Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Медетбек батыр (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Орман хан: «Баламды өлтірмесін, жайлаудағы екі ел аралығындағы Көктөбеде кездесіп, келісімге келейік»,—деп жауабын береді. Осы келісім бойынша Көктөбеде қазақ пен қырғыз басшылары бас қосып, Алатаудың күнгейінде, Шудың шығыс жағасында көшіп-қонып жүрген шапыраштыларды Алатаудың теріскейіне көшіріп, қырғыздарға Кіші Кемін, Үлкен Кемін, Ақтүзді босатып берген. Шекара Шу өзеніне дейін емес, Алатаудың жотасындағы жолға дейінгі жер қырғыз елінікі деп белгіленді. Екі ел келісімге келіп, баласын аман қайырғаны үшін Орман хан Андасқа сыйға тоғыз айғыр қысырақтың үйірін беріп, қазақ пен қырғыз татуласады. Осылайша, ел арасындағы қиын даудың соғыссыз бітімге келуіне үлкен үлес қосқаны үшін Медетбек пен Сыпатай нағыз ержүрек батыр азаматтар екенін көрсеткен.

Енді қоқандықтар Күрті өзенінен өтіп дулаттарды шетінен жаулап, Еспе, Жартасты өздерінің байымен Қопа, Қара бастау ауылына дейінгі жерді басып алды. Малын тартып алып, қыз-келіншектерін күңдікке, ұлдарын құлдыққа салып, жер байлығын олжаламақ болды. Дулаттан шыққан Орақ батыр, Саурық батырға: «Біздің жерді ойламаған жерден қоқандықтар басып алды, қол үшін бермес пе екенсіздер?»—деп сәлем жолдайды. Саурық батыр Андас датқамен ақылдасып, шұғыл түрде жүзге жуық қазақтың басын қосып, қашып келіп шапыраштыны паналап жүрген орыстың алты жауынгерін, төрт түрікпенді ертіп, дулаттарға көмекке барады. Ішінде Медетбек пен Сыпатай да бар (жас кездері).

Саурық батыр: «Екеуің әлі жассың, менің айтқанымнан шықпайсыңдар»,—деп ертіп алған. Саурықтың жіберген елшісі қоқандықтарға келіп:

—Шапырашты елінен Саурық батыр келе жатыр, қасында Медетбек, Сыпатай деген жас батырлар бар, қарамағында мыңнан астам қазақ қолы, алпыс орыс, қырықтан астам түрікпен жауынгерлері бар,—деп ескертеді. Мұны естіген қоқандықтардың басшысы:

—Мынау не деп тұр? қазақтар орыстар мен түрікпендерді және сонша қолды қайдан жинасын, өтірік, әкетіңдер, басынан атып тастаңдар,—дейді ашуланып.

Қоқандықтардың оты өшіп тегіс жатқанда, «аттан, Саурық батыр, аттан!» деп ұрандап, бір жағынан мылтықтар атылып, бір жағынан от қойып, керней тартылып, бір жағынан қазақтар шабуыл жасағанда, қоқандықтар бытырай шашылып қашады. Саурық қашқандардың артынан Сыпатай мен Медетбектерді жібереді. Олар қоқандықтарды ел шетінен шығара қуып, жеңіске жетіп, қолға түскен адамдар мен малды құтқарып қалады.

Сыпатай Саурықұлы мен Медетбек батырлар Сұраншының сарбаздарын жинап, олардың бастарын біріктіруде, жауынгерлерге азық-түлік ұйымдастыруда айырықша еңбек сіңірген. Медетбек пен Сыпатай Сұраншының әрдайым жанында болып, қатерлі жағдайларда батыр ағаларын қорғап қалған.

Әулиеатадан өткенде Сұраншыны бір атақты адам қонаққа шақырған. Оған баруға Сыпатай қарсы болған. Сұраншы: «Бізді құрметтеп жатыр ғой»,—деп көнбей, жанына Сарыбайды, Сүттібайды, Диханбайды ертіп шақырған жерге қонаққа барады. Сыпатай, Медетбек, Бірімқұл (Дәу Сыпатай баласы) жүз шақты жігіттерді ұйымдастырып, олардың соңынан келіп, бай ауылының сыртына барлаушы жіберіп, өздері бақылап тұрады. Сол күні ай жарық екен. Бір мезгілде барлаушылар белгі береді. Сөйтсе, байдың жасырып, дайындап қойған жасақтары келіп қалған. Сол арада айқас басталып жау жағы жапырылып, өлгені өліп, қалғаны мыт-тырақай қашады. Сөйтіп, қазақтың бас батыры Сұраншы бостан-босқа жазым болып қала жаздаған. Сонда Сұраншы: «Мына інілерімнің тапқырлығы болмаса, мүрдем кетіп қалмағымыз хақ еді»,—деп Сыпатай, Медетбек, Бірімқұлдарға ризашылығын білдірген.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз