Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Кімсің сен?!—деп зеки сұрады менен.
—Мен жөнімді айтқаныммен, сен жөніңді не деп айтар едің? Ел дейтін елі, жөн дейтін жөні жоқ қаны қара қарақшы!—дедім ақырып. Сөзім шымбайына батты білем, көзінен ашу оты жарқ етіп шыға келді. Артына бұрылып қолын бір-ақ сермегенде екі жүз шақты адам атына қонып үлгірді. Мен: «жеке-жеке!» деп айғайладым. Сол сәтте қарасұр атты біреу майдан тартты. Шауып келе берген сәтте найзасынан шап беріп жұлқа тартқанымда ат тебінімен алдыма келіп қалды. Сол сәтте қанжарын суыруға келтірмей атынан жұлып алып, жалпақ тасқа қойып кеттім. Атымның тізгінін тез тартып: «жеке-жеке!» деп тағы да айғайладым. Бар ойым пәле басы—бағанағы сарыда. Онымен сілкілеспей ашуым тарап, кегім қайтатын емес.
Жуан сары шапанын шешіп тастап артына бұрыла бергенде, тұлпар атын екі адам жетектеп келіп иіле қалды. Атына мініп найзасын серт ұстанған, ол әуелі менің жүрегімді алғысы келді білем, ашулы отты көзімен түйіле қарап келіп, майдан тартып шаба жөнелді. Ағызып келіп атының тебіні, қолының бар пәрменімен кіндігімнің басынан найза салды. Мен қалқанымды тоса қойдым.
Тізгін тартқанда кәнігі болған сары тұлпар тік секірді. Осы кезде ол өте шапшандықпен жанды жерімнен әлде неше рет найза салды. Мен де қалт кетірмей тостым. Ақыры ол кезек беруге мәжбүр болды. Мен де ағызып келіп найза салдым. Шіркіннің күштілігі мен шапшаңдығы-ай! Өзім-өз боп найзамның қатты қағылғаны осы еді. Кезек тағы бір айналып маған келді. Мен ойқастатып шыға бергенімде серіктерімнің ұран салған дауыстары естілді. Менің басыма «бір қарақшыны ала алмағаным ба?» деген намыс орала кетті. Қалай келгенімді білмеймін, қылышпен қатты ұрғанда қалқаны қолынан ұшып кетті. Қайта қайырылып, қылышын қағып, ұшырып жібердім. «Басын шауып тастаймын» деп қайырылғанымда, менің екі батырым да келіп қалған екен.
Ақ боз үйден еңірей жүгірген әйел заты келген беті үзеңгімді сүйіп, жалынып:
—Жанын қиып кет, батыр!—деп өтінді. Бөгенбай мен Қабанбай осының тілегін бер деп сұрады.
—Ал бердім,—деп майданнан шыға бергенімде:
—Мені өлтіріп кет!—деп айғайлап маған қарай тұра шапты әлгі батыр,—мен елсіз, мекенсіз едім, енді серіксіз қалдым. Басымды сүйер жан қалмаған екен, енді қаңғытпа, мені өлтіріп кет!—деп ұшыртып келеді. Көзінен от шашырайды, ашу-кектің ұшқыны ма, әлде өкініштің қамырығы ма, кім білсін оны. Сонда байқадым, қасында қорғап, қоршап жүрген екі жүздей жолдас-шорасының бәрі қашып кеткен екен.
—Бердім жаныңды мынау үшеуіне,—деп қайта қайталадым мен. Осы кезде жаңағы әйел жан ұшыртып келіп оның шылбырына оралды. Батыр әйелге бұрылып:
—Біткен екен менің уақытым, сүйенер елім де, жанкүйер жолдасым да жоқ. Енді мен үшін өмір сүрер жер де жоқ, құрыдым, мен құрыдым!—деп атын ұра жөнелді. Тықыршып тұрған тұлпар сауырына қамшы тигенде шылбырға оранған әйелді етбетінен түсіріп кетті. Жан ұшыра түрегелген әйел:
—Өлтіріп кет мені!—деп айғайлап тұра жүгіріп екі-үш қадам аттай бере құлап түсті. Жаңағы ашу-кектің қан майданын енді сорлы әйелдің мұң-наласы басты. Оның жан дауысы құлағына жеткенде ғана ес жиды ма, қалай, әлгі батыр қайта ағызып келді де, орнынан тұра берген әйелді іліп алып шатқалды өрлей тартты. Біз соңынан қарап тұрмыз, әйелдің білегі оның мойнына орала кетті. Олар тау айналып кеткенде ғана Бөгенбай маған бұрылып:
—Мынаның кім екенің білесің бе?—деп сұрады.
—Білмеймін!—дедім мен.
—Білмесең, жоңғар хандығының ең білікті жас батыры. Осы қайтер екен дегізіп, жүрек шайлықтарып келіп еді. Жоңғар хандығына бір қылығы жақпай, қағажу көрген соң кеудесін бастырғысы келмеген асау жүрек жас батыр ақыры бой көрсетіп шығып кеткені осы екен,—деді.
—Бақ қайтудың басы осы сұлу әйелден басталса керек,— деді Қабекең сөзге араласып.