Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы (1-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
Жәнібек өтміштегі тар жол, тайғақ кешірмелерін былай еске алады екен:
1. Майдандасып жау түсіруді ерлігім деп санаймын, қаптаған жаумен шайқассаң, өткір найзаның ұшымен, тұлпар аттың күшімен, қайратыңа әдіс-амалыңды қосып жеңесің. Сен оны алмасаң, ол сені алады. Талай-талай қан майданды басымнан кешірдім, тар жол, тайғақ кезеңдерден өттім, майданда жау түсірмей қайтқан жерім жоқ, оның қайбірін ерлікке санарсың. Бірақ өмірімде қапияда кезігіп, қас-қағымның арасында өткен үш түрлі жағдайға тап болдым. Сонда менің жүрегім түршігіп көрмеді. Кейбіреулер қорқамыз дейді екен, мен қорқудың не екенін білген жан емеспін, Алла берген жанды Алла өзі алады, басқа біреудің алуы мүмкін емес деп сенемін.
Соғыста жеңілгенің—ақыл-айла мен күшіңнің кемдігі, соғыста жеңгенің—сол екеуінің артықтығы. Ал күтпеген жерде жаныңа қысым келгенде қабағыңды шытпай, қалт ойлап, қапысын тапсаң, ерлік, жүректілік деген сол.
Жас кезім, жылқы табынында жүріп таң қараңғысында көз іліндіріп алайын деп тоқымымды төсеп, ерімді жастанып, шылбырымды жамбасыма басып, көйлектің омырау түймесін ағытып, кеудемді самалға ашып, көк шалғынды қолатта жатып қалдым.
Бір кезде мұздай суық бір нәрсе кеудемді басып келе жатқанынан ояна келсем, жылан екен. Оянғанда қозғалып кетсем керек, жылан ысылдап иегімнің астынан аузыма қарай өрмелеп тілін жалаңдатты. Шағып алар ма екен деп сескенбедім. Аузымды ашып, демімді ішіме қарай тарта бердім. Екі көзім жыланның қимылында, оның басы аузыма кіре бергенде тісіммен қыршып түкіріп жібердім, сонда тісім мұздай болып кетті. Бірақ сескенбедім. Осы оқиғаны естіген нағашым: «Жігіттің ерлігі—байсалдылығы»,—деп мені мақтаған еді.
2. Ел алдына түсіп, ер қатарына қосылып қалған кезімде, «ел шетінде жау жатыр, жолдастасып бірге барып, соны алайық» деп Қабанбай батыр шақыртыпты. Ара қонып Қабекеңнің ауылына жетіп, сәлем беріп үйге кіргенімде, сәлемді Қабекеңнен бұрын Бөгенбай батыр алды. Үйде екеуі ғана екен, жиған қолдары, жау-жарағы көрінбейді. Кешкі аста отырғанда Бөгенбай жай бір ғана:
—Жау жанынан бөлініп шығып, өз бетімен қол жинаған бір қарақшы екі елдің тыныштығын кетіріп, малын айдап, қызқатындарын олжалап, маза алып тұр,—деді.
Мен көп сөйлемей:
—Ел алаңсыз болғаны жақсы еді,—дедім.
Ертеңінде үшеуміз бір жол бастаушы алып жүріп кеттік. Бірер күнде ел шетіне іліндік. Қарақшылардан зәбір көрген ел зар жылап, көк етегін көл қып көз жасын төкті. Қарақшылар ойда жоқта жәйін жатқан елге басып кіріп, малын қуып, адамын олжалап, қарсыласқан ер азаматты өлтіріп, ойына келгенін істеп жүріпті. Қарақшылардың жүгенсіз қылықтарын естіп, халықтың көз жасын көрген сайын қаным қайнап, аласаттым. Жауға таяған сайын жүрісіміз ширай түсті. Олардың апанын анық білетін жол бастаушымыз төтелеп бастап, нелер құлама құз, ақпа қорым, жыныс ормандардан өтіп, бізді таң бозында олардың тақ желкесінен түсірді.
Қарақшылар бір үлкен қолатты алып, ақбоз үйлерді тігіп тастап жатыр екен. Шамасы жортуылдан түнде ғана келсе керек, аттары түюлі, түйелері қомдаулы, тоғанақты теңдері жиылмаған.
«Қанша халықты зар илетті екен» деген ой басыма найзағайдай соғылғанда, атымды ұрып жіберіп Қабанбай мен Бөгенбайдың алдына көлденендеп тұра қалғанымды өзім де білмей қалыппын. Менің шыға келгенімен рұқсат сұрағанымды айтқызбай таныған екеуі жарыса:
—Балақай, жолың болсын!—десті. Бұрылып жүре бергенімде олар: «Жол бойындағы халықтың мұң-наласы ширықтырып келе жатыр еді, жолы болар-ақ!—десті.
Дұспан да болса «қапы кеттім» демесін деп, ортасына ұран салып кірдім. Олардың тұшты ұйқысын менің күшті даусым шайдай ашты. Топ-топ болып үйлерден шығып, аттарын шешіп жатыр. Назарым ортадағы ақ үйде, содан шыққан бес адамның артқысы зор денелі біреу киіз есікті иығымен көтере ашып, нығыз басып маған қарай кірпікті қысық көзімен бағып келеді. Үстінде сауыт-сайман, үстінен жамылған үлкен сары жібек шапан. Шапанның етегі шалғынға сүйретіліп, шұбалаң қағады. Жас мөлшері қырыққа еркін ілінбеген, селеу сақалды, тайқы маңдайлы, бүйрек бетті, дүрдиген ерінді адам екен. Дәл ернінің үстін түйреген найза табынан қалған тыртықты анадайдан айырдым. Жолбарыстың мұртындай бес тал мұрты тіп-тік болып шашырап тұр. Оның сетілген танауынан келекенің күлкісі байқалғандай болды.