Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

Жоңғар шапқыншыларының қазақ даласын жаулауға мол дайындықпен, басым күшпен келген қолына қарсы аттанған Абылай бастаған қазақ қолы да қатты шайқасады. Сан шегініп, сан жеңіп, ілгерілеудің бірінде қазақ қолы тағы да шайлағып, қаша соғысады.

Өкшелей қуған жауды тосқауылдап, төтеп беріп келе жатқан қолдың ішінде Абылай да бар еді. Алды жөңкіле қашқан сарбаздың артын соғысқа бастап кіру қиынға соғады, оның үстіне неше күндік шабыстан қаржалған тұлпарының да аяқ алысы шабандай түседі. Осыны байқаған Жәнібек бір бүйірден ұшыртып келіп, Абылайдың алдын кес-кестеп тұра қалады да:

—Алдияр тақсыр! Атыңыз қаржалған екен. Менің атыма мініп сарбаздардың алдын тоқтатыңыз. Өйтпегенде қуған дұшпан құтқармайды. Жалғыз соғысып жау алған кісіні атам қазақтан көрген емеспін,—дейді.

Бала жігіттің сөзін лайықты көргенімен, ат ауыстыруды намыс санаған Абылай:

—Атың шалымды көрінеді менің атымнан, сен барып тоқтат,—дейді.

—Тақсыр-ай,—дейді оның қатарына келген бала жігіт,—мен сен бола алмаймын. Ақыратын айбатым, көпке жүретін салауатым жоқ, жаудың алдын бөгеп, соғысуға қайратым ғана бар!

Қарулы қолды, жалынды сөзді жас жігітке жалт бұрылған Абылай оның сөзіне иланса да, намысын жібермей жаумен жалғыз алысуға тағы да дайындалып:

—Жас екенсің шырағым, жау басым, жазым боларсың,— дей бергенде ашуына мінген Жәнібек қылышын суырып алып:

—Басыңды жауға кестіртіп қанжығасына байлатқанша, өзім кесіп әкетейін,—деп тап береді. Көзінен от ұшқындап, сөзінен ерліктің ұшқыны атып тұрған жас жігіттен жасқанғанын, әлде жау-жаламда жанжалды жәйсіз көргенін, немесе қашқан қолды тоқтат деген кеңесін орынды санағанын кім білсін, әйтеуір Абылай тұлпарын Жәнібекке беріп, бала жігіттің көк дөненін мініп, шегінген қолдың алдын тосуға бет дүзейді.

Абылай кетісімен тосқауылдап соғысқан сарбаздардың бәрі де ат басын бұрады. Тек Жәнібек ғана бірер жолдасымен кежігулеп, қаша соғысып жаудың қара үзіп шыққан екі батырымен алма-кезек жекпе-жекке шығады, екеуінің басын кесіп қанжығасына байлағанда, қуған жау қолының беті де қайтады. Жеңіс тапқан Жәнібек жолдастарын ертіп қалың қолдың соңынан келсе, арт жағынан хабар тапқан ел абылайшаларын тігісіп, жатып қалған екен. Жәнібек Абылайдың қасқа тұлпарын хан шатырының маңына байлап, өз қосын іздеп табады да, дем алады.

Ерте оянған Абылайға тұтқауыл-тосқауылдары қанжығасында айдарынан айқастырып матаған екі батырдың басы бар қасқа тұлпардың байлаулы тұрғанын айтады. Арғымақты алдына әкелдірген Абылай:

—Жарайды, жарайды! Бекер адамның басы емес! Жаудың да тауы құлап, еңсесі түсіп тоқтаған екен ғой! Мына көк дөненнің иесін тауып келіңдер,—деп бұйырады. Абылайдың тұтқауылдары ат иесін іздеп жүріп абақ керейдің қосынан тапқанымен, керейдің қос басылары:

—Ханға сәлем айт, батыр ұйықтап жатыр, әлі оянған жоқ,— деп жауап беріп қайтарады.

Екінші рет Жәнібекті шақыра барған тұтқауылдар Абылайға: «Батырдың үш түрлі тілегі бар екен, соны орындаса барады» деген қос басыларының жауабын апарады. Мұны естіген Абылай:

—Бәсе, солай болар, жау жағадан алған күн, ерлерден ұйқы қалған күн емес пе!—деп, қасындағы ақылшы санаттары мен бас батырларына «Сендер не дейсіңдер?» дегендей сұрау сала қарайды. Жаңа уақиғаға құлақ түріп, жүрген жұрты ерлікті аңыз етісіп, жас батырды көргісі келген топ: «Жарлық сізден тақсыр, бірлікті қорғап, батырды қолдаймыз!—деседі. Камшат бөркін алшита киген Абылай:

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз