Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Келсін мұнда, айтсын тілегін,—дейді.
Тұтқауылдардан бұл сөзді естіген Жәнібек керейдің қос басыларын ертіп Абылайдың алдына келіп:
—Алдияр тақсыр!—деп тағызым етеді.
Санаты мен сардарларын қасына алып, алтын тонын желбегей жамылған Абылай:
—Жаужаламда ер қанаты атыңды көлденең тартып ең, мен жасақтың алдына кеткенде жауды тосатыныңды қабағыңдағы қара бұлттай ашудан танып ем. Жауымның сағын сындырып, сол ойымнан шықтың. «Хан алдының әділдігі—ұйытқысы» деуші еді бұрынғылар. Арман-тілегіңді айт, айтсаң, арылтып айт!—дейді.
Абылай Жәнібектің жанкешті ерлігіне ерекше сүйсінеді. Екінің бірінде бола бермейтін бұндай ерлікті көргенде тамам қолды жинап, топ алдында жар салып, батырды мадақтау хандардың ежелгі салты ғой. Әрі ержүрек қолбасы, әрі өз заманының зерделі саясатшысы Абылайдың батырларды жұрт алдында дәріптеуі тікелей өз жан дүниесінің сүйініші болса, тағы бір жақтан тұрақты жасағы жоқ көшпенді елдің хандары қажетті жасақты әр рудан жинатып алып, жәйшылықта таратып жіберіп отыратын. Бұл жұмысты Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Өтеген секілді батырларға сүйеніп істейтін. Саны аз, салауаты үлкен осы азаматтар әр рудың алтын діңгегі ғана емес, ел билеген Абылай хан ордасының да алтын діңгегі еді.
Бұланай мен Балқанның арасында кіндік кесіп, кір жуып, қай жерінің жазы шықса, сол жерді мекендеп келе жатқан халықты біріктіріп отыру тарихтың сабағы, жаугершілік заманның қысымы еді. Халықтың ішкі ала ауыздығы мен дау-шары да осы адамдардың кеңесімен бітетін. Сондықтан Абылай хан өз хандығын бекемдеу үшін Жәнібек секілді адамдарды іздеп тауып, қолға ұстайтын. Олардың ерлігін асырып, төрт құбылаға шашатын. Мынау ретте де бар санаты мен қолбасы сардарының алдында жас батыр Жәнібектің аз ісін көптей көріп, мадақтап шығады.
Жас жігіттің ерлігі, Абылайдың оған көрсеткен сый-құрметі ертең-ақ жалпақ қазақ елінің түкпір-түкпіріне тарайды, мынау ерлік талай жастың ой-қиялын жебеп, жігерін ұштайды. Абылай хан сол үшін де азаматтың майдандағы абыройын асырып, барлық қолдың алдында жариялап, оның ата-мекенін қорғап көрсеткен ерлігін дәріптейді.
—Батырым,—дейді Абылай Жәнібектің аты-жөнін сұрап болғаннан кейін арқасына қағып,—үш тілегім бар дейсің, енді сол тілегіңді айт!
—Тақсыр,—дейді Жәнібек,—біз абақ керей деген ел едік, Ер Қосайдың елінде, Сарыарқаның белінде, Өр Алтайдың төрінде, қазаққа қорған боламын деп хан Шыңғыстың жолын кескен, сауытын жыртқан ел едік. Аман-айласы асқан Шыңғыс қапияда ханымызды қырып, иесіз қалған елімізді торғайдай тоздырып, шаңырағымызды шағып, ошағымызды сындырып, күл төккен топырағымыздан қуған. Сол тозғаннан қазірге дейін еңсе көтере алмай келеміз. Енді Сіздің заманыңызда ел қатарына кеп, оң тізеңізден орын алсақ дейміз.
Сонда зерделі жігітті байымдаған Абылай хан:
—Сендей ер туған елге оң тізесінен орын бермеген ханда әділдік бола ма? Тағы бір тілегінді айт!—дейді.
—Абақ деген елім деп оң тізеңізден орын бергеніңіз рас болса, сарбазымызды жиып, сардарымызды сайласам деймін. Найзамды өткір қайрап, жау алдында ойнатсам деймін.
Абылай Жәнібекті арқаға қағып, ел бастайтын ер азаматтың сөзіне сүйініш білдіріп:
—Тілегің Алла алдында қабыл болсын! Үшінші тілегіңді айт!—дейді.
—Еліміз абақ ежелден желбіретіп ту сайлап, желіктіріп қол сайлаған қордалы ел едік. Енді өз құзырыңызда сардар сайлап, жасақ жабдағанда түсер төбемізге, шығар тауымызға қадайтын туымды белгілеп беріңіз,—дейді Жәнібек. Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қаратамақ найзаға сапталған ені төс жара, қызыл сары жібек шашақты қытайы ақ торғыннан жасалған үлкен туды ұсынады.
Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жамылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Абақ керей: «Тар жол, тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те Жәнібектің алдынан кесе өтпейміз!»—деп ант береді.