не істейміз»,—деп ойын ортаға салды. Оған Кенесары:
—Бастығы Тоған батыр етіп қоқандықтардың бәрін қыру керек. Сонда Жанқожа:
—Ау, Кенехан, әлі де ойланайық. Бұлар бес-алты жүз бір тайпа халық емес пе. Түгелдей қырып тастап, қанын мойныңа жүктеймісің? Бұларды өлтіргенмен қара жер тоймайды. Бірін қалдырмай қырып тастағанмен, қоқандықтар таусылмайды. Соғыстық, жеңдік. Елімізді, жерімізді жаудан құтқардық. Кегімізді алдық. Дұшпанның соғыста өлгені өлді, тірісін өлтірмейік. Еліне қайтамын дегені қайтсын. Осында қаламын дегені қалсын,—деді батыр. Кенесары сонда батырға:
—Осының билігі өзіңде болсын. Не істесең де, өзің біл,—деп келісті. Жанқожа:
—Созақтың ханын қарттың билігіне берейік. Баласының кегі үшін ол не істесе, соны істесін,—деп үкім шығарады.
Тоған еліне қайтарылып, қалғандары тұтқыннан босатылды. Тоған кетерінде:
—Мен тірі тұрғанда енді қазаққа Қоқаннан жау келмесіне ант етемін,—деп уәдесін беріп кетеді.
Жанқожа батырдың Созақты алу жөніндегі оқиғасы осындай.