Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Әмір Темір

Тарихи аңыздар · 3 мин оқу

“Сәтемір жеті” жасар күнінде атасынан жетім қалыпты. Күндердің бір күнінде Сәтемір далада ойнап жүріп бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жатса бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне өрмелеп барады да, орта шеніне барғанда құлап түседі. Тұра сала тағы өрмелейді, манағыдан гөрі жоғарырақ барғанда тағы құлап түседі. Үшінші рет құмырсқа және тырысады. Ақырғы күшін салып қисая-мисая барып тамның төбесіне шығып кетеді. Мұны көріп Сәтемір ойға қалады.

Құдай тағаланың жаратқан барлық жан-жануарларының ең кішкентайы құмырсқа екеш құмырсқа да жұмыс істеп жүр, өзі ақсақ, бір тырмысып, екі тырмысып, тырысып, сонда да тынбай, ақыры мұратына жетті. Мұны көріп отырып менің де тамақ іздемей, жұмыссыз ойнап жүргенім ақылсыздық екен деп ойнын тастап қалаға барады. Қалада зор оқымысты молда (ғалым) бар екен, соған үй сыпыруға жалданып, ақысына оқу оқыпты-мыс. Ақырында сол Сәтемір асқан данышпан, айдай әлемге патша болған.

Тарағай би түсінде көзге түрткісіз белгісіз қап-қараңғы түнде бір жартастың төбесіне шығып тұрады. Сол кезде оған қаз мойын, қамыс құлақ ақбоз атқа мінген ақ сәлделі, ақ шапанды, ақ сақалды бір қария келіп: “Тарағай балам, мен Қожа Ахмет Яссауи деген атаң боламын. Әдейі өзіңмен жолыққалы келдім, мына қылышты қасыңа алшы”, - деп Тарағай бидің қолына алмастан соғылған қылышты ұстатады.

– Ал енді қылышты оңды-солды сілте, - дейді қария. Тарағай қылышты оң қолына алып оңды-солды сілтей бастағаны сол-ақ екен қылыштың жүзінен шыққан от жалынға айналып, бүкіл төңіректі жап-жарық етіп жібереді. Тарағай би оянып кетіп түсін бір ғұламаға жорытады. Ғұлама:

– Шырағым, Тарағай, шаңырағыңа бақыт құсы келіп қонады. Көп ұзамай ұлды боласың. Ол әлемнің үстін жапқан қара бұлтты қуып, жер бетіне жарық орнатады. Жақын күндері дүниеге келетін сол перзентің жарты жаһанды өзі билейтін болады, - деп ақ батасын беріпті.

Бірде Әмір Темір кезекті бір жорықтан келе жатып қасындағы нөкерлерімен Түркістан түбіндегі бір ауылдың шетіндегі қараша үйге түседі. Үй иесі егде тартқан кемпір алдарына бидай көже қояды. Қарны ашып отырған Әмір Темір көжені аптығып іше бергенде аузы күйіп қалып: “Шеше, көжеңіз тым ыстық екен ғой”, - дегенде кемпір оған: “Балам-ау, неге асығасың, жауды шетінен, көжені бетінен алады дегенді білмейтін бе едің?” - депті. Жер жаһанға билік жүргізгісі келген Темір кемпірдің мына сөздерінде әскери өнерге де қатысты мән бар екен-ау деп ойланып қалған екен.

Әмір Темірдің ел билеп тұрған кезі. Орталық қаласы Самарқанд болып тұрған. Әмір Темір өте жауынгер болыпты. Бір жылда алты мемлекетті алыпты, ақырында түріктің қаласын алмақшы болыпты. Сұлтан Баязит деген кісіні тізе бүктіріпті. Соғыспай көп олжамен қайтыпты. Соғыспай қайтып келе жатқанда теңіздің жағасында балық аулап жүрген кедейдің он алты жасар баласын алып кетіпті.

Самарқанға келгеннен кейін үлкен той жасапты. Сол той жасап жатқан жерге жалаң аяқ, жалаң бас бір әйел келіпті.

Әмір Темірдің алдында тұрған уәзірлерге: “Мені босат, Әмір Темірге жолығатын шаруам бар, алыс жолдан келемін”, - депті. Әмір Темір бажылдап жүрген әйелдің даусын естіп: “Босат!” - деп уәзіріне әмір етіпті.

– Әмір Темір сіз боласыз ба? - депті әйел.

– Ия, мен боламын, - депті.

– Сен Әмір болсаң, маған тәжім ет, басыңды и!

Әмір Темір:

– Не үшін тәжім етемін? - депті.

– Жер жүзіне ғылым таратқан гректен шыққан Аристотельді тапқан кім?

– Ана!

– Құдайдан шыққан Мұхаммед пайғамбарды тапқан кім?

– Ана!

– Бір жылда алты мемлекетті өзіне бағындырған, 7-Сұлтан Баязитті тізе бүктірген кім?

– Мен!

Сені тапқан кім?

– Ана!

– Олай болса сол ананы құрметтеп тәжім ет!

Әмір Темір басын иеді. Сонан кейін жөн сұрайды.

– Сен кімсің?

– Мен сіз алып кеткен баланың анасымын!

Әмір Темір:

– Жолшыбай қиын-қыстау жерлер бар, жыртқыш аңдар бар, олардан қалай өттіңіз?

Ана қайсар қалпынан әміршіге тік қарап тұрып:

– Екі емшегім иіп, зар еңіреп жылап келе жатқанымда жыртқыш аңдар да, алла да рахым етті. Алты мемлекетті жеңіп отырған сіз де рахым етерсіз.

Әмір Темір данышпан әйелдің баласын беріп, көп олжамен еліне апарып салады.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз