Сыздық сұлтан
Тарихи аңыздар · 2 мин оқу
Сыздық сұлтан Кенесарыдан да асқан батыр болған екен. Абылай бабамыздың шашты диуанасы Кенесарыға да, басқаға да көрінбей, тек Сыздыққа ғана көрінеді екен. Сыздық отырғанда малдас құрмай, шарт жүгініп отыратын, ұйқысы келсе тізесінің үстіне жастық қойып маңдайын басып ұйықтайтын көрінеді. Дін жолына берілген тақуа, аруақты адам болған, сондықтан ел оны «Сопы атам» деп атайды екен.
Бес жасар ұлы Сыздықты Кенесары шақырып алып, көзінше алмас кездіктің ұшын жоғары қаратып көміп, оған: «Батыр болсаң жүгіріп келіп, мына өткір кездіктің үстіне кеудеңді төсей құла», - дейді. Алғашында бала көзінде сәл сескенгендік байқалғанымен, артынша келісім береді. Сыздық көзден таса болғанда-ақ Кенесары асқан ептілікпен кездікті суырып алады да орнын қайта томпайтып қояды. Ал Сыздық болса ағызып келген бойда кеудесін тосып құлай кетеді. Кенесары баласының ерлігіне риза болғанын жасыра алмай, тек маңдайынан бір-екі мәрте ғана сипайды.
Шоқан Сыздыққа: «От қарулы Шоқан және Сыздық.
орыстармен қоқан қолын басқарып соғысып жатқанын Абылай атамыз сияқты соғыс-айла тәсілін жетік білетін сайыпқыран көкжал батырлығыңа сүйсінсем де, істің артын насырға шабатынына көзім жетіп қынжыламын. Бұл соғыс – сойыл, шоқпар, найза соғысы емес, сенің батырлығың, көптігің бір зеңбіректің аузына сыйып кетеді. Кеше Түркістанда көрдің, он мың қоқан бір оқ атпай тым-тырақай, тоз-тоз болып қашты. Тілімді алсаң ағаң Тайшық, інің Ахмет сияқты орыстармен тыныш өмір сүргенің дұрыс болар еді» деген Шоқанның кеңесін жөн көрсе де, Сыздық сұлтан: «Төрімді шаңдатып, елімді шулатып жәбір көрсеткен қара жүрек қаныпезер кәпірлердің мұндай әрекетін көріп тұрып, қалай төземін. Жеңілетініме көзім жетсе де, кек алып өлсем о дүниеде тыныш жататын секілдімін», - депті.
Сыздық – томаға тұйық, салқын қанды, сөзге сараң қаталдау кісі еді. Ол жалпы адамға жауап бере бермейтін, тек немере інісі Шәдімен ғана ашық сөйлесетін кісі еді дейді. «Сыздық ата, әкеңіз Кенесары жиырма жыл, өзіңіз он жыл соғысқан орыс патшасы сізге жаза қолданбай тілегіңізді беруі қалай?» - деп сұраған Шәдіге Сыздық: “Орыс патшасы алды-артын бірдей ойлайтын зымиян халық. Ата-бабамыздан өзімізге дейін ұрпақтан-ұрпаққа хандық құрғанымызды, елімізге бедел ықпалымыздың барын біледі. Елімізді отар етіп билеу үшін біздің тыныштығымызды көздеп отыр. Сол себепті мен не тілек айтсам да, орындауға мәжбүр болып тұр. Мен Бұхарадағы бала-шағамды алдырып беруді, Кенесары ұрпақтарынан алым-салық алмауды, өзіме қоныс жайлау етуге Шілік бойын беруді сұрадым. Неге шөл даланы сұрадың десең, «Сулы жер – нулы жер» нулы жерді орыс алмай қоймайды. Кәпірдің дидарын көрмей өлейін деп әдейі таңдадым», - деген екен.