Жидебай батыр (2-бөлім)
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Сүт пісіргенде, алтауының алдына алты аяқ, алтауының қолында алты қасық, бас-басына бөлек-бөлек көбік қалқып құйып береді де: «Мынаны жалай отырыңдар»,—дейді екен. Ал Жидебайдың қолына тезек салған шанаш қапты беріп: «Отты қарай отыр»,—деп нұқып, түртіп қояды екен. Жидебайдың құлағы жеті-сегіз жасқа жеткенде еститін болыпты. Бір күні Жидебайды бабасы Дос батыр түсіне кіріп оятады: «Қаракерей Қабанбай батыр бүгін түнде Алмұртбайдікіне қонып жатыр. Балам, барып Қаракерей Қабанбайдан бата алып кел»,— дейді. Түсінде сөйтіп Жидебай тұра келіп, үстінде жаға-жеңі далба-дұлба боз көйлек, Қабанбай батырды іздеп құстай ұшып келе жатса, Қабанбай батыр жаңа ғана аттанып кетіп бара жатыр екен. Әуелі алыстан немене екенін де айыра алмады. Еліктей ұшып келе жатқан бала екенін таныған соң, батыр тоқтап тұра қалды. Көп кісімен жорыққа кетіп барады екен. Бала жетіп келіп: «Ассалаумағалайкум!» деп сәлем берді. «Уағалайкумассалам, жолың болсын, сәлемші балам! Қайда барасың?»—деді батыр.
—Атыңыз шыққан атамыз едің, бата алып қалайын деп едім!—деді бала.
—Бата-сата не береді дейсің, төрт алма жайым бар еді, біреуін саған бердім, ал, балам!—деп жүре береді. Сөйтіп төрт алма жайының бірі—«қызыл түлкі» деген болады екен, батыр сонысын беріп кеткен екен.
Абылай үш жүздің бүкіл қазаққа хан болған күнінде Әлтеке, Сары, Жидебай атақты батыр аталып, Абылай ханға қолбасшы болған екен. Бір жаққа аттанарда, қосын жүргізерде Үйсіннен алған шабдар атты алғызып, Әлтеке, Сарым, Жидебай батырға мінгізеді екен. Жидебайға айсыз қараңғы түн тал түстей, боран-судан ашық күндей, жан таба алмаған жерді көріп қойғандай екен. Біреудің пышақ-шақпағы далада келе жатқанда, бір жерде қалып қойса, айсыз қараңғы түнде болса да, жауын-шашын, боран болса да, жүріп келе жатып найзасын тіреп тұрып қалып: «Ал, осы жерден түсіп қарай ғой»,— дейді екен. Қалдырған адам жайлап тауып алады екен. «Сен осыны қалай табасын?» дегенде, ханға сырын айтпайды екен. Жалғыз-ақ Абылай хан айтып жүреді екен: «Осының қызыл түлкісі бар»—деп. Сол адам аңдып жүріп, қарауылда жүрген жерінде, ұйықтап жатқан, ақырын басып барып қараса, өңірінің астында, төсінің үстінде жатқан қызыл түлкіні көріп қалады. Түлкі жалт қарағанда, үрейі ұшып қаша жөнеледі. Ханға келіп көргенін айтады. Көргені бар болсын, көзінен айырылады.
Жидебай батыр жеті қатын алған, жасы жүз беске келіп өлген. Алатау жақта, дәл қай жақта екені белгісіз. Адам таба алмайтын елеусіз жерде бір старшын ел жаудан, жұттан есен-аман жатады екен. Сол елді Жидебай тауып, шауып алыпты. Сол елде бір Сарықожа дейтін қожа бар екен. Бұл жерді ешкім көрмеген жер. Өмір бойы адам таба алмайтын-ақ жер еді. «Дәуде болса көзі ағарғыр Жидебай, қор болғыр Жидебай ғой!»—деген екен. Сол Сарықожаның аузынан шыққан лепесі қабыл болып, Жидебай көзден ерте айрылыпты. Барып қожаның аяғына жығылған екен, болмапты. «Ауыздан шыққан түкірік, қайтып жұтса—макроп» деген, ауыздан шыққан соң болмайды»,—деген екен. Әлтеке, Сарым, Жидебай тамы Қарқаралы сыртындағы Қызылтау деген тауды басып ағатұғын Нұра өзенінің бойында, Мәшрүп күңнің моласының қасында. Осы Мәшрүп өзі күң, көп ұлтқа мазар басы болып аты аталып қалған.