Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шақшақ Жәнібек батыр (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

—Атыңнын басын бұрма, солай тұр! Мінезімнің қиястығынан бір ауыз сөзбен көңіліңді қайтардым. «Өгізді өрге салма— қанатың талар, жаманға жүзің салма—сағың сынар» деген осы. Қырсық шалдың басқасынан бас тартсаң да, осы ақылын есіңе тұт!—депті.

Бұл сапарынан Жәнібек ауылына түлеп оралады. Жүрген сапары жайлы айтқан жүйелі әңгімесін, дана қарттардың баға жеткісіз лебіздерін естіген әкесі Қошқар батырдың да көңілі өседі. Ол ұлын ертіп, сол жылы көктемде Қарақұмға сауын айтып, шақырылған үш жүздің ру басылары жиналған төбе жиынға келеді. Бас қосуға қазақтың бар игі жақсылары келген. Дүйім қазақты бір шаңырақтың астына ұстаған әз Тәуке, аттары аңызға айналған билер Төле, Қазыбек, Әйтеке, жауға жасындай тиген батырлар Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбай—бәрі осында. Әсіресе, осы жиын барысында басқа батырлардан сәл егделеу Бөгенбай жұрттың бәрінің жүрегін жаулап алғандай. Ол өзгені сөзімен де, ісімен де ерте алатын батыр екен. Халық кегін кестелі тілмен жеткізіп, жоңғарға шешуші соққы беретін кезең туғанын ұғындыра білді. Жиналғандарды ұйытқаны соншалық—басқа жұртқа сөйлейтін сөз де қалмағандай, көпшілігі бас изеумен отырды. Сол жиында жоңғарларға қарсы кең көлемді жорықты тез арада бастау ұйғарылды. Біріккен жасаққа қолбасшы болу Қанжығалы Бөгенбайға тапсырылды...

Сол жақтағы үлкен бір қолды Қабанбай батыр басқарды. Он жеті жасар Жәнібек осы қолға қосылды. Он сегізінші ғасырдағы қазақ батырларының ішіндегі ең айтулылары саналатын үшеуінің бірге аттанған тұңғыш жорығы осылай басталды. Алда ерлік жолдары күтіп тұрған еді. Мұнан кейін ақындар мен жыраулар бұл үшеуінің жұптарын жазбай жырлайтын болды.

Россиядан қашқан торғауыттарды қуған қазақтар дем алуға тоқтайды. Өздерінің жол бақырларына кептірілген жылқы етін асады, жанторсықтарынан су құйып, құрт езеді, қысқасы ертеңгі ас-суларын әзірлеп, тамақтанып жатады. Бір шатырда Абылай, екіншісінде тәкәппарлығымен мәлім Шақшақ Жәнібек батыр отырады. Батыр қаннен қаперсіз шылым тарта бастағанда, бір қазақ жігіті қасына келіп: «Жәнібек батыр, темекі түтігіңізді бері беріңіз» деп ат үстінен қол созады.

Жәнібек бұған назар аудармағансып, әрі жақтырмағанын сездіріп түтіктегі темекіні өкшесіне қағып, асықпай қалтасына салып қояды. Хан мен батыр кешікпей атқа қонады, әр ру өз туларының астына сапқа тұрады.

Дұшпанның күшін анықтау үшін: «барлауға кім барады?»— дегенде, манағы түтік сұрайтын жас жігіт бірінші болып шығады. Барлаудан келген соң Жәнібек:

—Жау көп пе екен?—деп сұрағанда манағы жігіт:

—Қорқаққа көп, батырға аз,—деп жауап береді.

Соғыс басталады, қалмақ қолы он мыңдай адам екен. Қазақтар ойсырай шығынға ұшырайды, ақырында қаша жөнеледі. Жаудың алдында астында түндей қара аты бар ұзын бойлы қалмақ қазақ қатарына кіріп, бірнеше кісіні аттан түсіреді. Осы топтың ортасында келе жатқан Жәнібек: «Апыр-ай, мына сұмырайды құртатын бір қазақ тумаған екен-ау!»—дейді дауыстап. Сонда манағы жігіт топтан суырылып шығып, артқа жалт бұрылып, садағын толғап қалады. Қалмақ теңселіп барып, аттан құлап түседі.

Ту көтерген қалмақтың құлауы дұшпанның үрейін ұшырады. Қазақтар осыны пайдаланып, қайырыла соғады. Сөйтіп, жеңісті жаудан тартып алады. Сонда ғана түтінін қайыра тұтатқан Жәнібек Тархан жас батырды өзіне шақырып:

—Батыр, міне, шылым тартатын уақыт енді болды,—деп түтігін ұсынады. Тарақты Байғозы батырлық жолын осылай бастайды және сол уақыттан оның аты жұртқа мәлім болады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз