Қасым сұлтан және Кенесары туралы аңыздар
Тарихи аңыздар · 3 мин оқу
«Қоңыраттың ішінде Саңғылдан тарайтын Құрымбай деген датқа сондай бір шешен, дана, халқына құрметті кісі екен. Өзі пайғамбар жасқа келген кезі болса керек. Елі түгіл, қоқандардың өзі сыйлайтын адам екен. Кенесары екі ағасы Есенгелді мен Саржанның кегін алмақ ниетпен Құрымбай датқаға барып: «Уа, ақсақал, мына қоқандықтардың бірі келіп, бірі кетіп, қоқаңдап мазамызды алып барады. Бір тәртіп болсын да, алар салығын бізбен ақылдасып әр рубасынан алып тұрсын, сондай бір мәмілеге келейік. Ол үшін біз оларды басшысымен қосып қонақ етейік. Мен үй тігіп күтейін, сіз тарту-таралғысын апарып шақырып келсеңіз», - дейді. Құрымбай мұның жөн екен деп, келісім беріп, қоқанға аттанады. Бұлар Шу өзенінің бойындағы Ескіқала деген жерде күтетін болады. Кенесарының Бопай деген апасы ел билеген ақылды адам екен. Бопаймен ақылдасып Кенесары алты үй тігеді. Алты үйді біріне-бірін жалғастырып, қосақтап ең түкпіргі алтыншы үйдің жарымын Шу өзеніне тақап, жарға асыра тігеді. Әр үйдің кірер есігін пердемен бөліп қояды. Түкпірге үйге баскесерін қойып: «Келген адамдардың аузын басып, бауыздап тастай бер», - деп бұйрық береді. Немере інісі Бопының баласы Әбілғазыға іштеріне қару жасырған бес-алты жігітімен келген қонақтардың нөкерлерін өлтіруді тапсырады. Айтқандай Құрымбай датқа өзінің қонақтарымен келе жатқанынан хабар салып, шабарман жібереді. Олар келгенде Кенесары мен апасы Бопай қоқандықтардың басшыларын аса құрметпен қарсы алып, жеке-жеке жетектеп апарып түпкі үйде қырып салады. Нөкерлерін де жайбарақат отырған жерінен астыртын ұйымдастырған әрекетімен Әбілғазы бастаған жігіттер қан жоса қылады. Мұны көріп шошыған Құрымбай датқа: «Ай, тақсыр ханым-ай, мені масқара еттің ғой. Бұларды қырған сен емес, алдап шақырып өлтірген айыпкер мен болдым ғой, мені де өлтір! « - деп айтты дейді. Сонда Кенесары хан Құрымбай датқаның қолтығынан сүйеп тұрып: «Бауырым, мен бұлай істемейін десем, сіз бармас едіңіз, қоқандықтар келмес еді. Қайтейін, сізді алдап осылай амал қылуға басқа шарам қалмады. Мен мұны өзім үшін емес, халқымның, елімнің кегі үшін істеген едім. Сіз қам жемеңіз, менімен бірге көшесіз. Мен қай жерде болсам да төрімдегі құрметті адамымсыз әрі ақылшым боласыз» дегенде, Құрымбай датқа басын шайқап: «Ай қайдам, енді пайғамбар жасқа келгенде туған елімді, жерімді тастап, бір жанымды сағаттап қалай кетем, не де болса тәуекел, Алланың басқа салғанын көремін де» деген екен. Бірақ қоқандықтар ақиқатына жетіп, ол кісіге ешқандай кінә артпаған екен.
Қасым ханның соңғы күндері. Қасымды ел туғанда қолына қан шемгелдеп туған ұл деп аңыз қылады екен. Сондай қатыгез, қатал адам болған. Өзі Абылайдан, нағашысы Қалдан ханнан тарағандықтан болар. Қасым ханның батырлығы көп аңыз боп тараған. 1824 жылы үлкен баласы Саржан жігіт боп қалған кезі екен. Қасым бас болып орыстардан ығысып көшеді. Ол кездегі қазақтың биболыстарынан ешқандай қолдау болмайды. Қасым жалғыз қалғасын арғын, уақ, керейден мыңдаған елді Шу бойына көшіріп келеді. Шу бойына келгенде қоқандар бұлардан сескеніп: «Ох, қанды қол нағыз Абылайдың ұрпағы келді. Енді бұлар бізге елді билетпейтін болды, мұның көзін құрту керек болды дейді. Содан Қасым төрт түліктен мал айдап әкесі Абылайға ас беремін деп Түркістанға келеді. Ас беріп қайтарда қоқандар Қасымға қошемет көрсетіп, шығарында атының үзеңгісіне у жағып өлтірген дейді.