Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы (3-бөлім)
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
—Бұл сұлу әйел ханның қызы ма, әлде жесірі ме онысын біле алмадым, әйтеуір осы батыр жігітпен көңіл қосыпты, сол себепті хан ашық жазалай алмай, орда төңірегінен жылжытып жіберіпті. Ол өзіне қарасты әскерін бастап, осы әйелді жапан дүзге алып шығып кетіпті. Хан әскері қуа келіп соғысып бұны ала алмапты,—деді жол бастаушы.
—Біз сенің білегіңді бір көрсетіп қоя берейік деген едік,— деді Бөкең сөзін жалғап,—себебі мынау тірі кетсе, Жоңғар хандығы екі ұдай болып тозғындай берер еді. Бірақ мынау тірі кетпейді. Менің адам танитыным рас болса, оның жаңағы әйелін ала жөнелгендегі бейнесі өлім есірігі басқан кісінің кейпіне ұқсайды. Ендігі өліп те болған шығар-ау!
Осыдан кейін біз бір-бірімізбен сөз байласқан адамдай әлгі тұлпардың ізімен жүріп кеттік. Көп ұзамай олардың өліп жатқанын бір жартастың басында тұрып көрдік. Олар жартастың ұшпа жеріне бір келіп (тегі жатын орындарын көрсе керек), атты қыздырып айнала шауып, жартастан қарғытып кетіпті. Батырдың бір қолы атының тізгінінен айырылмапты да, әйел батырдың мойнынан құшақтаған беті түсіпті. Талай-талай соғыста болғаныммен, осы батырдың өзін-өзі өлтіруі мені көбінде ойландыра береді. «Халқынан айырылған қан құсады» деген осы болар.
3. Жиырманың жуан ортасына келіп батыр атағым жұртқа таралып, ел басқарып, қол бастап, жұрт ағасы болып қалған кезімде қайныма ұрын бардым. Қайын жұртым аса бай ауылдар еді. Үлкен көгал жазыққа тойға бола топтала қоныпты. Бізді бастап келе жатқан ел жағымыздың үлкендері әлгі ауылдарға таяй бере іркілмей жүріп кетті де, екі жолдасыммен мені қарсы ала шығатын жеңге, балдыздарды күтіп тұруға бұйырды. Бір кезде ақ шылауышты жеңгелер мен қызылды-жасылды киінген қыздар ауылдан бізге қарай жүрді. Сонда: «Алысатын жау емес, айтысатын дау емес, мыналар нені сұрап, мен не айтармын?» —деп көрген жолдасымнан сұрай берсем керек. Жолдасым:
—Бәрекелді, Жәнібек, жарақты жауға шабарда ақыл салмағанда, мына елдің қыз-қатындарының жүзін көрмей, қарасынан-ақ ықтай бердің ғой,—деді.
—Бәлі, жігітім, олар төбесін көрсетпей жатып-ақ бізді аттан түсірмеді ме, қамалы берік алып батырың, алдырмас шешенің дәл осылар болмағай?!—дегенімде, жолдасым күліп:
—Бұл да ер азаматтың бір кешуі. Ер азаматтың туада нағашы жұрты, ата жұрты дейтін екі жұрты болса, қайын жұрты өсе келе, жүре келе өзі тауып алатын жұрты емес пе?—деді.
Елден ерекше мен мұндалап, шошақ төбелі, үкілі тымақ киіп мен тұрмын. Менің жел шықпаса, басқа жан жықпаған тұлпарыма екі-үш бала мінгесе ойқастата жөнелді.
Жаңағы теңге-моншағы сылдырап келген жеңгелер бізді ақбоз отауға бастап кіріп, шымылдығы құрулы қайқыбас төсек алдына әкеліп отырғызды да, екі жолдасымды менен бөліп, төр алдына алып кетті. Әзіл-қалжыңға өткір, ашық-жарқын жеңгелер де, аз сөйлесе де, ақырын сөйлесе де, ұтып сөйлейтін зейінді бойжеткендер де бар екен. Бұлар қан майдандағы батырлықтан арман сынайды, сынағанда да қандай, сенің дәп бір әлсіз жеріңді ұтылап тиіседі. Қалжың шіркін бұндайда ығына келіп, жараса беретін көрінеді. Бірі сенің жүзіңді көргісі келіп тымағыңды шалқайтып кигізіп кетсе, бірі: «қасқаюын батырдың, мынауың жоңғардың майданы емес, құдайдан атаңның ауылы» деп еңкейтіп, қайтадан нұқи кигізіп кетеді. Біреуінің қабырғасынан мытып қалайын десең, ол майдандағы батырдың білектей қабырғасы емес, қатты тиіп, қате кете ме деп және қорынасың, сен қорынған сайын олар басынады, күледі, ішек сілесі қатқанша күледі. Үлкендерді де өздеріне еліктіріп қоса күлгізеді. Ыза болайын десең, олар қандай байқағыш, үшеу-төртеуі бас қоса қалып: «Қой деймін, Жамал, батыр атқа мініп ұран салып шығып кетпесін»,—деп қитығыңа тие, одан сайын сыңғырлай күледі. Ақыры осылар жеңбей қоймайды. Иілдірмей, тізе бүктірмей, шаршатпай тынбайды. Өмірімде қысылып-қымтырылып, адам еркіне көнген бір кезім сол екен. Үлкенсимін дегенмен, үлкенси алмайсың. Өйткені ата салты бәрінен үлкен. Оған халықтан басқаның дәрмені жетпейді.