Медетбек батыр (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Сыпатай мен Медетбектің жастау кездерінде қырғыздар мен қазақтардың арасында болған шайқаста қырғыздар Сыпатайды қолға түсіріп, байлап әкеткен. Медетбек оның Саурық батырдың баласы екенін білдірмей, жоғалған мал іздеген болып, соңынан қалмай бірге жүріп отырған, айласын тауып, босатып алуды көздеген. Қырғыздар Сыпатайды Орта Азияға құлдыққа сату үшін шет жаққа алып кетеді. Медетбек табандылықпен есебін тауып, қырғыз ауылының бірінде бие сауғызып жүрген Сыпатаймен кездесіп, қашып кету амалын үйретіп, өз тосатын жерін белгілейді.
Сыпатай ебін тауып, желі басындағы бір жүйрік атпен келіскен жерде Медетбекпен қосылады. Артынан қуып келген екі қырғызды ұрып жығып, аттарын алып, төрт атпен түнде жүріп, күндіз тасаланып, он бес күн дегенде аман-есен еліне келеді. Тағы да бірде қырғыздар барымташыларының қазақтарға тұтқиылдан шапқыншылығы кезінде Медетбек батыр байқаусызда қолға түседі. Бұл Медетбек батыр екенін білмеген қырғыздар денесінің алыптығына қарап, «бір батырды қолға түсірдік» деп мақтанады. Оны Ош қаласына бір манапқа апарып береді. Медетбек сол күннен бастап мақау болып, беті-қолын жумай, қол-аяғының тырнағын алмай, айтқанға көнбейді. Қырғыздар мақауды ымдап отын алғызады, су құйғызады. Осылайша бірнеше ай өтеді.
Артындағы елі өзі айласын тауып құтылатынына сеніп, атын қырғыздарға білдірмейді. Бір күні манаптың үйіне алыстан қонақтар келеді. Манаптың үй-іші қонақтарды күтіп, абыр-сабыр болып жатқанда, Медетбек екі жүйрік атты ерттеп қойып, басқа аттарды босатып, терең сайға айдап жіберіп, манаптар қонақ асын ала бергенде, батыр атының бірін мініп, бірін жетектеп, есік алдына келіп: «Ей, манаптар! Мен мақау емеспін, қазақтың Медетбек деген батырымын, ал, енді, қош болыңдар, мен еліме кеттім!»—деп айқай салып жүріп кеткен екен. Қараңғыда қырғыздар улап-шулап қала берген.
Саурық батыр жау қолынан қаза болғаннан кейін, қырғыздар өздерінше күшейіп, қазақтардан жер даулай бастады.
Бірде ел көктеуде отырғанда қырғыздың ханы Андас датқаға: «Қазақтар Алатауды, Күртінің өзеніне дейінгі жерді қырғызға босатып берсін, әйтпесе өзім соғысып тартып аламын» деп елші жібереді. Андас датқа Ыстамбекұлы екі-үш рет халықтың басын қосып ақылдасып, бір тоқтамға келе алмайды. Медетбек пен Сыпатай: «Бұл дауды біз шешейік, бізге рұқсат беріңіз»,—деп Андас датқадан сұрайды. Андас: «Бұл күрделі дауды сендер қалай шешесіңдер?»—деп екі рет келісім бермейді. Бірақ үшінші жолы: «Жарайды, жіберіп көрелік, ол үшін сендерге не қажет?»—деп сұрайды. Олар: «Екеумізге екі жақсы ат, екі атқосшы беріңіз»,—дейді. Андас датқа олардың айтқандарын орындап, оларды жолға шығарып салады.
Сыпатай мен Медетбек сал-серілерше киініп, байдың мырза балалары болып, қырғыз ханының ауылына барады. Қырғыздар: «Қазақтың мырзалары келді»,—деп сыйлап, қонақ етеді. Жастар жиналып ойын-сауық құрады. Қырғыз ханының жалғыз ұлы бар екен. Медетбек сол баланы айландырып: «Біз мына жотадан (қырғыз бен қазақ елінің арасындағы шекара жота, қырғыз ауылынан көрініп тұрады) келдік. Онда ауылымыз бар, қыз-жігіттер ойын-сауық құрып тамашалап жатырмыз, бізбен бірге жүріп қонақ болып қайт»,—деген сөзіне сеніп, әкесінен рұқсат алып, атқосшымен екі жас батырға ілесіп, жайлаудың жотасына шығады. Медетбек ханның баласын атқосшымен бірге байлап-матап Андас датқаға әкеліп: «Міні, дауды осылар шешеді»,—дейді. Енді датқа қырғыз ханына: «Балаң менің қолымда, жер жөнінде маған қойған талабыңнан қайтпасаң, балаңның басын алып, қырғызға шабуыл жасаймыз»,—деп елші жібереді.